Түркістан облысында тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта да облыстағы тұқымбақтардың аумағын кеңейту жоспарлануда. Осы орайда Түркістан қаласындағы «Жасыл аймақ» КММ-не қарасты тұқымбақтың қазіргі тыныс-тіршілігін өңірдің БАҚ өкілдері көзбен көріп, тұқымбақтың шаруашылығымен және өндіріліп жатқан көшет түрлерімен танысып қайтты.

25 түрлі көшет өсірілетін тұрақты орман тұқымбағының жалпы көлемі 100 га, уақытша тұқымбақ көлемі 20,0 га аумақты алып жатыр. Қазіргі таңға қолданыстағы жер көлемі 50 га құрап отыр. Оның ішінде қылқан жапырақты көшеттің 4 түрі (Тянь-шань шыршасы, қарағай, боз арша, жай арша,), жапырақты көшеттің 13 түрі (қарағаш, шаған, тұт, үйеңкі, акация, сәнағаш, айва, талшын, гледичия, шынар, өрік, айлант, сексеуіл), бұта тектес көшеттің 5 түрі (гибискус, аморфа, сирень, форзиция, сумах) өсірілуде.

Тұқымбақтағы мамандардың айтуынша, 2024 жылдың күз мезгілінде өңірдегі жасыл белдеу аумағындағы мәдени орман екпелерін толықтыру жұмыстарына орман тұқымбағынан жалпы 1 451 920 дана әр-түрлі ағаш көшеттері қазылды. Ал, қала, аудан орталықтарын көгалдандыру мақсатында 77 683 дана көшет берілді. Биыл көктем мезгілінде толықтыру жұмыстарына 188 500 дана ағаш көшеттері қазылып, орманшылықтарға таратылу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қала, аудан орталықтарына 17 000 дана ағаш көшеттері берілді және жоспарға сәйкес көшеттер беру жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі таңда 1 га аумақты көлеңкелеу, тамшылатып суару жүйесін орнату, 6 дана жылыжай салу, ауқымды су жинау бассейнін салу, жылыту қазандығын салу секілді заманауи тұқымбақ құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, орманшылар үйін салу жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орман қорында 2 млрд және елдімекендерде 15 млн ағаш егу туралы тапсырманы 2020 жылғы Жолдауында берген болатын. Осыған орай облыстың орман қоры жерлеріне 2021-2025 жылдары 110 мың гектарға 170,0 млн көшеттерін егу бойынша Экология министрлігімен Кешенді жоспары, елді мекендерге 1,5 млн. көшеттерді егу бойынша аймақтық жоспар келісіліп, бекітілген. Кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2023 жылдарда 51,6 мың гектар жерге, 78,0 млн. түп көшет егіліп, жоспар орындалды. 2024 жылы 27 500 га жерге – 43 149 түп, 2025 жылға 31 610 га жерге – 52 079 мың түп ағаш отырғызу жоспары орман қоры жерлерінде (Шардара, Отырар, Созақ, Жасыл аймақ) атқарылады.
«Түркістан-ақпарат».