Түркістандық Мейірлан – табандылығымен көзге түсіп, өз ісін адал еңбекпен дамытып келе жатқан жас кәсіпкер. Бір күні ол өз арманын іске асыру үшін кішігірім сауда-саттықпен айналысуды шешеді. Осылайша, алғаш рет көже сатумен айналыса бастаған. Оның тоқтамай, әрі қарай іздене отырып, жаңа мүмкіндіктерге адымдап басқан қадамын көріп, шын мәнінде табысты болу жас талғамайтынын түсіндім. Ол өз ісіне шын беріліп, тынбай жұмыс істеп, өнімдерін сатумен айналысып жүргенін көптен бері байқайтынмын.
«Мен дүкендерге попкорн өткіземін», – дейді Мейірлан. Алғашында, анасы пісірген көжесін баклажкаларға құйып, сыртынан қағаз орап, фирмалық өнім ретінде өткізіп жүрген екен. Оның айтуынша, анасының көжесінің дәмі – әлемде теңдесі жоқ. Сондықтан ол өз өніміне сенім артып, оның қалайда сәтті өтетініне күмәнданбаған. Мейірланның пікірінше, «өз ісіне деген сенімділік – адамның өмірінде алға қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауға жол ашатын күш». Бұл сөздерден оның кәсібіне сенімінің қаншалықты берік екенін, сондай-ақ еңбекке деген адал көзқарасын көруге болады. Жастардың бойындағы мұндай табандылық пен еңбекқорлық ерекше құнды. Олар тек өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, еліміздің экономикасына да маңызды үлес қосуда. Мейірлан қазіргі таңда, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Спорт және өнер факультетінің 3-курс студенті. Соған қарамастан, өз кәсібін дөңгелетіп, оқумен қатар алып жүр. Оның айтуынша, табысқа жету үшін еңбек пен мақсат бірлікте болуы тиіс, ал үнемі ізденіп, алға қойған мұратқа жету жолында адал еңбек ету маңызды.
«Жалпы, қазіргідей нарықтық заманда зіңгіттей жігіт бола тұра ата-анаға қол созуды ұят деп санаймын, сондықтан ең бастысы адамда ниет, жоспар болса, оны әрі қарай өзінің тынымсыз еңбегімен ұштастырса барлығы сәтті боларына сенімдімін» – дейді, жас кәсіпкер.
Ол бастапқыда көжені дүкендерге өткізіп жүріп, бір ғана өніммен шектелмей, ісін кеңейту жолын іздеген. Осылайша, ол алғашқы 6 мың теңгесіне 1 кг карамельді попкорн, 1 кг түрлі-түсті попкорн сатып алып, өнімін дамыту үшін жаңа қадамдарға барғанын айтады. Содан кейін 75 теңгеден 40 «дой пак» пакетін сатып алып, икемді герметикалық қаптаманы таңдап, өнімдерін жаңа бағытта сата бастаған. Өнімдерін 250 теңгеге бағалап, Бекзат мөлтек ауданындағы «Халық маркет» және «Халық сити» дүкендермен келісім жасасқан. Содан күніне 40 пакет өткізіп, 10 мың теңге пайда тауыпты. Осылайша, ол әрбір жаңа қадамды үлкен ынтамен және жауапкершілікпен іске асырып, күніне 100 данадан өткізіп тұруды жоспарлаған. Мейірланның ісін кеңейтудегі ізденісі мен еңбекқорлығы шын мәнінде көпке үлгі боларлық. Ол өз мақсаттарына жету үшін талмай еңбек етіп, қолында бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланғанын пайымдай аламыз.
Қазіргі заманда қажеттіліктердің саны артқан сайын ақшаның құнсыздануы да айқын сезіледі. Жастар мен студенттер үшін қыдыру, өз қалаулары бойынша өмір сүру – бұл да қалыпты жағдай. Бірақ ең бастысы, отбасына салмақ салмай, өз шығындарын өз күшімен көтеріп жүрген Мейірланның жолы шын мәнінде үлгі боларлық. Тіпті ол 80 мың теңгелік шәкіртақысын да қаптама заттарына жұмсап, өнімін одан әрі жақсартуды ойлайтынын айтады. Ал көжеден түскен пайданы міндетті түрде анасына өткізеді, себебі ол өз еңбегін бағалап, отбасының тұтастығын қадағалап жүреді. Сонымен қатар, көжеден түсетін пайдамен өз қажеттіліктерін өтеп, алдағы Наурыз айында қазақтың ұлттық тағамын сүйсініп ішетін тұтынушыны күтіп жүргенін айтады. Оның көжесі – тек отбасының табыс көзі ғана емес, сонымен қатар қазақтың дәстүрлі тағамдарының маусымдық сұранысын қамтамасыз ететін негізгі өнім.
Әңгімесінің соңында Мейірлан өз ісіне береке мен сәттілік тілеп, алға қойған мақсаттарына жетуге деген сенімін білдіреді. Оның еңбекқорлығымен, табандылығымен, отбасына деген қамқорлығымен баршаға үлгі боларлық нағыз жігіт екені сөзсіз.
Н. ИМАНҚҰЛОВА.