Жуырда киелі шаһарда шымылдығын түрген волейболдан ашық біріншілік мәресіне жетті. КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушы, Орта Азия және Қазақстан Республикасының волейболдан бірінші спорт шебері, даңқты волейболшы Октябрь Жарылқаповты еске алуға арналған турнирге 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер қатысты.
Айта кетейік, биылғы турнир Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың кәсіби шеберлігін танытуға мүмкіндік берді. Бірнеше күнге созылған дүбірлі доданың салтанатты марапаттау рәсіміне қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің әлеуметтік және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-ректоры Бекежан Мырзаев, сондай-ақ, ҚР құрметті спорт қайраткері, волейболдан жоғарғы ұлттық дәрежедегі төреші, осы жарыстың бас төрешісі Марат Божбанбаев қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша үздік үштік қатарында I орынды Қарағанды облысы, II орын Жамбыл облысының Байзақ ауданы, III орынды Қызылорда облысы, Шиелі ауданы қанжығасына байлады. Бұдан бөлек ерекше көзге түскен жас дарындар да марапатталды. Атап айтсақ, ұшпа доп ұшқырлары арасында Дәулетқұл Нұрасыл (Байзақ ауданы) «Үздік тосқауылшы» атанса, «Үздік ойыншы» – Әмір Дарын (Төлеби ауданы), «Үздік қорғаушы» – Тілеубек Диас (Қарағанды облысы), «Үздік шабуылшы» – Нұржанұлы Нұрасыл (Шиелі ауданы), «Үздік байланыстырушы» – Ерболұлы Дамир (Байзақ ауданы) деп танылды.
Биылғы бәсекенің тағы бір жаңалығы – жас спортшыларға үлкен мүмкіндік берілді. Жарыста ерекше көзге түскен волейболшыларға Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы-ректор Әлібек Шоқпаровтың атынан университет грантына жолдама табысталды. Бұл сертификатты Нұрислам Нұржанұлы, Қуатбек Дунганов, Ұлағат Әбдіғани және Нұрасыл Дәулетқұл иеленді.
«Түркістан-ақпарат».