ЕЛ БІРЛІГІ АРТА БЕРСІН!

670 көрілім

Құрметті түркістандықтар!

Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін – жүрекке жылулық ұялататын ерекше күн. Алғыс айту күні – бұл ең алдымен, тарихымызға құрмет көрсету, өткеннің өнегесін бағалау, болашаққа сеніммен қарау күні. Біз бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, әр ұлттың тілі мен мәдениетін сақтауға мүмкіндік алған бақытты елміз. Қазақстан халқының татулығы – біздің ең үлкен байлығымыз. Сондықтан осы достық пен ынтымақтың қадірін біліп, оны одан әрі нығайту – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Өткен ғасырда тағдырдың жазуымен түрлі халықтар өз еркінен тыс Қазақстан жеріне қоныс аударды. Сол бір ауыр кезеңдерде қазақ халқы өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, туғанындай қабылдады. Ашаршылық пен соғыс қиындықтарына қарамастан, мейірімділік пен адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Біз қазақ халқының сол кеңпейілділігі мен жанашырлығын ешқашан ұмытпаймыз.

Бұл мереке – бейбітшілік пен бірліктің, достық пен ынтымақтастықтың символы. Қазақстан халқы сан ғасырлар бойы татулық пен өзара құрмет қағидаттарын ұстанып келеді. Осы ұлы дәстүр бүгінде әрбір қазақстандықтың бойынан табылады. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірімен етене араласып, бір мүдде жолында еңбек етуде.

Алғыс айту күні – ең алдымен, тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этностарға қамқор болған қазақ халқына деген терең ризашылықтың белгісі. Тарихтың ауыр кезеңдерінде халқымыз өз жеріне келгендерді шеттетпей, олармен бір үзім нанын бөлісіп, бауырына басты. Бүгінгі таңда осы мейірім мен жанашырлық Қазақстанды нағыз бейбітшілік пен келісімнің үлгісіне айналдырды.

Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблея-сының 30 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Осы уақыт ішінде Ассамблея елдегі татулық пен тұрақтылықтың, мәдениеттер үндестігі мен қоғамдық келісімнің басты тірегіне айналды. Мемле-кетіміз әрбір этностың ұлттық болмысын сақтап, өз тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуына қолдау көрсетіп келеді. Бұл – еліміздің кемел болашағына бағытталған маңызды қадам.

Еліміздің ең басты құндылығы – бейбітшілік пен тұрақтылық. Біз әрдайым өзара түсіністік пен татулықты сақтап, бірлігімізді бекемдей түсуге тиіспіз. Осы орайда, кеңпейіл қазақ халқына, сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін! Сіздерге зор денсаулық, амандық және мол табыс тілеймін. Қазақстанымыз өсіп-өркендеп, бірлігіміз мәңгі жасай берсін!

Полат ХУРШЕТОВ,

Түркістан қалалық Түрік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы