КЕЙІПКЕРІ КІТАП БОЛҒАН БАЙҚАУ

749 көрілім

Жетісай ауданы, Атамекен ауылының орталығындағы №68 Жібек жолы орта мектебінің кеңес дәуірінде-ақ өзгелерден шоқтығы биік болатын. Үш қабатты, еңселі ғимаратты көршілес елді мекендерден келген қонақтар «Университетке келгендей боламыз» деп сипаттап, мақтауын асырып жататын.

Айтса айтқандай-ақ, 1980 жылы іргесі қаланған бұл оқу орнының көптеген өзге мектептерден артықшылығы болды, талапқа сай акт залы, спорт залын былай қойғанда, аумағында бірнеше спорт-жаттығу алаңдары, жайқалған сквер, алаңқайлары бар орда көзайым болған адамның көпке дейін есінен кетпейтін еді.

Айтарымыз бұл емес. Қазіргі күнде 700-ден аса оқушы білім алатын, жыл сайын 50-60 шамасында түлекті шығарып салатын білім ордасында шәкірттердің, ұстаздардың білімін, қабілетін сынайтын, шыңдайтын іс-шаралар жиі өтуде. Нәтижесінде, мектептен шыққан аудандық, облыстық түрлі жарыстар мен байқаулардың жүлдегері аз емес. Қазіргі уақытта Сырлыбай Бегімқұлов басшылық ететін аталмыш мектептің кітапханасында жақында сондай бір шара өтті. Ресми тілде айтар болсақ, Жетісай ауданының білім бөлімі, Түркістан облысы білім басқармасының 2024-2025 оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасымен «КіtapХАН» кітап оқу жобасы аясында педагогтар сайысы өтті. Шараның негізгі мақсаты оқырмандарды кітап оқу өнеріне, дүниетанымын кеңейтуге, білімдерін шыңдауға, көркем сөз байлығын кеңейтуге баулу.

Кітапхана меңгерушісі Бибінұр Байзақова мен кітапханашы Өмірхан Әлімқұлов ұйымдастырған сайыс төрт кезеңге бөлінді: бірінші кезеңі бойынша, қатысушылар өзі оқыған кітаптарынан түсінік айтты. Екінші кезең сұрақ, жауап сайысы. Үшінші кезең мақал-мәтелдерді жалғастыру (арнайы дайындалған көрнекілікпен). Төртінші кезеңде шығармадан үзінді айту. Осылайша кезең-кезеңімен өткен сайыстың бас жүлдесін Жапсар Абылайхан, I-орынды Сәрсенова Назира, II-орын Момбекова Салтанат, III-орын Бижанова Жанар иеленді. Сайыстың басты кейіпкері — кітап. Кітаптың алтын қазына екенін, кітап өзі ескіргенмен, сөзі ескірмейтінін дәлелдеу.

Бибінұр НАРБАЙҚЫЗЫ,

кітапханашы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы