ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

535 көрілім

Журналист – қоғамның қозғаушы күші. Жаңалықтың жаршысы. Бал жинаған арадай жыл он екі ай тыным таппай халық мүддесі үшін еңбек ететін жанкешті маман иесі. Ал, осы кәсіп иелерінің Алладан кейінгі пана іздеп «барар жері, басар тауы» – «Қазақстан Журналистер Одағы» атты қоғамдық ұйым, барша ақпарат құралын жұдырықтай жұмылдыратын өңірлердегі бөлімшесі. Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан облыстық Журналистер одағының жыл аяғындағы қорытынды жиналысы өтіп, оңтүстік өңірдің журналистер қауымы бас қосты. Күн тәртібіне үш өзекті мәселе қаралып, әріптестер тарапынан зор қолдау тапты.

Жиынға облыстық мәслихат депутаты, Түркістан облыстық Журналистер одағын бес жыл басқарып, еңбегін сіңірген қарымды қаламгер, үлкен жүректі азамат Ғалымжан Елшібай модераторлық етті.

Кіріспе сөз сөйлеп, ақпарат саласының бүгінгі жай-күйіне, өзі төрағалық еткен кезеңде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Бірінші мәселе бойынша Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының міндетін атқарушы Мәлік Дәулетовтың қорытындыланып отырған жыл ішінде атқарған жұмыстарына есебі, көшпелі мәжілістерден түйген ой-пікірлері тыңдалды. Екінші мәселе бойынша жас әріптестерімізге салтанатты жағдайда Қазақстан Журналистер Одағының мүшелік билеттері табыс етілді. Ал, үшінші, ең маңызды мәселе, Түркістан облыстық Журналистер одағына жаңа төраға сайланды. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев қатысып, сөз сөйледі. Журналистер қауымы тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерге татымды жауап беріп, назарға алғандарын қойын дәптеріне жазып отырды. Бұл күнгі ауқымды жиынға «Zoom» арқылы да бірнеше әріптестер қатысты. Өңірлердегі әкімшілік орындарының ішкі саясат басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, журналистер тіршілігіне көңіл бөлуі билік орындары тарапынан көрсетілген қолдау-көмектің белгісіндей жылы әсер қалдырды. Сол күнгі ауа-райының қолайсыздығына қарамай шалғай аудандардан ат терлетіп әріптестердің келуі де журналистер басқосуының қаншалықты маңызды екендігін білдірсе керек. Мінберге шығып сөз алған аға буын ардагерлердің, кейінгі толқын жастардың бәрінің де айтар ойы, келелі ой, ұтымды ұсынысы бір ғана мәселеге келіп сайды. Ол – бүгінгі таңда «өз сорпасында өзі қайнап», нарық заманының қиындығынан шығудың жолын қарастырып «қарманып» жатқан газеттердің мүшкіл халін қайткенде түзетуге болады? «Айлығы шайлығына жетпейтін» жалақымен жұмыс істеп жүрген журналистердің материалдық жағдайы, әлеуметтік саланың ешбір тобына кірмейтін қаламгер мәртебесін көтеру, жас кадрларды газет жұмысына тарту, оқырман арттыру, ғасырлық тарихы бар басылымдардың мерейтойы атаусыз қалуы сияқты жыл сайын айта-айта жауыр болған, бірақ «естір құлақ» жоқ, «баяғы жартас» күйінен тапжылмайтын мәселелердің шешімі қарастырылды.

Осы орайда өзімнің өмірлік тәжірибемнен түйген бір мәселені айтқым келеді. Қасиетті қаламды пір тұтып осы жолға бет бұрған адамдардың бірі емес, бәрінің «барға қанағат, жоққа салауат» айтып жүре беретін көнбістігі, жас баладай аңғалдығы, өмірдің болмашы қуанышынан ләззат алатын қанағатшылдығы, мамандықтарына деген көзсіз сүйіспеншілігі, «қара бастарының қамын күйттемей» халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтындығы. Шынымды айтайын, бүгінгі күнге дейін байып кеткен журналисті көрмеппін. «Өгіз өлмес, арба сынбас» тіршілік. Сонда да журналист өз мамандығына адал. Кәсібін тастамайды. Бұған қалай таңданбассыз! Қалай тәнті болмассыз! Демек, тегін адам журналист болмаса керек. Алла тағала «қасиетті қаламды» анау-мынау адамның қолына ұстатпаса керек! Жүрегі кең, пейілі ақ, елі мен жұртына, елі мен ұлтының тіліне, құндылығына жаны ашитын жандар ғана журналистиканы таңдайды. Міне, осы қасиетті қаламымен Түркістан жылнамасын жазып келе жатқан әріптестеріміздің арасында Түркістан облыстық Журналистер одағының төрағалығына бірауыздан сайланған Мәлік Дәулетов бауырымыз да бар. Жүздеген адамның басын қосып, бір арнаға топтастырып отырған қоғамдық ұйымға төраға болу да, басқару да оңай емес. Небір арқалы-әруақты, дуалы ауыз, кең жүріп, еркін сөйлеп қалған, бір қалып пен ережеге сыймайтын да, бағынбайтын да қаламгер-журналистердің бабын табу үшін де ерекше қажыр-қайрат, төзім, іскерлік керек. Журналистер қауымы осындай сенім биігінен көрінетін жан, Ғалымжан Елшібайдай ұлт әдебиеті-нің жанашыры салып кеткен сара жолды сәтті жалғастыратын, жастық жалынын да, мемлекеттік қызметте де, ақпарат саласында да жинақтаған тәжірибесі бар, табиғатынан құдай берген салиқалы, салмақты мінезі бар, істің көзін табатын Мәлік Жұмаханұлын лайықты деп танып, бірауыздан дауыс берді. Ақпарат саласының небір «тар жол, тайғақ кешуінен» өткен, атақты аттарына бекзат заттары сай Әбдімәлік Ағыбай, Маханбет Төлебеков сынды ардагер ағалар ақ баталарын берді. Ақ жол тіледі!

Сөз қорытындысында айтарымыз, су жаңа төраға Мәлік Дәулетовке көпшіліктің таңдауы бекерден-бекер түскен жоқ. Бұған дейін ол төраға міндетін атқара жүріп, Журналистер Одағының жұмысын жандандыру жолында едәуір жұмыс атқарды. Көзі қарақты, журналистика саласында жинаған мол тәжірибесі, ойға тоқып-түйгендері бар баспасөз майталмандарынан топталған топпен көшпелі мәжіліс өткізіп, облысымыздың 17 қала-аудандарын аралап, әріптес ағайындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Танысып қана қойған жоқ, туындаған мәселелердің шешімін табу жолында жергілікті билік орындарымен мәмілегерлік жұмыстар жүргізді. Мұндай әрекеттер нарық заманының тығырығына тірелген әріптестеріміздің бір-бірімен тәжірибе алмасуына жол ашты. Көңілдің түкпірінен бір жарық сәуле түскендей, іздеуші-жоқтаушысы бар баладай өңірдегі әріптестер бір серпіліп қалды.

Қоғамдасып жұмыс істеудің жолдарын ақылдасты. Бүгінгі төрағалық әріптестер сенімін ақтаған осындай көңілге қонымды қадамдардың, еселі еңбектің жемісі деп білеміз. Атақты Ақан сері бабамыз әйгілі Құлагерін «тіл- көзден» қорқып, бәйгеге қосқанға дейін жабулап ұстаған екен. Бүгін біз де төрт қақпалы Түркістанда туып, Сейдолла Садықов, Балтагүл Оспанова, Бекжігіт Сердәлі сынды журналистика абыздарынан білім алған, Түркістан топырағы баптаған, бүгінге дейін «сырт көзден» құпиялап сақтап келген жүйрігімізді, өзі де, жаны да сары алтындай жарқыраған «Сары баламызды» топқа қостық. Ақ жол, айналайын Мәлік бауырым! Жортқанда жолың болсын!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы