ЗАҒИП ЖӘНЕ НАШАР КӨРЕТІНДЕР ҮШІН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ШЕШІМ

557 көрілім

2014 жылы АҚШ-тағы Аризона штаттық университетін биомедициналық инженерия мамандығы бойынша үздік тәмамдаған Маралбек Зейнуллин, 2019 жылы Ұлыбританияның Глазго университетіне докторантураға оқуға түсіп, 2024 жылы өз докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ғылым докторы атанды. Оның ғылыми жетістіктері тек білім саласында ғана емес, әлеуметтік мәселелерге қатысты да ерекше назар аударады. Маралбек, Ұлыбританияда алған білімі мен тәжірибесін өз еліне, әсіресе көру қабілеті нашар жандарға жеткізу мақсатында Шымкент қаласына арнайы сапар жасады.

Шымкент қаласындағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана Маралбек Зейнуллинді жылы қабылдады. Ол бұл жерде өзінің революциялық жаңалығы – «TAURIS»  қосымшасын таныстыру үшін арнайы келді. TAURIS – көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған мобильді қосымша, оның басты мақсаты – тактильді графика арқылы білім беру тәсілін жақсарту.

Тактильді графика, яғни рельефті бейнелер, көру қабілеті бұзылған жандар үшін оқу және оқыту құралдарының бірі болып табылады. Бұл бейнелер көбінесе STEM (ғылым, технология, инженерия, және математика) саласында, бағыт-бағдар алу, географиялық карталар мен диаграммаларды түсіну үшін қолданылатын маңызды құралдар. Дегенмен, дәстүрлі тактильді графикада толық ақпараттың болмауы жиі кездеседі, бұл қосымша түсіндірмелерді немесе Брайль қарпінде жазылған аннотацияларды талап етеді.

Маралбек Зейнуллин мен оның командасы осы мәселені шешу үшін TAURIS қосымшасын жасап шықты. Бұл мобильді қосымша компьютерлік көру технологиясы мен тереңдетілген оқыту алгоритмдерін пайдаланып, тактильді графика бойымен саусақ ұштарының қозғалысын бақылайды. Қосымша пайдаланушы суретті немесе картаны зерттеген кезде, жүйе нақты уақыт режимінде олардың түрткен элементтері туралы аудио сипаттамалар ұсынады. Бұл өз кезегінде көру қабілеті нашар жандарға ақпаратты тез әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік береді. Осылайша, TAURIS қосымшасы адамдарға өздігінен және интерактивті түрде білім алу мүмкіндігін сыйлайды.

Маралбек Зейнуллиннің бұл жобаны жүзеге асырудағы басты мотивациясы – оның зағип және нашар көретін адамдармен жеке таныстығы мен олардың қиындықтарын түсінуінде жатыр. Маралбек көріп отырған құрдастарының білім алу мүмкіндіктеріндегі шектеулерді байқап, олардың ақпараттық алшақтықтарын жоюға және білім алу жолдарын кеңейтуге көмектесетін шешім жасау қажеттілігін сезінді. Осылайша, TAURIS қосымшасы тек бір технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар, әлеуметтік маңызды бастама болып табылады.

8 қаңтарда Шымкент қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында өткен презентацияда, қосымша кітапхана қызметкерлері мен мектеп оқушылары тарапынан жоғары бағаланды. Қосымшаның қолданылуы өте қарапайым әрі интуитивті болды, ал оның мүмкіндіктері пайдаланушылардың білім алу тәжірибесін өзгертуге зор ықпал ететіндігі атап өтілді. Қосымша оқыту процесін өзгертудің жаңа жолдарын ұсына отырып, зағип және нашар көретін азаматтарға өздігінен білім алу мүмкіндігін береді. Бұл мүмкіндіктің кітапхана мен оның қызметтерін пайдаланатын адамдар үшін үлкен маңызы бар.

Шымкент қаласының арнайы кітапханасы 1969 жылы құрылып, аймақта көру қабілеті бұзылған жандарға қолдау көрсету мен білім беру саласында үлкен жұмыс атқарып келеді. TAURIS қосымшасын енгізу кітапхананың миссиясына толық сәйкес келеді, өйткені бұл технология оқушылардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың өз әлеуетін ашуға ықпал етеді. Сонымен қатар, кітапхана жанында орналасқан нашар көретін балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың оқушылары үшін де бұл жаңа әдіс үлкен мүмкіндікке айналады.

Маралбек Зейнуллиннің TAURIS қосымшасы – бұл тек көру қабілеті бұзылған жандар үшін білім алу тәсілдерін жақсартатын құрал ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік теңдікті орнатуға, ақпаратқа қол жетімділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қосымша заманауи технологиялар мен білімділік әдістерін біріктіре отырып, көру қабілеті нашар адамдардың білім алу жолдарын оңтайландырады. Бұл жоба қоғам үшін маңызды жаңалық болып қана қоймай, көру қабілеті бұзылған азаматтарға өз мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін қажетті құралдарды ұсынады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы