Түркістан қаласында өткен «ÓzgeEpic» креатив хабының ресми ашылуы – мәдениет пен өнердің жаңа сапасына жол ашатын тарихи оқиға болды. Бұл хабтың негізі 2019 жылы қаланып, бүгінде Алматы, Астана және Түркістан қалаларында жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік және мәдени кеңістік ретінде танылған хабтың басты мақсаты – заманауи қазақ өнерін дамыту, қоғамның мәдени санасын көтеру және дарынды жастарға қолдау көрсету. Түркістанда ашылған креативті хабтың аясында ұйымдастырылған фотокөрме әлемді көру қабілетінің бұзылуы бар адамдардың көзқарасымен түсіндіруге мүмкіндік беретін бірегей бастама.
Ашылу салтанатында «Көзге көрінбес әлем» атты фотокөрме көрерменге ұсынылды. Бұл – Орталық Азиядағы тұңғыш рет жүзеге асқан жоба. Бұл көрмеде көру қабілеті нашар адамдарға арналған тактильді фотосуреттер, аудиогидтер және Брайль қарпіндегі жазулар ұсынылған. Мұндай ерекше формат көрменің көзқарсын тереңдетеді, себебі көру қабілеті шектелген адамдар үшін өнермен өзара әрекеттесу мүлдем жаңа деңгейге көтерілген. Ал, көрменің басты ерекшелігі – көзі көретін адамдар да тамашалап, сезіне алуында. Яғни олар фотосуретті тек көріп қана қоймайды, қолмен ұстап, сезім арқылы түсінуге мүмкіндік алады.
Хаб жетекшілерінің бірі Мақпал Жұмабайдың айтуынша, жобаны жалғастыру үшін үшінші қала ретінде Түркістанды таңдау кездейсоқ емес. «Түркістан – қазақ руханиятының орталығы, ол мәдениеттің дамуына үлкен ықпал етеді», – дейді Мақпал Жұмабай. Қаланың рухани атмосферасы мен тарихи маңызы бұл бастаманың жүзеге асуына негіз болды. Сонымен қатар, «Көзге көрінбес әлем» көрмесі көзі көрмейтін және көру қабілеті нашар адамдар үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды болып табылады. Мақпал Жұмабайдың сөзімен айтқанда, бұл бастама инклюзивті қоғамды қалыптастыруға бағытталған және адамдардың арасындағы шекараларды жоюға негізделген баламасы жоқ жоба.
Оның басты ерекшелігі де инклюзивтілік пен бейнелеу өнерін барынша қолжетімді етуінде. Қазіргі таңда әлемде көру қабілеті нашар және зағип адамдардың саны 2,2 миллиардқа жететінін ескергенде, мұндай бастама өте өзекті болып отыр. Себебі әр суретті қолмен ұстап көргенде, оның текстурасы мен атмосферасын сезіну арқылы келушілер фотосуреттің терең мағынасына үңіледі.
Көрмеде әлемге әйгілі фотографтардың шығар-малары қойылған, олардың ішінде Брент Стиртон, Себастьян Сальгадо, Ягази Эмези, Само Видич, Мухаммед Мухейсен сияқты майталман фото-графтардың еңбектері ұсынылды. Сонымен қатар, қазақстандық фотосуретші Салтөре Сапарбаевтың «Тау сақшысы» атты туындысы да қойылған. Бұл көрмедегі әр фотосурет – бір әлемнің кілті. Оны көру үшін көз керек емес. Өйткені брайль қарпін-дегі жазулар мен аудиогидтер әрбір келушіге өнермен тереңірек байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Әр көрермен жүрегіне жылулық орнатып, терең түсінік ұялататыны сөзсіз. Осы орайда, көр-меге қатысушылардан не сезінгендері туралы пікір сұрап, белгілі фото төңірегінде ой бөлісіп көрген болатынбыз. Мысалы Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалима Жантөреқызымен Себастьян Сальгадоның «Яномами құдайларына дұға» атты фотосы мен Умберто Танның «Келер күн керемет» туындысын талқылап көрдік.
«ТҮБІ ҚҰДАЙҒА ОРАЛАМЫЗ»
Фотода бақсы Яномами құдайынан жаңбырды тоқтатуын сұрап тұр.
Қалыйма Жантөреқызы:
– Адам қиналған кезде жақынынан көмек сұрап, медет күтеді. Сол кезде тәңірдің жалғыз екенін, өзінің оған тәуелді екенін түсінеді. Ең шарасыз кезде көкке қол созып, тәңірден көмек сұрайды. Бұл фото адамзатқа ортақ осындай сенімнің ешқашан жойылмайтынын, Алладан көмек сұрау пендеге тән құбылыс екенін айқындап тұр. Түбі біз Құдайға ораламыз, қайдан жаратылсақ сонда барамыз. Яғни кез келген қиындықтың түйінін әлем әміршісі, жаратушыға қалдыратынымызды айқындайды. Өмірде де дәл солай, біз тап болатын кейбір қиындықтардың шешімі жоқ. Біз ондай кезде барлығын бір Аллаға табыстаймыз. Бұл фото мені осындай ойға қалдырды.
«ШЕКТЕУЛІ ҒҰМЫР»
Фотода 100 жастағы қарияның қолдары
Қалыйма Жантөреқызы:
– Көрме барысында көзіме оттай басылған фотолардың бірі осы болды. Жаныма жақын көрінді. Себебі бұл туында барлық нәрсенің соңы болатынын, шектеуге келіп тірелетінін айшықтап тұр. Фотоға мұқият зер салыңызшы, алғашында қолды тізеге қояды, кейін алақанын көрсеткен, сосын тіршілік, ең соңында, екі қолын біріктіріп шек жасады. Фотодағы кейіпкер «мен 100 жасасам да, бәрібір ол шектеулі» деген ойды айтқысы келіп тұрғандай. Мәңгілік ештеңе жоқ.
«ҚИЫНДЫҚТА ДА ҚУАНЫШҚА ОРЫН ТАБУҒА БОЛАДЫ»
Фотода 2014 жылы Исламбадтың шетіндегі босқындар лагерінде түсірілген.
Молдияр Ергебеков:
– Бұл фотосуреттен кішкентайдың қай жерде болса да бала болып қалатынын анық көруге болады. Туындыда өмірдің қиындығы мен қарама-қайшылығы айқын көрінсе де, бала үшін қуаныштың мәні ешқашан өзгермейді. Күлгін түсті шардың қарапайым бір деталі бүкіл күңіренген ғұмырға сәуле беріп, оған ерекше бояу қосқандай. Мұның бәрі баланың жүрегінде ешқашан сөнбейтін жарықтың бар екенін, тіпті қиындықта да қуанышқа орын табуға болатынын көрсетеді.
«Көзге көрінбес әлем» көрмесі – қоғамды біріктірудің, мәдениетті қолжетімді етудің маңызды қадамы. Оның мәні тек өнерде емес, адамдардың жүрегінде де қалатын ерекше тәжірибе қалдыруда. Мұндай бастамалар инклюзивті қоғамды қалыптастыруға ықпал етіп, әр адамға шекарасыз әрі тең мүмкіндік қалыптастыруға күш береді. Қолмен ұстаған сәтте бейнеленген табиғат, адам бейнесі немесе жануарлар әлемі жаңа сипатқа ие болады, оларды жаңа бір «көз» арқылы көру, ішкі әлеммен байланысқа түсу арқылы, біз өнердің қаншалықты шексіз екенін түсінеміз.
Ғалия БИСЕЙІТ.