Польшада қарашаның 29-30 күндері джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті. Төрткүл әлем көз тіккен додада жүлделі болған жерлестер елге оралды. Байрақты бәсекеде топ жарған спортшыларды түркістандықтар Әзірет Сұлтан халықаралық әуежайынан қарсы алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған додада дара шыққан саңлақтар арасында 6 спорт түрінен спорт шебері, аталған спорт түрінен 4-інші рет әлем чемпионы атанған Акбар Елубайұлы және облыстық олимпиадалық емес жоғары спорт шеберлігі мектебінің оқушылары бар.
– Бұл спорт түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Еліміздің мерейін асырып 4-інші рет жеңіс тұғырынан табылғаныма қуаныштымын. Бұл жарысқа біз арнайы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жақсы дайындықпен бардық.
Бас жаттықтырушымыз Бауыржан Оралбеков ағамыздың тыңғылықты дайындықтар ұйымдастырғанына да алғыс айтамыз. Бұл жолы жеңімпаз атанып, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағын алғанымды да айта кеткім келеді. Ендігі жылы да әлемдік додаларда ел намысын қорғаймын деген үміт бар. Жақында Астана қаласында өтетін ел біріншілігіне қатысып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын, – дейді А.Елубайұлы.
Айта кетейік, Қарсы алу рәсіміне чемпиондардың туған-туыстары мен спорт жанашырлары қатысып, жігіттерге құрмет көрсетті.
– Польшадағы әлем чемпионатында біздің өңірден 4 бала жүлделі оралды. Дәлірек айтсам, облыстық олимпиадалық емес жоғары спорт шеберлігі мектебінің оқушылары жақсы нәтижелер көрсетті. Бұл джиу-джитсу спорты дамушы спортқа жатады. Қазір Түркістан облысында да аталған спорт түрінен дарынды жігіттер шығып жатыр. Алдағы Астана қаласында өтетін ел чемпионатына дайындықтарды бастаймыз. Жерлестерді жарқын жеңістермен қуантамыз деп сенеміз, – дейді облыстық олимпиадалық емес жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Самат Рысбеков.
Айта кетейік, Акбар Елубайұлы 1994 жылы 4 тамызда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған елдімекенінде дүниеге келген. Алғашында еркін күреспен айналысқан ол 6-сыныпта алғашқы бапкері Бақытжан Бейсенбаевтан тәлім алып, аудан,облыс көлемінде чемпион атанады. 9-сыныпта Шымкент қаласындағы Б.Саттарханов атындағы дарынды балалар спорт мектеп- интернатына қабылданып, спорт мектептері арасында ҚР чемпионы атанады. 10-сыныпта жасөспірімдер арасындағы ҚР екі дүркін чемпионы атанып, Тайланд, Хорватия елдерінде өткен Азия, әлем чемпионаттарына қатысқан.
2012 жылы генерал С.Рақымовты еске алуға арналған жастар арасында халықаралық турнирде жеңіске жетіп, 18 жаста алғаш рет еркін күрестен спорт шебері атанды. 2014 жылы жастар арасында 120 келі салмақта ел чемпионы атанып, Моңғолияның Ұлан Батор қаласында өткен Азия чемпионатында еркін күрестен күміс жүлде қанжығалады.
2016 жылы ересектер арасында Қырғызстан мемлекетінде өткен Қ.Қожомқұл турнирінің 97 келі салмақта жеңімпазы болып, Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионы атанды.
Акбар 2017 жылы иықтағы жарақатына байланысты күрестен алыстап, 2021 жылы спортқа қайта оралады. Спорттың басқа түрлерінен бақ сынаған дарынды балуан Алматы қаласында ММА-дан ел чемпионы атанады. Араға бір апта салып панкратион, комбат джиу-джитсу спорттарынан ел чемпионы атанып, спорт шебері атағын қорғаған. Табандылығы мен таланты қатар жүретін Акбар 2021 жылы Украинаның Киев қаласында комбат джиу-джитсудан әлем чемпионы, Харьков қаласында панкратионнан әлемнің күміс жүлдегері атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын сәтті қорғайды.
Сондай-ақ, 2022 жылы комбат джиу-джитсудан ауыр салмақта ел чемпионы атанып, көктемде Өзбекстан мемлекетіндегі Бұхара қаласында Азия чемпионы, жазда Испанияның Мальград-де-Мар қаласында Европа чемпионы атанады. Ал күзде Испания астанасы Мадридте екі дүркін әлем чемпионы болды. Бұдан бөлек 2022 жылы греплинг спортынан ел чемпионы атанып, бесінші спорт түрінен спорт шебері атағын иеленген. 2023 жылы комбат джиу-джитсудан ел чемпионы атанып, Алматыда Азия чемпионы, ал Латвияның Давгавпилс қаласында әлем біріншілігінде үшінші рет алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар, Акбар 2023 жылы алтыншы спорт түрі – жекпе-жектен ел чемпионы атанып, спорт шебері атағын қорғайды.
Биыл 29-30 қараша күндері Польшаның Миколув қаласында комбат джиу-джитсудан 4-ші рет әлем чемпионы болып, барша қазақстандықтарға, түркістандықтарға қуаныш сыйлады. Көк туымызды биікте желбіреткен дарынды спортшыға сәттілік тілейміз!
Дәурен ТІЛЕУХАН.