«Түркістан» газетінің ұжымы жылды сәтті қорытындылауда. Бұған дейін бірнеше байқауларда топ жарған ұжым мүшелері биыл да үлкен жеңістермен қуантты. Атап айтсақ, «Түркістан» газетінің фототілшісі Ердәулет Сағындық жыл бойы жемісті еңбек етіп, жаңа Түркістанның бейнесін таспалауда ерекше ықыласқа бөленді.
Былтырғы жылы өңірдегі үздік фотограф атанған Ердәулет облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаевтың арнайы алғыс хатымен марапатталды. Ал «Түркістан» газетінің тілшісі, ақын Дәурен Тілеухан биыл өңірімізде дәстүрлі түрде өтетін облыс әкімінің «Жыл көшбасшылары» жастар премиясына қатысып, «Үздік жас жазба ақын» аталымын еншіледі.
Облыстық жастар орталығының ұйымдастыруымен өткен мерекелік жиынға Парламент мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев, белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев және қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысты. Тәуелсіздік күні қарсаңында қос қуанышқа бөленген газет ұжымына толағай табыстар тілейміз!
«Түркістан-ақпарат».