Бүгінгі таңда Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамытуға күш салынуда. Жоғары сапалы шитті мақтаны өсіріп, оны өңдеуге ден қойылған. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Кентау қаласы мен Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Баспасөз сапарымен барған журналистер Ескі Иқан ауылдық округіндегі «Golden Cotton» мақта қабылдау және қайта өңдеу зауытында болды. Зауыт басшысы – Низамов Ерлан Еркінұлы. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған зауыт 4 гектар аумақта орналасқан. Жоба құны – 789,0 млн. теңге.
Мұнда жылына 12 мың тонна мақта өңдейді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімді Ресей, Беларусь және Қытай елдеріне сатуға шығарады. Былтыр 8 мың тонна мақта өнімін қабылдап, қайта өндеген. Су үнемдеу технологиясының көмегімен келер жылы 1 мың гектар жерге жоғары сортты мақта тұқымын егіп, өнім сапасын арттырмақ.
Түркістан облысы елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымдарда 70 мыңға жуық шаруалар еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда. Мақта саласындағы негізгі түйіткілді мәселе баға тұрақсыздығы. Себебі елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18% – дан аспайды.
Азамат ӘЛІБЕК,
Суреттерді түсірген:
Ердәулет САҒЫНДЫҚ.