САУРАНДЫҚ КӘСІПОРЫНҒА КӨРШІ ЕЛДЕРДЕН СҰРАНЫС КӨП

477 көрілім

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Кентау қаласы мен Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Сауран ауданына жұмыс сапарымен барған журналистер Шорнақ ауылында орналасқан «Хабибулла ата» жиһаз кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Икбол Абишев журналистерге кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Компания өз өнімін сату үшін ел аумағында қоймаларын ашса, бұдан бөлек Өзбекстан және Ресей елдеріне экспорттап жатыр.

Бүгінде аталмыш кәсіпорын 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымында 100-ге жуық адамды қамтуға мүмкіндігі бар. Ұйымшыл ұжымда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында еліміздің дамуы жолында еңбек етуде. Саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгерген оларды өз кәсібінің шынайы майталмандары деуге болады.

Кәсіпорын басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Икбол Абишевтің сөзінше, жиһаздарға отандық және түрік материалдары қолданылады. Фабрика өнімдері сапа менеджменті сертификатымен расталған. Бүгінде цех қызметкерлері жиһаздың сан түрін жасап шығарып жатыр. Негізінен тұрмыстық жиһаздарды өндіретін кәсіпорында жатын және қонақ бөлмеге, ас үйге арналған жиһаздар өндіріледі. Сондай-ақ, түрлі шкафтарды жасап шығарады. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы – 10 000 дана.

Бүгінгі таңда кәсіпорынның жиһаз өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, сұранысқа ие екенін айтуымыз қажет. Айта кетсек, өткен жылы Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.

Байқау жыл сайын «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар, халыққа арналған үздік тауарлар, үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өтеді. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады. Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен сапа саласында жетістіктерге жеткен кәсіпкерлер қатысты. Үздіктерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттады. Солардың ішінде «Қазақстанның үздік тауарлары» аталымы бойынша «Хабибулла ата» жеке кәсіпкерлігінің жиһаздары халыққа арналған ең үздік тауарлар болып танылды.

Азамат ӘЛІБЕК,

Суреттерді түсірген:Ердәулет САҒЫНДЫҚ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы