Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Кентау қаласы мен Сауран ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Medical style» тігін цехы медициналық киімдердің 25 түрін тігіп шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда тігін цехында жалпы 30-ға жуық адам жұмыс істейді.
Тігін цехының іске қосылғанына 1 жарым жылдай болғанымен тапсырыс берушілердің саны артқан. Бүгінгі таңда еліміздегі 4 бірдей ірі қалаға өнімдерді жеткізіп отыр. Атап айтар болсақ, Астана, Алматы, Талдықорған, Шымкент қалаларында арнайы дүкендері бар. Тігін цехының басшысы Шавкат Хабибуллаевтың өзі медицина саласының маманы, мамандығы – дәрігер-кардиолог.
Бірнеше жыл дәрігерлік қызметті атқарған ол, бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ол өзінің туып-өскен ауылы Қарнақтан цех ашып, медицина саласына қажетті киімдер тігіп шығаруда. Мұнда арнайы киімдерді сапалы етіп тігу үшін мықты технолог пен арнайы білімі бар тігінші мамандар қызмет етеді.
Цех басшысы алдағы уақытта тапсырыстың көбеюіне байланысты тігін цехын ұлғайтуды жоспарлауда. Шавкат Хабибуллаевтың айтуынша тігін цехы тапсырысқа қарай бір жылда 20-25 мыңға жуық киім тігіп шығарады. Сапалы, әрі ыңғайлы киімдерге қажет маталар Түркия елінен алынады.
Азамат ӘЛІБЕК,
Суреттерді түсірген:
Ердәулет САҒЫНДЫҚ.