Бүгінгі заманда қаржылық сауаттылық – әр адам үшін маңызды дағдылардың бірі. Әсіресе, интернет алаяқтықтың өршіп тұрған кезінде бұл дағдының маңызы арта түсуде. Соңғы уақытта түрлі алаяқтық схемалар арқылы азаматтардың қаржылық ресурстарын тартып алатын жағдайлар көбейіп кетті. Бұл алаяқтардың ең көп қолданатын тәсілі – банк қызметкерінің атын жамылып, адам сеніміне кіру. Алаяқтар телефон арқылы немесе әлеуметтік желілерде байланысып, сіздің банк есепшотыңыздан ақпарат алуға тырысады, әсіресе келген смс-хабарламаның кодын сұрап жатады. Алайда, банк қызметкерлері ешқашан мұндай ақпаратты талап етпейді, бұл маңызды ережені әрбір азамат білуі тиіс.
Осындай өзекті мәселелер Түркістан қаласында өткен «Іскерлік журналистика: Қаржылық сауаттылық» семинарында талқыланды. Іс-шараға Halyk Bank Түркістан филиалының директоры Артур Тасқарин және оның командасы қатысып, банк саласындағы алаяқтықтың негізгі түрлері мен олардан қорғану жолдарын түсіндіріп берді. Спикерлер халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы банктың әлеуметтік жобаларына да тоқталып өтті.

Әсіресе, интернет алаяқтықтың қалай жүзеге асатыны, қандай шаралар арқылы одан сақтануға болатыны жөнінде нақты кеңестер айтылды. Halyk Bank өкілдері банк карталарын қорғаудың жолдары мен банктік операцияларды қауіпсіз жүргізу туралы ақпараттармен бөлісті. Түрлі алаяқтық әдістерін әшкерелеп, азаматтарға онлайн банк операциялары кезінде қандай ережелерді сақтауы керектігін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Сонымен қатар, семинарда Halyk Bank-тың акциялары мен әлеуметтік жобалары туралы кеңірек ақпарат берілді. Қаржы нарығында банктың алатын орны, оның халық үшін жасаған бастамалары, инвестиция салу мәдениетін қалыптастыру жолдары да тақырыптық талқылаудың бір бөлігіне айналды. Бұл семинар-тренингтің ерекше мәні – қаржылық сауаттылықты БАҚ арқылы насихаттау болды. Аталмыш, семинар Түркі тілдес журналистер қоры мен Halyk Bank серіктестігі аясында ұйымдастырылды. Қор президенті Нәзия Жоямергенқызы бұл бастаманың мақсаты – қоғамда қаржылық білімді кеңейту, адамдардың өз қаражатын сауатты басқаруын үйрету екенін атап өтті. Түркістандағы бұл іс-шара қаржылық сауаттылықты арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде есте қалады.

Қаржылық сауаттылық – заманның талабына сай әр азаматтың қаржылық қауіпсіздігін сақтаудың басты кепілі. Әсіресе, қазіргі уақытта бұл білімге деген қажеттілік күн санап артып келеді. Интернет алаяқтарынан қорғану, банктік операцияларды қауіпсіз жүргізу үшін қаржылық сауаттылық маңызды рөл атқарады. Түркістандағы семинар осы бағытта үлкен ақпараттық және білім беру алаңы болды.
Ғалия БИСЕЙІТ