Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен қала әкімі Рашид Аюпов шаһардағы бас шыршаның шамын жақты. Егемен еліміздің ең мерейлі мейрамы Тәуелсіздік күнінен соң, орталықтағы “Гүлдер” саябағында дәстүрден айнымай жаңа жылдық шырша бой көтерді. Орнатылған алып 20 метрлік шыршада 2000-ға тарта ойыншықтар мен жарықшамдар орнатылған.

“Жаңа жыл – біздер, жастар, бүлдіршіндер асыға күтетін отбасылық мейрам. Сондықтан, біз балалар жақсы көретін мерекеде шыршаны орнаттық. Өздеріңізге белгілі, Елбасы Жарлығымен қабылданған шешім аясында Түркістан түлеп жатыр. Келер жылы шаһарымызға Орталық Азия елдерінің басшыларын шақырып, Түркістанды әлемге паш етпекпіз. Мұның бәрі сіздер, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан дүние. Ендеше, жаңа жыл баршамызға жақсылық әкелсін! Әрбір бастаған жұмыстарымыз табысты аяқталып, ынтымағымыз нығая берсін! Жаңа жыл құтты болсын!”, – деген лебізін білдірген Өмірзақ Естайұлы 700-ден астам сыйлықты жиналған балаларға ұсынды.

Қарасы қалың көпшіліктің шат-шадыман көңіл-күйі мен қуаныштарын бүгінгі мерекеден сезінуге болады. Аяз ата мен ақшақар, ертегідегі сүйікті кейіпкерлер ғажайып күннің көркін келтірді. Кішкентайлар олармен бірге ән шырқап, би биледі, ерекше әсермен қайтты.

Сондай-ақ, өздеріңізге әлеуметтік желі арқылы хабардар еткен аққала жасау бойынша сайыстың да жүлдегерлері анықталып, олар қала әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпаттарына ие болды.

Айта кетейік, жасыл көйлекке оранған жаңа жылдың басты символына ешқандай қаражат жұмсалмаған. Түркістанды жан-жақты дамытуды көздеген басшылар былтырғы шыршаны қанағат тұтып, нәтижесінде шаһарды халықаралық дәрежеге жеткізуге білек сыбана кіріспек ниетте.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.