Киелі шаһарда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы басталды. Конгресс холл кешенінде басталған республикалық форумға облыс әкімі Дархан Сатыбалды, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, МҚІА жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Бибігүл Ағыбаева, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Мемлекет басшысы киелі қалада өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады» деген болатын. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылаған жиында осы мәселелер бойынша қатысушылар мен қонақтар арасында еркін диалог құрылды. Агенттік төрағасы форум аясында бірқатар мәселелерге баса назар аударудың маңыздылығына тоқталды. Салтанатты жиын соңында еліміздің әр түкпірінен келген азаматтарға «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі тағылды.
Екі күнге жоспарланған форум облыс әкімдігінің мәжіліс залында және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің мәдениет сарайында жалғасын тапты. Мұнда агенттік төрағасы Дархан Жазықбай, сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бастаған бір топ қонақтар студенттермен кездесті. Жиынға модераторлық еткен оқу ордасының ректоры Жанар Темірбекова болашағынан зор үміт күттіретін белсенді жастарды марапаттады. Кездесу барысында мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына орай форум қонақтары өз ойларын ортаға салды. Ал университет білімгерлері осы сала бойынша өздерін толғандырған сауалдарын жолдады.

Айта кетейік, агенттік мемлекеттік қызмет саласындағы анықталған бұзушылықтарды зерделеп, олардың себептерін талдау және алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Өткен жылдың өзінде әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілер арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын ілгерілетуге ықпал ететін 30 мыңға жуық түсіндіру іс-шаралар ұйымдастырған. Бүгінде республика бойынша мемлекеттік органдарда 713 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.
Ел болашағын бекемдеп, жастарға жаңа серпін беретін форум «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіру жұмыстарын, олардың қоғамға адал қызмет ету, ел мүддесін қорғау және жоғары моральдық құндылыққа сәйкес әрекет ету міндеттерін басты назарға алып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, республикалық жиындар аясында екі күн бойы өңір жастарымен келелі кеңестер, танымдық сағаттар жоспарланып отыр.
Дәурен ТІЛЕУХАН.
