Газетіміздің «Оқырманнан он сұрақ» жаңа айдары аясында әкімдерге ашық сауал жолдай отырып, оқырманның көкейіндегі сұрақтарына жауап алуды мақсат тұттық. Алдағы уақытта біз ұсынып отырған осы айдар бойынша аудан және қала, облыс әкімдеріне оқырманның көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алып, тұрақты түрде жариялап отырамыз. Ал бүгінгі айдардың алғашқы кейіпкері – Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитұлы. Төменде әкімге жолданған он сұрақ пен жауаптарды ұсындық.
– Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың әкімдерге халықтың сұраныстарына жедел ден қойып, олармен кері байланыс орнату аса маңызды екенін және әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу маңызды екенін атап өтіп еді. Осыған байланысты Президент тапсырмасының қаншалықты тиімді екенін баяндап өтсеңіз?
– Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың тұжырымдасына сай, әкімдердің әлеуметтік желілерді белсенді қолдануы олардың қоғаммен, тұрғындармен тығыз байланыста бірлесе жұмыс атқаруының маңыздылығын көрсетеді. Бұл көпшіліктің, сонымен қатар, жеке азаматтардың талап-тілегі мен мұң-мұқтажына, өзекті мәселелеріне қаншалықты деңгейде құлақ асатынын, олардың лауазымдық қызметін құзыреттілігі шеңберінде орындап жүргенінің бір белгісі болып табылады.
Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген сөз бекерге айтылмаған. Қашанда халықтың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыру – ел басқарып отырған қызметкердің азаматтық борышы деп білемін.
Сондықтан да, қолдан келгенінше осы талаптардан шығуға барымызды саламыз, халыққа шын жанашырлықпен қарауға тырысамыз. Мен тұрғындарға барынша ашықпын. Апта сайын жеке мәселелерімен қабылдауыма жазылған әрбір тұрғынды қабылдаймын. Мәселесіне мұқият мән беремін. Әрине, жеке қабылдауға ауыл тұрғындарының күйін күйттеп, қоғамдық мәселелерді көтеріп келетіндер аз емес. Дегенмен, қара басының қамын ойлап келетіндер де кездеседі. Қалай болғанда да, ол азаматтың жеке мәселесі. Заң аясында оң шешімін тауып беруге жұмыс жүргізіп келеміз.
Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлының «Сын айту үшін шын айт, шын айтпай сын айтпа» деген керемет сөздері бар. Егер менің тарапыма айтылып жатқан сын орынды болса түсіністік танытуға болады.
Өзімнің әлеуметтік желідегі жеке парақшама да жазатын тұрғындар бар. Оларға уақыт тауып барынша жылдам жауап беруге тырысамын. Дегенмен, кейбір тұрғындарға кеш жауап жолдап жататын кездер болып тұрады. Себебі, қойылған сұраққа мұқият қарап, зерделеп нақты жауап беру керек.
– Әкім ретінде руханият саласының тамырына қан жүгіртетін нақты қандай қадамдарға мұрындық болдыңыз? Сайрамда ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тікелей өзіңіздің қолдауыңызбен нақты қандай бастамаларыңызды атап өте аласыз. Егер болса, ол жоба жалғасын таба ма?
– Басқа салалардың дамып, өркендеуіне жұмыс жасағандай, мәдениет, руханият саласының гүлденуіне де өзіндік үлес қосуды жоспарлап отырмыз.
Биылғы жылдың басында еліміздің болашақ тұтқасын ұстайтын жасөспірімдер мен балаларға арнап отандық кинофильмдер көрсетілімін қолға алып, іске асырдық. Патриоттық жоба жыл көлемінде жалғасын таба береді. Жастардың бойына патриоттық сезім, отансүйгіштік, рухани мінез, отбасылық тәлім-тәрбие беретін сонымен қатар, ұлттық құндылықтар әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерімізді насихаттайтын бұл кинофильмдер ұрпақ тәрбиесіне оң септігін тигізетіні сөзсіз.
Сонымен қатар, халық көп орналасқан қоғамдық орындар мен орталық көшелерде, мәдениет ошақтарында еліміздегі «Қазақ Радиосы», «Шалқар» сынды радиоларын қосу арқылы көпшілікке түрлі тақырыптардағы танымдық дүниелердi тыңдауға мүмкіндік жаратып отырмыз. Бұл – қазіргі таңда өскелең ұрпақтың салиқалы, сындарлы тұлға ретінде қалыптасуы жолында маңызды қадамдардың бастамасы болады деп ойлаймын.
Өздеріңізге белгілі, ауданымызда Абылай хан ат басын тіреген Ханқорған төбесі бар. Ханқорған – Абылай ханның өмірінің соңғы күндерінің мәңгілік куәсі. Батыр бабамыз өлкемізге ат басын бұрғанда Ханқорғанға тұрақтайтын болған. Бітім-болмысы, жаратылысы бөлек тұлғаның табаны тиген Ханқорған қалашығының орны өскелең ұрпақ үшін ерек бола бермек. Сол үшін аталған орынның маңыздылығын одан әрі көтеру «Ашық аспан астындағы музей» жасау жоспарлануда. Алдағы уақытта тиісті құжаттарын түгендеп жұмыстары жүргізіліп, облыстың туризм картасына енгізілетін болады.
Өткен оқу жылында аудандағы барлық мектепті қамти отырып, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында кездесулер өткізілді. Ол үшін арнайы 8 жұмысшы топ құрылды. Аталған жиындарда жастар арасындағы тәлім-тәрбие мәселесі қозғалып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оларды жат қылықтардан аулақ болуға үндеу, патриоттық сана сезімін нығайту, салт-дәстүрімізді сақтап, әдет-ғұрпымызды қадірлеуіне және ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды білуге бағыттылған кездесулер биылғы оқу жылында ата-аналармен ұйымдастырылмақ.
Ал балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында түрлі өнер сайыстары жыл сайын жоспарлы түрде ұйымдастырылады. Атап айтар болсақ «Сайрам таланттары», «Балдәурен», «Арай», «Патриотизм даусы», «Таңғажайып би әлемі» т.б байқаулар.
Жастарымыздың бойына рухани мәдениетіміз ұлттық салт-дәстүрлеміз бен тәлім тәрбиемізді сіңіру мақсатында ұлттық нақыштағы дүниелер өткізу жоспардан түскен емес. Мысалы: Ақындар айтысы, «Сайрам аруы», «Жігіт сұлтаны», «Алтын бесік», «Қазақтың дәстүрлі өнері, жыр термесі» сынды іс-шаралар көпшіліктің көңілінен шығып жатыр.
Мәдениет саласының қарқынды дамуы үшін әр жыл сайын қаржы қарастырып заманауи талаптарға сай барлық техникалармен қатар, бағытына қарай қажетті атрибуттар және сахналық костюмдермен қамтып отырмыз.
Әрине мәдениет пен руханият саласының халық үшін берері мол. Бұл сала түрлі өнер мен қатар, білім мен тарихты қатар алып жүретін сала болғандықтан әрқашан қолдауды талап етеді.
Аудан орталығындағы Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдық клубтың күрделі жөндеуден өткізілуде. Аталған ғимарат жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң «Жастар сарайы» болады деп жоспарлап отырмыз. Себебі, ауданымыздағы жастардың басын қосып, бос уақытын тиімді пайдаланатын рухани орны болу керек.
Жалпы тарихы тереңде жатқан Сайрам ауданында бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп қалмасы анық. Мен соның ішінде негізгілеріне ғана тоқталдым.
– Қарбалас жұмыс ойдағы дүниелерге кеңірек көңіл бөлуге мұрша бере ме? Әкімдік тізгіні қолда тұрғанда аудан игілігін арттыратын қандай ірі бастамаға түрткі болдыңыз немесе себепкер болуға не әрекет жасап жатырсыз?
– Аудандағы өзекті мәселелердің негізгі бөлігі коммуналдық, инфрақұрылым саласына қатысты болып отыр. Оның ішінде ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, жол мәселелері бірінші кезекте шешілуді қажет етеді.
Осы мақсатта өткен жылы 42 елді мекендегі 116 өзекті мәселе жинақталып, оны орындау үшін 5 жылдық Жол картасы әзірленді. Өзекті мәселелерді шешу үшін 61,6 млрд.теңге қаржы қажеттілігі анықталды. Жол картаға сәйкес, мәселелерді шешуге кезең-кезеңімен тиісті шаралар қабылдайтын боламыз.
Бюджеттің мүмкіндігіне қарай ең алдымен халық көп шоғырландырылған аумақтардың инфрақұрылым мәселесін шешуге басымдылық берілетін болады.
Ауданда инфрақұрылым жүйелерін қажет ететін Жаңақұрылыс аумақтары көп. Бұрын 2015 жылға дейін инфрақұрылым жүйелері жүргізілмей жаңақұрылыс аумақтарында жеке тұрғын үй құрылыстарына жер учаскелері берілген.
2023 жылы инфрақұрылым жүйелері бойынша (ауыз су, табиғи газ, электр, жол) 22 нысанның құрылысы жүргізіліп, 7 нысан пайдалануға берілді, 162 га жер аумағы инфрақұрылым жүйелерімен қамтылды.
Биылғы 2024 жылға өтпелі 15 нысанға инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Олар: 6 жоба ауыз суға, 4 жоба табиғи газға, 5 жоба электр желілерін жүргізуге қатысты.
Соның негізгілеріне қысқаша тоқталып өтсем:
АУЫЗ СУ САЛАСЫ БОЙЫНША
Жібек жолы ауылындағы су құбыры желісін күрделі жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, тұрғындарға ауыз су тұрақты берілуде.
Нұржанқорған, Қожақорған, Қарабұлақ ауылының ауыз су жүйесінің құрылысына ЖСҚ әзірленді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде жеңімпаз анықталып, келісім шарт түзілді.
Түркістан облысы салалық басқарма тарапынан Ақсукент, Ақбұлақ, Манкент, Ақбастау, Ынтымақ, Ақсуабад, Теспе, Оразалиев, Таскешу, Қасымбек датқа, Әсіларық, Сиқым елді мекендеріне су қорын бекітіп, су ұңғысын қазу үшін жоба дайындалған. Бұл да өз кезегінде бірқатар мәселердің шешіміне себеп болмақ.
ТАБИҒИ ГАЗ САЛАСЫ БОЙЫНША
Аудан аумағындағы 42 елді мекендерінен бүгінгі таңда 37 елді мекен (88%) табиғи газбен қамтамасыз етілген. Барлық елді мекендерге газ тарататын 3 дана газ таратушы станция бар. (Ақбұлақ ауылында орналасқан «Самсоновка» ГРС, Жібек жолы ауылында орналасқан «Свердлов» ГРС, Нұржанқорған ауылында орналасқан №20 «Жаңақоғам» АГРС).
Қазіргі таңда 2 елді мекенінің газ құбырларының жұмыстары аяқталды (Ақарыс, Оймауыт елді мекендері табиғи газға қосылу нүктесі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Құтарыс, Қызылжар елді мекендері арқылы).
Қалған 2 жоба бойынша 3 елді мекенді (Көлкент, Құтарыс, Қызылжар) табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ БОЙЫНША
Сайрам ауданындағы барлық 42 елді мекені орталықтандырылған электр желісімен қамтылған.
Қосалқы станциялар – 16 дана, олар «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-нің теңгерімінде.
Сайрам ауданы көлемінде 909 дана электр трансформатор орналасқан.
Оның ішінде:
– «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС теңгерімінде – 403 дана
– Ауданның коммуналдық меншігінде – 101 дана
– Ауылдық округі меншігінде – 4 дана
– Жеке меншік және жеке кәсіпкерлер – 362 дана.
Өкінішке орай, ауданда трансформатордан ақаудың шығуы, бағаналардың ескіруі өз кезегінде аудандағы жарықтыңу жиі өшуіне себеп болуда. Бұл аудан тұрғындары тарапынан жиі көтерілетін мәселе.
Аудандағы электр жарығына қатысты мәселелерді шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшылығымен кездесіп, шешу жолдарын пысықтадық. Қаржы мәселесі де шешімін тауып жатыр. Алдағы уақытта оң шешімін табады деген сенімдемін.
– Жұмыс өнімді, сапалы болуы үшін кадрдың рөлі жоғары. Өзіңіз осында қызметке келгелі бірқатар ауыс-түйістер орын алуда. Бұл қадам арқылы ауданды түрлі салада түрлендіруде тың серпіліс жасауға қол жеткізіліп келеді деп есептейсіз бе? Олай болса атап көрсетсеңіз?
– Ауданға әкім болып келгелі осындағы жас мамандар мен жергілікті кадрлардың жұмыс істеуіне, өсуіне мүмкіндік беріп келемін.
Шын мәнінде, қызмет барысында кадрлық ауыс-түйістердің орын алуы, олардың жұмысты жаңаша сипатта жүргізуіне септігін тигізеді. Оның үстіне жаңа лауазымға тағайындалған жас маман сол өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту мен әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында тәжірибесін толықтыра түседі.
Сондықтан ауданда мейлінше ауқымды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтің әлеуетін арттыру жолында жүйелі жұмыс жасайтындарына сенім артқанымыз жөн деп санаймын.
– Қарабұлақ ауылында жаңылыспасам шамамен он мыңдаған адам жер телімін алуға кезекте тұр. Мұндай көрсеткіш облысымыздан тысқары республика көлемінде сирек кездесетін жағдай. Мәселенің түйінін қалай шешіп жатырсыздар?
– Қазіргі таңда ауданда жер кезегінде 63 мыңнан астам азамат тұр. Бұл дегеніміз әр 4-ші аудан тұрғыны жер кезегінде тұрғанын көрсетеді. Соның ішінде өзіңіз айтқандай Қарабұлақ ауылын да кезекте тұрған тұрғындар саны күн санап көбейіп келеді.
Сайрам ауданы – халық саны бойынша облыстағы алдыңғы қатардағы аудан. Алайда, жер көлемі аз.
Аудан аумағында инфрақұрылым жүйлерімен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталған соң, арнайы жер кезегінде тұрғанда азаматтарға дайын болған алаңдардан жер учаскелерін өз кезегіне сәйкес, жүргізілу керек.
Сайрам ауданы бойынша 2007-2017 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін ауыл әкімдері тарапынан жер учаскелері тиісті инфрақұрылым жүйелері қамтамасыз етілмеген аумақтардан табысталған.
Аталған аумақтарда бірқатар мәселелер қордаланып қалған. Халық саны да жыл санап артып келуде. Бүгінгі таңда сол уақыттарда табысталған жер учаскелерін инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Оны шешудің бір жолы – көпқабатты тұрғын үй салу. Халық саны артқан ауданымызда жаңадан мөлтек аудан құруды жоспарлап отырмыз. Жоспарға сәйкес, жаңа қалашықта 12 мыңға жуық адам қоныстанады. Ақсу, Қарасу ауылдарынан арнайы жер телімдері белгіленіп, жаңа құрылыс аумақтарының бас жоспары дайындалды. Жаңадан құрылатын мөлтек ауданда 5 қабатты тұрғын үйлер әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, балабақша, мектеп, коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарлануда.
– Сонымен бірге, Қарабұлақ ауылына қала мәртебесін алуға нақты не кедергі?
– Өздеріңізге жақсы таныс, Қарабұлақ – Сайрам ауданындағы халқы тығыз орналасқан ауылдардың бірі.
Сіз қойып отырған сұрақ Үкімет отырысында талқыланған болатын. Сонда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған мәселеге қатысты нақты жауап берді.
Яғни, Қарабұлақ – аграрлы ауыл. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы және ірі қара мал басының 47 пайызы Қарабұлақ ауылына тиесілі.
«Қазақстанның әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» заңға сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар қалаға жатқызу үшін ірі экономикалық және мәдени орталықтар болып саналатын дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар елді мекендер кіреді.
Қарабұлақ ауылында 20 мектеп, 14 жекеменшік балабақша, 2 колледж, 9 денсаулық сақтау мекемесі, 1 мәдениет үйі қызмет көрсетеді.
Аталған ауылға қала мәртебесін берген жағдайда ауыл тұрғындары бірқатар мүмкіндіктен шектеледі. Атап айтқанда, ҰБТ кезінде оқушыларға берілетін ауылдық квота, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар. Тағы бір маңызды мәселе, мұғалімдер мен дәрігерлер ауылды жерлерге берілетін 25 пайыздық үстемақыны ала алмай қалады.
Сондай-ақ, қала мәртебесін алған жағдайда ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік болмай қалуы мүмкін. Елді мекенге аудандық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, бұл мәселе талқыланған. Ауыл тұрғындары оған қарсылық білдіріп отыр.
– Жергілікті атқарушы орган Қарабұлақтың қордаланған мәселелерін тиімді шешуге байланысты мемлекет мүддесіне сай қандай жоба ұсынады?
– Қарабұлақ ауыл округі халық саны тұрақты өсіп келе жатқан ірі ауыл округтердің бірі. Бүгінгі күнге ауылда 10 мыңнан астам аулада 60 мыңға жуық халық тұрады.
Ондағы басым бөлігі ауыл шаруашылық өнімдерді өндірумен, мал бордақылау, кәсіпкерлік және қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылған. Жалпы, Қарабұлақ ауылы даму әлеуеті жоғары аграрлы ауылдардың бірі.
Ауылдағы қордаланған мәселенің бірі – ауыз су мәселесі. Тұрғындардың 80 пайызынан астамы құдық суын пайдаланып келуде. Ауыз су мәселесін шешу үшін құрылыс жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Бұл ірі жобалардың бірі болмақ.
Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылын толық табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 2 кезең құрылысы үшін тиісті жобаның сметалық құжаты әзірленіп, келесі жылға республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Ауылға ауыз су мен газ құбырлары жүргізіліп болған соң, жол жөндеу жұмыстары қолға алынатын болады.
Жалпы, ел болған соң өзіндік мәселелері мен шешімін қажет ететін сұрақтары болады. Ондай мәселелер заң аясында тиісті мерзімге орай шешімін тауып отырады.
– Сайрам ауданында тарихи орындарға, жәдігерлерге деген қамкорлыққай деңгейде? Соның ішінде Ханқорған тарихи орнына байланысты не айтасыз?
– Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округі, Ханқорған ауылы шетіндегі Ханқорған төбе қалашығы (ХҮІІІ ғасыр) 3,0 га жер телімін құрайды. Ханқорған төбесі туралы жоғарыда да айтып өттім. Бұл тарихи орынға қазба жұмыстары мен жабық аспан астындағы музей жасау үшін заңды құжаттары қажет.
Сайрам ауданындағы «Ханқорған» қалашығы тарихи-мәдени нысанын облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МКҚК-ны теңгеріміне алу үшін тиісті құжаттары рәсімделуде.
«Археологиялық сараптама» ЖШС-нің Түркістан облысы, Сайрам ауданының «Ханқорған қалашығы» нысанындағы ескі монша орынының ғылыми зерттеу жұмыстары мен археологиялық қазба жұмыстарына металық құжаттамасы жасалған. Тарихи орынның құжаттары толық рәсімделгеннен кейін, 2021 жылы жасалынған сметалық құжаттаманы қайта есептеп, толықтырып, облыстық бюджетке қайта ұсынылатын болады.
ХАНҚОРҒАН БОЙЫНША
ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ:
Арыс өзені бойындағы Мәдени ауылындағы «Ханқорған» атты тарихи орын күллі қазақ үшін қасиетті жерлердің бірі. Себебі, бұл ХҮІІІ ғасырдағы ең әйгілі, үш жүздің басын қосқан Абылай хан жарлығымен салынған бекініс, кейбір деректер бойынша, хан ордасы.
Абылай хан өмірінің соңғы жылдары Оңтүстіктен Қоқан хандығынан қазақ даласына төнген қауіпті сезіп, Қоқан, Ташкент тарапына жорықтар жасаумен қатар, бірнеше бекіністер салдырған. Солардың бірі – Ханқорған. Абылай Ханның бұйрығымен салынғаннан соң, Ханқорған деп аталған болса керек» – деген тұжырымға келеді. Ия, солай деуге де негіз бар. 2014-2015 жылдары арнайы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қорғаннан мол тарихи жәдігерлер мен моншаның, арнайы суағарлар табылғанына қарап, біздің мәдениетіміздің бірнеше ғасыр бұрын озық дәрежеге жеткенін мойындауға тиіспіз.
– Бір жобаны іске асыру үшін оның маңыздылығына мән бересіз бе? Яғни, мемлекет қаржысын жұмсау барысында нақты кандай негіздерге сүйеніп, шешім қабылдайсыз?
– Ауданда 42 елді мекен бар. Әр елді мекеннің өзіндік шешілмеген мәселелері бар. Бір жобаны іске асыру үшін әрине бірінші кезекте маңыздылығына назар аударып, оны іске асырғанда аудан тұрғындарына қаншалықты тиімді екендігіне баға беремін. Ол үшін сала басшыларымен, мамандармен ақылдасу жиындары ұйымдастырылады. Қазақта «Жеті өлшеп, бір кес» деп бекер айтпаған.
Жоғарыда атап өткендей 5 жылдық арнайы әзірленген «Жол картасы» арқылы жобаларды маңыздылығына қарай кезеңімен шешуге тиісті шаралар қабылдаудамыз.
Сондай-ақ, мемлекет қаржысын жұмсау барысында заң талаптарына сәйкес, бекітілген нормативтік құқықтық актілерге сүйеніп, заңдылығына баға бере отырып, шешім қабылдаймын.
– Мегаполис шаһардың іргесіндегі ауданның ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстар мейлінше кедергісіз болуы керек қой. Жайылым жер, ағын су, мал басын көбейтуге байланысты әкімдік өз тарапынан қандай қадамдар жасап отыр (мемлекет деңгейіндегі жеңілдіктерді қоспағанда).
– Сайрам ауданында жалпы 20,9 мың га суармалы жерлерге кестеге сәйкес, дер кезінде ағын су беріліп келеді. Яғни, 431,6 шақырымды құрайтын 53 каналдармен ағын су жеткізіледі. Оның ішінде: 79,4 шақырымы бетондалған, қалған 352,2 шақырымы жер арық. Жер арық каналдар бетондау мақсатында облыстық бюджеттен арнайы қаржы қаралып, 8 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Алдағы уақытта кезең-кезеңімен қаржы қарастырып, арық, каналдарды бетондау жұмыстары жүргізілетін болады.
Сайрам ауданы негізінен сүт бағытындағы мүйізді ірі қара мал өсірумен және Республикамыздың басқа облыстарынан сатып әкелінетін ет бағытындағы мүйізді ірі қара және жылқы малын бордақылаумен айналысу жақсы дамыған.
Бүгінгі таңда аудан аумағында ЖК «Абдукадиров» қуаттылығы жылына 50000 тонналық құрама жем өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Қосымша «Nurym Group» ЖШС сағатына 20 тонна құрама жем дайындайтын зауыт құрылысы іске асуда.
Сонымен қатар, Қарабұлақ, Манкент, Ақсукент ауылдық округтерінде ірі жем шөп сататын арнайы орындар және басқа ауданнан жем-шөп сатып алу жақсы ұйымдастырылған.
Мал шаруашылығы саласын дамыту бағытында Қарабұлақ ауыл округінде «Meat Magnat» АШӨК 10 мың бастық, Манкент ауыл округінде «Kaz Eco Meat» ЖШС 5 мың басқа арналған мүйізді ірі қара және жылқы малын бордақылап және оны заманауи мал сою орындарында сойып олардан шыққан қалдықтарын терең өндеуге арналған кәсіпорын соғу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Редакция ұжымы.
