Биoмapoвa Г.A., «Өpлeу» БAҰO AҚФ ҚP ББЖҚ БAPИ Курстан
кейінгі қолдау және инновацияны дамыту зертханасының меңгерушісі
«Бaлa oқытудың жұмыcы шиpaқ, жiгepлi, қызу бoлғaны дұpыc» Ж.Aймaуытoв
Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған мәселе білім беру, ғылымды дамыту. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар: оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісін қарқынды түрде технологияландыру мәселесін қойып отыр.
Ол үшін ең бірінші мұғалімнің ұстанымы мықты болу керек, оқыту үдерісінде қалыптасқан дағды мұғалімнің сыныптағы барлық іс-әрекеттеріне әсер етеді. Мұғалім өз жұмысында арнаулы, пәндік білімдермен ғана шектелмей, педагогика мен психологияның, тәрбие салаларының қазіргі заманғы жаңашылдықтарын да қамтуы тиіс болғандықтан онан үлкен дайындық (педагогикалық инновацияны қабылдау, бағалау және іске асыруға дайындық) талап етіледі.
Инновация – ол құрал және үдеріс ретінде әлдебір жаңалықты ендіру, жаңашылдық, өзгеріс деген ұғымды білдіреді. Инновация өздігінен пайда болмайды, ол ғылыми ізденістердің, жекелеген мұғалімдер мен тұтас ұжымның озық педагогикалық тәжірбиесі. Бұл процесс стихиялы дамымайтындықтан, ол басқаруды қажет етеді, ал процесті басқару мұғалімнің өз қызметінде әріптестерінің тәжірибесі немесе ғылымдағы жаңа идеялар, әдістемелерді дұрыс таңдап, бағалау және қолдануын қамтамасыз етеді.
Білім берудегі инновациялық процестердің мәнін педагогиканың маңызды екі проблемасы құрайды. Олар − озық педагогикалық тәжірбиені зерттеу, жинақтау және тарату проблемасы және педагогикалық-психологиялық ғылымдардың жетістігін практикаға енгізу. Оқу-тәрбие үрдісіне жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып өз бетімен ізденуге, шығармашылық еңбек етуге жол салады. Озық педагогикалық тәжірбиенің негізі болып есептелетін жаңашылдықты зерделеу − педагогикалық тәжірибелерді теориялық талдау және жинақтауға алып баратын басқыш сияқты.
Инновациялық үдеріске жаңалықты жинақтау мен тарату ғана емес, ойлау және осы жаңалыққа қатысты өзгерістер мен қайта құру да жатады. Демек, бұл прогрессивті, озық, заманауи, оң үдеріс. Алайда, білім беру ісіне жаңалықты ендіру үдерісі – мұғалімнің әлеуетіне тікелей байланысты.
Қазіргі білім беру, қоғамдық даму жағдайында педагогикалық қызметтің инновациялық бағыттылығына қажеттілік бірқатар жағдайлармен айқындалады. Біріншіден, білім беру мазмұнына талаптың күшеюі, қоғамда жүріп жатқан өзгерістер білім беру жүйесін, оның әдістемесін, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың технологиясын түбірінен жаңартуды талап етуде. Бұл жерде педагогикалық білімнің рөлі мен белсенділігі басымдықта болып отыр.
Екіншіден, ұстаздардың өз қызметінде жаңалықты игеру және қолдануға деген көзқарасының өзгеруі. Егер бұрынғы уақытта жоғарыдан ұсынылған жаңалықтарды қолданумен шектелсе, қазіргі уақытта барынша зерттеушілік, ізденгіштік сипат ала бастады. Сондықтан да білім беру ұйымы басшыларының маңызды шараларының бірі – мұғалімдердің енгізген инновациясына талдау жасап, баға беру, оны іске асыруға, қолдануға қолайлы жағдай жасау болуы тиіс.
Үшіншіден, білім беру ұйымдарының нарықтық қатынастарға енуі, жаңа типті сынып ішінде мемлекеттік емес оқу орындарының құрылуы нақты бәсекелестік ахуал туғызуда.
Педагогтың инновациялық қызметке дайындығын қалай анықтауға болады? Бұл жағдайда педагог әлеуеті мына парметрлермен байланысты:
- жаңа көзқарастар мен идеяларды елестете алу және генерациялау, оларды іс жүзінде жобалау және моделдеуге шығармашылық қабілеттілігінің болуы;
- ойлаудың понарамалық және икемді болуы, сондай-ақ қолжетімді білігінен межеленген жаңалыққа жетуге дайын болу;
- өз қызметін жетілдіруге деген ниеттің болуы мен оны қамтамасыз ететін ішкі әдістер мен құралдардың болуы.
Оқу-тәрбие үрдісінде педагогикалық жаңалықтарды енгізу 4 кезеңнен тұрады: жаңа идеяны, жаңалықтарды іздестіру, зерделеу; жаңалықтарды ұйымдастыру; жаңалықтарды енгізу (оқу-тәрбие үрдісінде жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалану); қорытындылау.
Педагогикадағы тәжірибелерге сүйене отырып, инновацияның келесі критерийлер жиынтығын анықтауға болады: жаңашылдық, жоғары нәтижелік, оптималдық, жалпы тәжірибеде тиімді қолдану мүмкіндігі.
Бұл орайда басты критерий – жаңашылдық, сондықтан инновациялық үдерісті қолға алған мұғалім бұл жаңалықтың мәнін, жаңашылдығының деңгейін анықтап алуы тиіс. Инновациялық жаңашылдықтың бірнеше деңгейін бөліп көрсетуге болады. Олар: абсолютті, шартты, локальды-абсалютті, субьективті, танымалдық деңгейі және қолдану аймағы бойынша.
Ал, критерийлер жүйесіндегі оптималдық − нәтижеге қол жеткізуге мұғалім мен оқушының жұмсаған күшінің шығыны мен қолданған тәсілінің тиімділігін айқындайды. Мұғалімдер әртүрлі еңбек жағдайында түрлі оқушылар арасында бірдей жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Оқу процесіне педагогикалық инновацияны енгізе отырып, барынша аз ой-еңбек пен аз уақыт жұмсап жоғары нәтижеге қол жеткізу оның оптималдығын білдіреді. Инновацияны бұқаралық тәжірибеде қолданудың бастапқы кезеңі жекелеген мұғалімдер мен тәрбиешілердің жұмысына негізделгенімен, олар сыннан өтіп, обьективті баға алған соң ғана жалпыға бірдей қолдануға енгізіледі. Жоғарыда аталған критерийлерді білу және педагогикалық инновацияны бағалауда қолдана алу педагогикалық шығармашылыққа негіз болады.
Білім беру үдерістерін жаңарту тұжырымдамасы мен мазмұнын ескере отырып, педагогтің инновациялық қызметі әдістемелік-бағытталған және проблемалық-бағытталған болып бөлінеді.
Әдістемелік-бағдарланған қызметті қолдану кезінде қандай да бір технологияны (жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану және білім беру мазмұнына ықпалдасу принципін қолдану, т.б.) іске асыру болжанады. Әдістемелік-бағдарлықшеңберінде педагогтың инновациялық іс-әрекетінің тәжірибесіне сүйене отырып, бірнеше оқыту түрлерін (дамытушы, сараланған, жобалық, проблемалық, бағдарламаланған, модульдік) пайдалана алады. Бұл технологияларды қолдануда міндетті шарт – осы тәсілдерді қолдана алатын мұғалімнің дайындығы мен құзыреттілігі.
Проблемалы-бағдарланған қызмет жеке тұлғаның бәсекеге қабілеттілігінің жоғары дәрежесін қалыптастыруды көздейді. Бұл жерде педагогтың қызметі − оқушылардың бойында өзіндік жеке және әлеуметтік маңыздылығын ұғыну және мәселелер мен міндеттерді өз бетінше шешу, мақсат қою, сондай-ақ бәсекеге қабілетті тұлғаның шығармашылық дамуының міндетті шарты болып табылатын − өзін-өзі белсендіруді қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі білім беру жүйесіндегі ең өзекті мәселелердің бірі − әлеуметтік бәсекеге қабілетті адамды тәрбиелеу. Осындай ұғымға кәсіби тұрақтылық, тұлғаның әлеуметтік ұтқырлығы және біліктілігін өздігінен арттыруды жүзеге асыру қабілеті кіреді. Бұл ретте инновацияға бейімділік болашақта қызмет саласын, кәсіби ортасын оңай өзгертуге және анағұрлым беделді болып табылатын жаңа еңбек саласына көшуге әрқашан дайын болуға мүмкіндік береді. Қоғамның осы даму кезеңінде бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға әдістемелік және проблемалық-бағдарланған инновацияларды оқыту процесіне енгізу арқылы қол жеткізуге болады.
Сонымен, белгілі дидакт ғалымдарымыздың ұсынған анықтамаларын зерделей келе, инновацияны педагогикалық мақсаттарға жетуге кепілдік беретін, алдын-ала жобаланған, бірізді жүзеге асатын оқу-тәрбие үдерісінің жүйесі деп түсінгеніміз жөн, демек «инновация» − педагогикалық жаңашыл әрекетке жатады және ол мектептегі құбылысқа тың жаңалық: жаңа бағдарламаны, оқу жоспарын, әдіс-тәсілдерді зерделеу және оқу-тәрбие үдерісіне енгізу құралы болып табылады.
Кез-келген педагогикалық технология философиялық негізде қаралады. Білім әлеміне еніп жатқан инновациялық технологияларды реттеу, жүйелеу және сұрыптау арқылы педагог жаңа инновациялық педагогикалық технологияларды пайдалануда өзін-өзі дамытады және қалыптастырады, оқушы қызығушылығын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырады, білім сапасын арттырады. Сондықтан да, жас ұрпаққа білім беру жолында инновациялық технологияны оқу үрдісінде пайдаланып, тиімдімділігін арттырудың маңызы зор.
Қоғам талабына сай тәрбие мен білім беру үшін ұстаздарға еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда үлесі зор осы инновациялық іс-әрекеттің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеру басты мәселе болғандықтан, білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын табу, оны тәжірибеге енгізу барысында жұмыстану уақыт күттірмейтін мәселе.
Қолданылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.
- Коростылева Л.А., «Инновационные технологии в обучении школьников» СПб., 2008,
- Безруких М. М., Ефимова С.П., «Технологии обучения» М., 2006.
- А.А.Нұрғазинова «Инновациялық технологияларды тиімді пайдалану – сапалы білім кепілі» Талдықорған., 2017.