БІР КҮНДЕ ҚАТАР ТОЙЛАНҒАН ҮШ МЕРЕКЕ

1  478 көрілім

  Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де қарттар күні қарсаңында аяулы ұстаздар қауымының төл мерекесі ескеріліп, жаңа оқу жылына табан тіреген студенттердің алғашқы қабылдау кеші тойланды. Салтанатты шара шымылдығы оқуға жаңадан қабылданған студенттердің шеруімен түрілді. Жиын барысында сөз алған аталмыш университеттің президенті Б.Абдрасилов биылғы жылдың студенттер үшін ерекше жылға айналып отырғандығын айтты. Сондай-ақ, түлеумен қоса жаңа кейіпке енген Түркістанмен қатар білім ордасының көркейіп жатқандығын тілге тиек етті.

  «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа стратегиялық жоспар негізінде университтеті дүние жүзіндегі, түркі әлеміндегі жоғары деңгейдегі оқу орындарының қатырына қосуға жұмыс жасаудамыз. Студенттерге жайлылық сыйлау мақсатында жатақхананың санын көбейту көзделіп отыр. Бұл ретте, жаңа заман талабына сай, түркиялық үлгідегі 500 орындық жатақхана салуды жоспарға алып отырмыз», – деген Б.Абдрасилов жаңа оқу жылымен жастарды құттықтап, ұстаздар мерекесіне орай 30-ға жуық білікті мамандарға алғыс хаттар табыстады. Бұдан бөлек, гуманитарлық ғылымдар факультетінің студенті Айгерім Мұрат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, бұл білім ордасы 1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назабаевпен Түркияның экс-президенті Сүлеймен Демерелдің ұйытқы болуымен бой көтерген болатын. Қазіргі таңда 10 мыңнан аса студент білім алуда. Алғашқы жылы 300 студент қабылдағанын ескерсек, жыл сайын оқуға түсетіндер саны артып келеді. Биылғы бірінші курсқа 3370 жас қабылданса, оның 1300-ге жуығы мемлекеттік грант иелері. Тарихы терең, тәуелсіздікпен құрдас жоғарғы оқу орны бүгінде түркі тілдес елдердің жастарының басын бір арнаға тоғыстыруда. Соның бірі Гозель Аллабердиева. «Мен өз елімде жүріп, Қазақстандағы ХҚТУ-нің бар екенін интернеттен көріп, қызығушылық таныттым. Көптеген жоғарғы оқу орындарымен салыстыра келе таңдауымды жасап, осында оқуға түстім. Мен таңдауымның дұрыс болғанына қуаныштымын.. Себебі, ұстаздарым мен достарым маған әрдайым жылы қабақ танытады. Әлемдегі түркі тектес ұлттарды осы халықаралық деңгейдегі оқу орнына білім алуға шақырамын», – деді Қырғыстанның тумасы Гозель Аллабердиева.

Ұйымдастырылған кеш еліміздің өнер жұлдыздарының әнімен әрленді. Жайдарман әлеміндегі үздік әзілкештер жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, концерттік бағдарлама соңында көз тартар отшашулар шашылды.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы