Таяу күндері «Ұлы дала елі» орталығында «Армандар орындалады» атты жоба аясында қайырымдылық акциясы өтті. Бұл игілікті істі үйлестіріп, тиісті ресми және қоғамдық ұйымдарды біріктіріп, ұйымдастырып, басы-қасында бәйек болып жүрген ұлағатты ұстаз, «Шапағат» медалінің иегері, он үш жылдан бері еріктілер қатарындағы қоғам белсендісі, соңғы он жылда «Ақ ниет» акциясының аясында жиналған қаржы есебінен әр жұма сайын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік таратуға да үлес қосып жүрген, сондай-ақ ерекше балаларға арналған осы «Армандар орындалады» қайырымдылық жобасының авторы Әсел Маханбетқызы Бимырзаева.
«Бір айда шамамен он-он бес баладан тілек-хат түседі. Сол хаттар нөмірленіп, ішінде баланың өзі жіберген хаты мен суреті бар жабық конверттер демеушіге табысталады. Қай нөмірлі хатты алатынын олар өздері таңдайды. Мысалы, бүгін демеуші болуға тілек білдірген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевқа велосипед сұраған баланың хаты түсті. Тілектер әр түрлі болып келеді. Мүмкіндігінше тілектерін орындауға тырысамыз. Мысалы, аутист баланың самокат сұраған кезі болды. Біз оған іштей күдікпен қарап, сеніңкіремей жүрдік. Бірақ, генерал Мұрат Қабденов самокатты өз қолымен апарып тапсырған кезде, әлгі балапан алғаш рет болса да, «темір тұлпарын» мініп алып, зырылдап жүргенде бәріміз таң қалдық. Сондықтан ерекше балаларға қарап «мынау қолынан келмейді» деу қателік екен. Мұндай қаншама балалар бар бізді таң қалдырып келе жатқан» – дейді Әсел Маханбетқызы.
Ерекше балалар арманы орындалған іс-шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы Қырықбаев қатысып, сонау Созақ өңірінен келген он балапанға, олардың ата-аналарына, қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ізгі ниетін жолдады. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деген керемет дана сөз бар. Жаратылысы да, табиғаты да ерекше балалардың арман-тілегінің орындалуына себепкер болып, қуаныш сыйлаған жаны да, қолы да жомарт жандардың есімдерін атап өтер болсақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «Түркістан-медиа» холдингінің тележүргізушісі Айтбай Айдар, «Бөбек» бала-бақшасының меңгерушісі Ұзақ Гүлбану, «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының мұғалімі Бибайым Тоқташқызы, жеке кәсіпкер Біржан Хантөреев, облыстық жер қатынастары комитетінің бөлім қызметкері Марат Әбуов, «Тармақтар» кітабының авторы, ақын Еламан Төлеутай, Қ.А.Ясауи атындағы колледж директоры Алтынбек Кенжалиевтей азаматтар демеушілік етті. Сондай-ақ, Созақ ауданының әкімі Тұрысбеков Мұхит Сексенбайұлының да бұл игілікті істе құлшыныс танытып, балдырғандар мен ата-аналардың, оларды бастап келген әлеуметтік қызмет өкілдерінің киелі Түркістанға сапарын қадағалап, арнайы көлік бөліп қамқорлық жасағандығын айта кеткен ләзім. Бұл күнгі қайырымдылық шарасында жанарға жас үйірген толқулы сәттер көп болды. Балалардың тілек-хаттарында жазылған велосипедтер, домбыра, ханшайымның көйлегі, самокат, музыкалық аспаптар жиынтығы табыс етілген сәттегі балдырғандардың бақытты жүзін көрудің өзі бір бақыт екен. Мәселен, туа бітті цилиакия сырқатымен ауыратын Алуа Қыдырбаеваның самокат сұраған тілегін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мырза орындады. Сондай-ақ он жастағы Сейітқали Еңлікке өзінің қалауы бойынша үш аяқты велосипедті Түркістан облысы жер қатынастары бөлімінің қызметкері сыйға тартты. Тоғыз жастағы Бақберген Аймөлдірдің қалауын жүзеге асыруға жоғарыда есімі аталған жеке кәсіпкер атсалысып, ханшайымның әдемі көйлегі ақша қардай әппақ аяқ киіммен, көз тартар тәжімен бірге кигізілді. Осы орайда «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» – деген халық мақалы тектен-тек айтылмағандығын жан-дүниемізбен тағы бір сезіндік. Бала қуанышы бір төбе, жобаның аты айтып тұрғандай, олардың жүрегіне, сана-сезімі мен түйсігіне арман-қиялдың да орындалатын күні бар екенін ұялатудың маңызы өте зор. Осы сенімді «Армандар орындалады» қайырымдылық жобасының аясында бүгінгі таңға дейін 542 баланың жүрегіне ұялатып жүрген нәп-нәзік қазақ қызы, ұстаз, ақын, аяулы ана Әсел Бимырзаева. Әу баста үйде сабақ алып жүрген науқас баланың бір ауыз сөзі ой салып, тебіреністі жанашырлықтан туған бастаманың мейірімге жол салар ауқымды жобаға ұласатынын Әселдің өзі де пайымдап үлгермеген. Бір-біріне себеп болып, жалғасқан қайырымды қадамдар балалар жүзіне шапағын шашқан ұлы іске ұласты. «Кімде-кім ізгі амалдарды жасауға себепкер болса, сол істі өзі істегендей сауап жинайды» – делінген Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.а.) хадистерінде. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен, өзінен өзгені ойлау кеміген мына заманда ерекше балалардың жайын ойлап қана қоймай, соны жүректерге жеткізіп, қозғау сала білген Әсел Бимырзаеваның өнегелі ісі өзгеге үлгі. Сондықтан да мен бүгін шағын мақалама «Орындалған армандардың «әпкесі» деген теңеу түріндегі тақырып қойғым келді. Әрине, шын мәнінде, армандарда әпке болмайды. Бірақ, сол арман-қиялдардың орындалуын күтіп жүрген балбөбек балдырғандарымыз бар. Сол армандардың орындалуы жолында қоғам мен ерекше балалар әлеміне «алтын көпір» салып, орындалған армандардан алтын қамал тұрғызған, атына заты сай, жыр өрнектеген жүрегі жылылыққа толы Әсел қызымыз бар! Мақтауға да, мақта-нуға да тұрарлық осындай қыздарымыз барда, әрине, «Армандар орындалады»!
Роза НАРЫМБЕТОВА.