1990 жылы 14-желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында халықаралық қарттар күні бекітіліп, 1991 жылдан бастап 1-қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі болып аталып келеді. Мерекенің мақсаты – аға буынның қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың қажеттіліктері мен әлеуметтік мәселелеріне жіті назар аудару және қамқорлық көрсету.
Қай қоғамда да, қай заманда да аға ұрпақ білім-білігін, өмірлік тәжірибесін жастарға беру арқылы қоғам дамып, өркениет жалғасып келеді.
Бүгінде еліміздің үлкен жетістіктерге жетіп, дүние жүзіне танылған, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, іргелі мемлекет атануына ардагерлердің сіңірген еңбегі мол. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ардагерлер күні бүгінге дейін қоғамдық өмірге белсене араласып, еліміздің елеулі азаматтары болып отыр.
Өткен ғасырдың ортасында екінші дүниежізілік соғыстың қырғынын бастан өткізіп, соғысқа қатысқан және тылда жұмыс істеген ардагерлер майдан қажеттіліктерін өтеуде де аянбай еңбек етті, ұрпақ өсірді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда еліміздің экономикасын бейбіт өмірге бейімдеу үшін де тер төкті.
Өкінішке қарай, олардың қатары саусақпен санарлықтай күннен күнге азайып келеді. Қазіргі таңда қаламызда 1 Отан соғысының ардагері, 308 тыл ардагерлері және Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер есепте тұрады.
Жалпы қаламызда 16220 зейнеткер болса, оның 9068 астамы Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің 24 бастауыш ардагерлер ұйымдарында есепте тұрады. Олардың ішінде 75 жастан асқан қарттарымыздың саны 2600.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауда да мыңдаған ардагерлеріміз жанкешті еңбек етті, стратегиялық бағдарламалардың маңызын халыққа түсіндіруде де, тікелей іске асыруда да аянып қалған жоқ. Өндірістің барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің мол тәжірибесін Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан нық тұруына жұмсады.
Бүгінде ата, әже жасына жетіп, ардагер атанып отырған аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз өздерінің сіңірген еңбектеріне лайық мемлекет тарапынан қамқорлық көре ме?
Биылғы жартыжылдық есеп бойынша Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен жалғызбасты 37 қарт ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсетілген, 345 ардагер санаторлы- курорттық емдеу орындарына жіберілген. Қаламызда 3 мөлтек аудандарда қарттарға арналған тегін қызмет көрсететін «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылды.
Ардагерлер туралы және олардың тұрмыс тіршілігі жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде теледидар арқылы тұрақты түрде хабарламалар беріліп келеді, сонымен қатар әлеуметтік желілерде де көптеген материалдар жариялануда.
Ұйымның ардагерлері қала көлемінде жастардың қатысуымен өткізілген ірі көлемдегі іс-шараларға белсене қатысып, ол жерлерде жастарды қазақстандық патриотизм, ата-бабамыздың үздік салт-дәстүрлері негізінде тәрбиелеу жұмысы бағытында мағыналы әңгіме кездесулер өткізді. «Фараб кітапханасында» арнайы зейнеткерлер клубы ашылып, онда тұрақты түрде ардагерлердің еңбек жолдары мен жастарды тәрбиелеудегі орындары жайлы келелі мәселелер көтеріліп отырды.
Ардагерлерді туған күндерімен құттықтау және олар туралы газет беттеріне жариялау дәстүрге айналды. Ардагерлер ұйымының жанындағы «Әжелер алқасы», «Әкелер мектебі» бірқатар жұмыстар жүргізе бастады. Бұл тақырыпта әке мен ананың, оқу орындарының «Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер сабақтастығының тәрбиелік мәні», «Бәріде Ана бір өзіңнен басталады», «Қыз өссе елдің көркі» деген тақырыпта қаланың мектептерінде дөңгелек үстелдер өткізілді.
Ардагерлер үлкен құрмет, қымбат сыйлық қажет етпейді. Оларға ең бастысы, өздеріне назар аударылып, ыстық ықылас білдірілсе, еткен еңбектері еленіп, есімдерінің ескерілгендеріне дән риза.
Себебі олар саналы ғұмырларын тынымсыз еңбектері арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалауда өз үлестерін қосты. Олардың жүріп өткен өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, табылмас қазына.
Олай болса, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген ардагерлерімізді құрметтейік!
Түркістан қаласының ардагерлерін Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына құт-береке тілеймін.
Ұрпақтарының рахатына бөлене берсін! Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!
Жарқынбек ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,
Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.