- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Бүгін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының мәжіліс залында түркістандықтар Англия корольдік урбанизация институтының (RTPI), Шотландия корольдік сәулетшілер қауымдастығының (RIAS), Британдық сәулетшілер корольдік институтының (RIBA) мүшесі, сәулет және қала құрылысы саласындағы халықаралық сарапшы, қоғамдық кеңістікті құруда терең білімді азамат Рикардо Маринимен кездесті. Ол “Түркістанның қайта өркендеуі – адамдарға арналған қала” тақырыбында өткен басқосуда тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жайында пікірі мен ойын ортаға салды.

“Қала басшылығының қолдауымен шақырып, осындағы жобалаушы мекемелер, сәулетшілер, дизайнерлер, қызығушылығы бар жастар заманауи форматта қандай әлемдік үрдістер бар екендігімен ой бөлісуде. Р.Маринидің қоғамдық орындарды қалыптастыруда тәжірибесі мол. Түркістан жаңа облыс ретінде енді өркендеп жатқан қала болғандықтан, олардың көзқарасын тыңдай отыра, өзімізге қажетін алып қалуды көздеп отырмыз”, – деді сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жандос Тасов.

Р.Марини Түркістанды бір апта бойы шолып, зерттеп, зерделеп, көшелерді жаяу аралап, әкімшілік-іскерлік орталық, жалпы шаһардың тыныс-тіршілігімен танысқан. Осылайша, рухани мекен жайлы толық ақпарат алып, сол бойынша талдау жұмыстарын жүргізген.

Әлем халқы Рикардо Мариниді шабыттандырушы урбанист деп есептейді. Ол өз сөзінде, жаяу жүрудің маңызына, көліктердің көбеюі ауаның ластануына әкеп соғатынын айтты. Көлік инфрақұрылымын дамытуды алға тартып, “Көлікпен мақтанатын заман емес, адам жаяу жүру керек” деген сарапшы жаяу жүргіншілерге жағдай жасалу керектігін де баса айтты.

Шетелдік қонақ адам жүрегіне қуаныш сыйлайтын орындарды тиімділік үшін бұзу оны қынжылтатынын, сонымен қатар, ол қала құрылысының негізі мәдениет, тарих және өнер арқылы болатынына сенімді. Gehl Architects-те (Копенгаген) бас директор ретінде қызмет еткен жылдары Рикардо Марини Сидней, Нью-Йорк, Копенгаген, Мельбурн, Алматы және т.б. қалаларда қоғамдық кеңістікті дамытуға үлес қосқан.
Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
“Түркістан”.