«Көшпенділер» фильмін түсіргенде осындай ежелгі жасанды қалашық салыпты. Сол қазір Қапшағай маңында қаңырап тұр екен. Туристер барып сол жерде суретке түседі екен. Бұны көрген қазақтың бір дарынды ұлы Айсұлтан Сейітов «ойпырмай, мынау қамал керемет екен» деп сол жерде әйгілі «Медина» клипін түсіріпті, қазір ол қаңырап тұр.
Туризмді жандандыру мақсатымен осындай қалашықтарды климаты 9 ай жаз болатын Шымкент-Түркістан өңіріне салып туристер тартса болады екен. Жалпы Шым өңірі «менмұндалап» тұрған нағыз туристік өңір ғой. Ол аймақ тарихы тұн-ған әйбат мекен. Отырар, Сайрам, Созақ, Түркістан. Түркістан демекші, келешекте түркішілдік модаға еніп тренд болады. Біздің этно-фольклорлық «Ер Тұран», «Хассақ» деген топтар түркі елдеріне барып концерт берсе аналар кәдімгідей қы-рылып талып қалады. Сол «Ер Тұранның» «Түрік қаны» деген туындысы әлде-қашан түркі халықтарының әскери әнұранына айналып кеткен. Түркі әлемінде түркішілдікке деген сұраныс зор. Жақында түркітанушы түрік профессоры Ахмет Ташағыл «біз енді түркішілдікке бет бұрып түркі боп жатырмыз» – деді. Ол рас. Түркияның әскери министрі Хулуси Акар былтыр елге келіп тебіреніп кетті. «Мен атажұртқа келдім» депті. Әлемде 250-300 миллион түркі халқы бар екен. Олардың бәрі Түркістан өңірін атажұрт санап солай елжіреп келеді. Сонда бізде оларға көрсететін әлгі жасанды Венеция, тайқазан мен кесенеден басқа дәнеңе жоқ екен. Қазір оған тек көпір жасап, жылтырақ ғимараттар жапсырып сылап жатқандай…
Идея жоқ, креатив жоқ, ескі Тұранның көрінісі тіпті жоқ. Ал ол маңның туризм идеясы меніңше, бағзы көшпенді өркениетін көрсетуде болса керек. Алайда біздің үкімет ол жерден қазір шағын Астананың көрінісін ғана жасағысы келетін сияқты.
Бір мысал үшін мен бұ жерде мынаны айта кетейін. Осы Шымкент-Түркістанмен бір географиялық белдеуде жатқан Гүржістан еліне турист тарту үшін жас Саакашвили тау тас жағалап тарихи қамалдар салып әбігер бопты бір кезде. Сонда ол қамалдарға өтірік тарих жазып турист тартады екен. Оның сол еңбегі ақталып, бүгінде Грузия туристік елге айналды. Ал мына біздің күнгей өңір онсыз да небір тарихи оқиғаларды бауырына басып жатқан өңір. Тек соны креативке салып сөйлете білсеңіз болғаны.
Түріктің туристік компаниялары бұны білсе баяғыда майын шығарып бұл аймақты туристік зонаға айналдырып жіберер еді деген ойдамын. Біздің күнгей өңірге осындай этно ауылдар мен жасанды қалашықтар салуға болады екен. Қалашықтарға манекенмен адамдар салып оның тұрмысын бейнелеп тірілтсеңіз оның әсері тіпті сұмдық болмақ:
«Мынау ауыл ежелгі түркі бүркітшілерінің ауылы»;
«Мынау қала – ежелгі Сайрамның, Созақтың жасанды қаласы»;
«Ал мына ауыл – жылқышылар ауылы, қымыз, ат, бәйге, ет бәрі осында»;
«Ал мына ауыл – көне түркі этно ауылы»;
«Ал мына жер – этно базар. Бұл базарда түркінің аспабы қобыздан бастап, шапан, сувенир бәрі сатылады»;
«Ал мына далада түркі балбал тастарымен көне жәдігерлеріміздің көшірмесі жатыр»;
«Мына жерде әр кеш сайын түркінің дәстүрлі әндері өтетін концерт болады, бүгін кешке мұнда Алматыдан «Ер Тұран» келмек, ууу!»;
«Ал мынау Отырар қаласы, Шыңғыс пен Хорезмшаһтың шайқасы болған тарихи жер, қиян кескі шайқастың кезін тамашалаңыздар»;
«Тағы музей – көрмеміз өз алдына» дегендей тағысын тағы;
«Неден бастайсыз, атқа мінесіз бе, такси, автобус аласыз ба?». Тағы креативті жастар бұл тақырыпты іліп әкетіп небір жаңа бастамалар көтерер еді.
Бұл дегеніміз — логистика, туризм, жүздеген қызмет көрсету орындары, мыңдаған жұмыс орындары, миллиардтаған көл-көсір пайда, шытырлаған ақша. Сол кезде Түркістан нағыз туристік аймаққа айналар еді.
Ретін тапсаңыз, осы аймақты осылай гүлдендіріп туризм орталығына айналдырып жіберуге болады екен. Кейін ол аймаққа «Ескі Тұран» немесе «Түркістан» деген секілді бір атауын қойып түркі халықтары мен шетелдіктер арасына кеңінен насихаттап жіберсе, туристер миллиондап ағылар ма еді?..
Жалпы, Шымкент-Түркістан өңірі өз потенциалын ашпай жатқан нағыз туристік өңір. Мен сол аймаққа қатты қызығамын.
Олжас ӘБІЛ.
2020 жылғы жазба.