ТІЛ ТҰҒЫРЫ – ҰЛТ ҒҰМЫРЫ

1  938 көрілім

Жат қылықтың құрысын беті әрі,

Күресейік мұнымен жас пен кәрі.

Ата-салтын ардақтап, тіл мен дінді,

Етейікші жағымды дертке дәрі!

Елтай Бимаханбетұлы.

Тіл үшін күрес, өмірлік күрес. Адамзат жаратылғалы бері шешендер, ақындар әсіресе айтыскер ақындар асыл сөздің мәйегін түзіп, халқына қызмет етіп келеді. Тілдің де қорғаушысы, жанашырлары болмаса жаһандану дәуірінде жойылып, сол ұлттың аты да, заты да жоқ болып кетіп жатқан жайлар да баршылық. Осыны неге екенін қайдам түсінгісі келмейтін, көңіл бөлмейтін, немқұрайлылық біздерде де баршылық.

Осы бағытта атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстар легін академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы талант иесі ретінде, білімдар азамат ретінде көрсетіп, көпшілікке үлгі болып жүр. «Ана тілі» газетінің бетінде және Қазақстандағы барлық қалалар мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамы мен жоғары оқу орындары басшылары және қоғам қайраткерлері бас қосқан жиналыста жайып салды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін салған бастауында барша қазаққа қадірлі, көрнекті тілші, ғалым, қайсар қай-раткер тұлға, академик Әбдуәли Туғанбай-ұлы Қайдардың еңбегін еске алды. «Қазақ қоғамының» өзі тудырған заман сұранысынан, жұртшылыққа қажеттілігінен өмірге келген қоғамды қозғаушы күш ретінде өз мүддесінен биік қойып, туған тілдің туын жоғары көтеруге белсеніп, тіл майданын бастаған Әбекеңнің ішкі жігері мықты, рухы асқақ, алған бетінен қайтпайтын қайсар, ұстанған принципіне адалдығы мен табандылығын алға тартты.

Қара бастың қамынан ұлт мүддесін жоғары қойып, елдік ұйым құрмақ болған бұл тұлғаның қасынан біз де табылдық,- дейді халықаралық «Қазақ тілі қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы. Жалпы еліміз бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысы, «Тіл» заңы Қазақстанда тұратын барлық азаматтарға орындалуы ортақ заңдылық құдіреті бар құжат. Соны түсінбейтін, түсіне отырып түсінгісі келмейтін мемлекеттік қызметкерлер, әкімшілікте отырған әкімдер арасынан да әртүрлі азаматтарды кездестіріп жүрміз.

Елбасы Н.Назарбаев баяндама жасап, үкімет қолдаған, министрлер мақұлдаған «Жаңа Президентіміз көңіл бөліп отырған», Президент Жолдауларында әлденеше рет еске салып жүрген мемлекеттік «Тіл заңы» талаптарының облысымызда орындалуы нашар. Баяғы немқұрайлылық орын алған. Жарғы талабы бойынша 10 адам жұмыс істейтін барлық құрылымдарда қоғамның бастауыш ұйымдарын құрып, халық құндылықтарын өркендетуге үлес қосуы тиіс. Бастауыш ұйымдардың атқаратын жұмыстары жайлы мекемелерге жолданған қызметтік қатынастарымызда көрсетудеміз. Мекен-жайымыз: Тәуке хан даңғылы №278,  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Өнер» факультеті, 2-қабат №205 кабинет. Сымтетік: 8-771-561-70-16, 8-700-700-18-67, 3-11-01.

Тіл мұраты – халықтық мәселе. Көптің қамқорлық құрметі негізінде кең өріс алуына әрбір азамат үлес қосуы қажет. Осы бағытта біздің жеткізіп отырған қызметтік хатымызға басқармалар, түрлі деңгейдегі әкімдер, кейбір мекеме басшылары жауапсыз қалдырып отыр. Қызметтік хатқа, арыз-шағымға 10 күнде, ары кеткенде бір ай көлемінде жауап берілуі де заңда көрсетілген. Соның нәтижесінде кейбір облыстардағы «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестік басшылары бас қосқан жиындарда мадақталып, газет беттерінде жарияланған еңбектері еленіп, алғысқа ие болып жүр.

Неге екені белгісіз біздің Түркістан облысы соңғы орында. Бұған мен жақында ғана облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің басшысы болып бекітілген соң зер салып, басқалардан қалу себебімізді емес, қалмауды ойлап әрекет етудемін. Бірлестік жұмысы жер-жердегі бастауыш ұйымдарының іс-әрекеттеріне байланысты бағаланады. Қаржы мәселесі де солардың жанашырлық танытып, қолдауына сүйенеді.

Мысал келтірейін, көптеген облыста 700-ден аса бастауыш ұйымдар бар. Ақтөбе облысында нақты 641 бастауыш ұйым құрылып, 130 мың мүшесі бар. Тілді дамыту, мемлекеттік тілді өркендету бағытында жұмыстар жүргізіп отыр. Ал, бізде қалай? Облыс бойынша 20 ғана бастауыш ұйым бар. Бастауыш ұйымдар құрайық. Тіл Заңына сай қызмет атқарайық деген хатымызға неге үлес қоспайды деген ой бізге маза бермейді. Халық тығыз орна-ласқан облысымызда кем дегенде мыңға тарта бастауыш ұйым жұмыс істеуі керек.

Көршілес Қызылорда облысында Қазалы аудандық «Қазақ тілі» қоғамына аудан әкімі УАЗ автокөлігін сыйға тартқан. Тағы басқалар да Ана тілін қолдау, қорғау, қуаттауға басшылыққа көмек көрсетуде. Тілге көмектестіңдер деп ешкім оларды жауапқа тартқан жоқ. Бізде ше? Халықтың жұмысы жүрмей, қолдау күтетіндерге өздерінің ынталарын білдіріп, көмек таны-татын кәсіпкерлерге де осы жазуларымыз жетсе, мырзалықтарын танытса, жеке адам үшін емес халық құндылықтарына қолғабыс жасар деген ойдамыз.

Мұсахан ДҮЙСЕКЕЙҰЛЫ,

Түркістан облысы бойынша «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы