ЖОЛ АҚЫСЫ 70 ТЕҢГЕГЕ ҚЫМБАТТАУЫ ЫҚТИМАЛ

1  587 көрілім

          

  Бұл жөнінде бүгін қала әкімдігінде өткен брифингте белгілі болды. Өңірлік және қалалық журналистермен өткен баспасөз мәслихатында шаһар басшысының орынбасары Жандос Баирханов «Жолаушы» ЖШС мекемесіне қойылар талаптарды да тізіп шықты. Әлбетте, ол талаптарды жол ақысы көтерілген жағдайда жүзеге асыру жіті бақыланады. Айтар болсақ: автобустарды жаңарту, жеңілдіктер жасау, барлық қоғамдық көліктерде кондукторлардың болуы және жүргізушілердің еңбекақысын көтеру, сондай-ақ, белгіленген межеге жетпей қайтып кететін жүргізушілерді де назарға алуды баса айтты. Иә, бұл талаптардың барлығы сіз бен біз секілді қоғамдық көлікпен жүретін жандардың ойында жүрген сауалдар. Себебі, әлеуметтік желілерде де бұл мәселе маңыздылығын тоқтатқан емес. Егер жоғарыдағы талаптар баға көтерілгенімен орындалмайтын болса, егер бекітілген жағдайда арадағы шарт та өз күшін жоятынын мәлім етті.

  «Жолаушы» ЖШС мекемесінің атқарушы директоры Медетбек Жұмагелдіұлының айтуынша, 7 жасқа дейінгі балалар тегін, ал 7-14 жастағылар 50 пайыз жеңілдікпен жүре алады. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерді кешкі сағат  20:30 бен 21:00-ге дейін ұзарту қарастырылмақ. Ал, бағыттардағы GPS құрылғылар бүгінде 60 пайызды құраса, алдағы 2-3 ай ішінде толығымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қала ішінде 8,5 және 9 метрлік автобустар жүргізуді де қолға алмақ ниетте. Бұл автобустардың бағасы 30-40 млн. теңгені құрайды. Бұл ретте, сыйымдылығы үлкен және екі есікті автобустарды толықтыруға күш салмақ. М.Жұмагелдіұлы 2020 жылдың соңына дейін сыйымдылығы үлкен автобус бағытына 100 пайыз өтуге уәде берді.

  Елімізде қоғамдық көліктер бағасы бойынша Түркістан қаласы ең төмен бағалар қатарында. Жауапты мамандар алда қосымша бағыттар ашып, компаниялар тартуды көздеп отыр. Дегенмен, қазіргі бағаға олардың қызмет етуі де екіталай деген болжамға келді.  

  Бүгінде қала тұрғындары діттеген жеріне жету үшін белгіленген тариф бойынша 50 теңге төлейді. Бұл шешім 2017 жылдың 1-қаңтарынан күшіне енген еді. Үш жыл бойы Түркістан халқы осы тарифті қолданып келді. Жалпы, қазіргі таңда қалада 270 қоғамдық көлік болса, оның 150-ге жуығы автобус, қалғаны шағын автобустар. Ал, шаһарымыз 2018 жылы облыс орталығы атанған соң, жолаушылар көлігі мен оның сапасына да сұраныс тоқтаған емес. Осы мақсатта, «Жолаушы» ЖШС тарапынан 26 жаңа автобус алынып, тасымалға жіберілген болатын.

  Айта кетейік, жол ақысын 70 теңгеге көтеру және бұл тарифті есептеу мәселесі бойынша комиссия отырысы аяқталып, тұжырымдамасы берілген. Енді мәслихаттың қарауына жолданып отыр. Шешім бойынша жолаушы тасымалының бірыңғай тарифі белгіленбек.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы