ТҮРКІСТАННЫҢ АРЗАН БАЗАРЫ ҮШІН КЕЛЕТІНДЕРДІҢ САНЫ АЗАЯДЫ МА?

1  320 көрілім

  ҚР Салық кодексінің 165 бабы бойынша қолма-қол есеп айырылысатын, қызмет көрсететін немесе саудамен айналысатын жеке кәсіпкердің онлайн режимдегі кассалық аппарат қолдануы келер жылдан бастап Заңға енгізілген. Яғни, кассалық аппаратпен жұмыс істеу 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге аспақ. Алайда, саудагерлер ол жүйенің өздеріне тиімсіз екендігін алға тартуда. Олардың айтуынша, Түркістанға келетін өзге өңірдің тұрғындары алдымен төмен бағалы базарына аяқ басады екен. Ал, бұл аппаратты қою, тауарларының бағасының көтерілуіне әкеп соқтырады дейді. Себебі, салық тек тапқан табысқа қойылмайды.

  Осы мақсатта, қала әкімдігінің мәжіліс залында шаһар басшысының орынбасары Тәжібек Мұсаев пен қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Исабаевтың қатысуымен кассалық аппарат бойынша кәсіпкерлермен кездесу өтті. Бір топ саудагерлер ол жүйені қолданған жағдайда тауарларының бағасы көтеріліп, өзге шаһарлардан айырмашылығы қалмайды, тіпті дүкендермен теңеседі деген пікірлерін айтты.

  «Бұл ретте, барлық салық төлеушілерге хабарлама беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұған дейін патент негізіндегі арнаулы салық режимі қолданылса, ол енді тоқтатылады. 1 қаңтарға дейін салық төлеушілер өз өтініштерін мемлекеттік кірістер басқармасына келіп, өздері таңдаған салық режиміне ауысуы міндетті. Ауыспаған жағдайда жалпыға міндетті тәртіп бойынша автоматты түрде өтеді», – деді қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы М.Исабаев.

 Патент, яғни арнаулы салық режимі бұған дейін салық төлеушінің өзі көрсеткен табысының 2 пайызы бойынша төленетін. Келесі жылдан бастап 32 кәсіпкерлік түрі қалады. Оған кірмейтін кәсіпкерлер жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейді немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне көшеді. Ол дегеніміз, саудагерлер оңайлатылған декларация негізінде түскен табыстың 3 пайызын төлейді. Салық кезеңі 6 ай, яғни жарты жылда жүзеге асады.

  Айта кетейік, онлайн кассалық аппараттың Түркістандағы құны 60 мың теңгені құрап тұр. Онда сауда-саттық жасаған кезде фискалды түбіртек беріледі. Сондай-ақ, айына бір немесе алты айда бір қорытынды есеп шығаруға болады.

Бұл техниканы алуға қаражатыңыз жетпесе ұялы телефонға қосымша енгізу арқылы жұмыс жасауға болады. Басқарма қызметкерлері қосымшаны тегін жүктеп бере алады. Алайда, чекті шығару үшін қосалқы шығаратын құрылғы алуыңызға (принтер) тура келеді. Сонымен бірге, ай сайын ғаламтор үшін төлейтін ақыңыз тағы бар. Дегенмен, жауапты мамандар ол өтініштерді қарау немесе өзгеріс енгізу олардың құзіретінде еместігін айтып, жиылған жұртты сабырға шақырып, заң аясында жұмыс істеуге шақырды.

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы