ТҮРКІСТАНДЫҚТАР СУ БАСҚАН ӨҢІРЛЕРГЕ 60 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖОЛДАДЫ

500 көрілім

Еліміздің бірнеше облысындағы су тасқынына байланысты табиғи апат аймағындағы тұрғындарға көмек қолын созамын деген ниетпен киелі қала тұрғындары жинаған 60 тонна гуманитарлық көмек Торғай қаласына жолға шықты. Бұған дейін облыстық «Жастар ресурстық орталығында» штаб құрылып, қабылдау пункті ашылған болатын. Алғашқы сәтте-ақ өңір жастарынан құралған ерікті топ көмекке аттанған болатын. Қасиетті «Ораза айт» мейрамы күні Түркістан қаласының тұрғындары ұйымшылдықтарын көрсетіп «Су алған аймақтарға Түркістан халқынан көмек» деген ұранмен еліміздің су басқан өңірлеріне қиын сәтте қолдау көрсету мақсатында киелі қала тұрғындары гуманитарлық көмек жолдады.

Гуманитарлық көмектер қатарында қазіргі таңда су тасқыны орын алған аймаққа аса қажетті деген азық-түліктер, киім-кешектер, көрпе-төсектер, құрал-саймандар мен резеңке етіктер, балаларға арналған жөргектер, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмектер бар. Сондай-ақ қала тұрғындары тұрмысқа қажетті өзге де бұйымдарды ел болып бірігіп жинап, зардап шеккен тұрғындармен қолда бар мүмкіндіктерімен бөлісіп жатыр.

Игілікті іс бастау алған Бекзат мөлтек ауданына қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық мәслихат депутаттары Сүлеймен Арыстанов, Еркебұлан Ханділлаев және зиялы қауым өкілдері арнайы барып, осынау қиын сәтте ел болып жұмылып, қолдау көрсеткен демеушілерге және ұйымдастырып, бас-қасында жүрген азаматтарға қала тұрғындары және өз аттарынан алғысын білдірді. Жиын соңында ақсақалдың ақ батасымен түркістандықтардың жылуы еліміздің су алған аймақтарына аттанды. Сонымен қатар қалалық мәслихат депутаттары Жандос Арыстанов пен Жанбота Тағайбаев еріктілер тобын бастап, гуманитарлық көмекті тиісті орынға жеткізуге жолға шықты.

Айта кетейік, халық жанашырлығын, қайырымын бір кісідей жақсы білетін Түркістан облысының тұрғындары қарғын судың зардабын қатты сезінген еліміздің су басқан өңірінің аймақтарына күн сайын көмек керуенін жөнелтуде. Біздің күшіміз бірлікте! Көп болып біріксек, алмайтын қамал, аспайтын асу жоқ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы