- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Жақында «Түркістан» газетінің 15-наурыздағы №11-12 нөмірінде «Теміржол вокзалы тозып барады…» деген атпен сын материал жарық көрді. Ондағы айтылған мәселе 120 жылдық тарихы бар республикалық маңызды тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ғимараттың қазіргі жай-күйі туралы болды. Төрт жыл бұрын қала әкімдігінің қарамағына өткен нысанның жөндеу жұмыстары сын көтермейтіндігі тұрғындар тарапынан жиі сыналады.
Бұл туралы Шымкент Магистральдық желі бөлімшесінің Вокзал шаруашылығы жөніндегі бөлім басшысы Қанат Сайдуалиевпен сұхбаттасқанымызда біраз жайға қанықтық.
– Қазіргі таңда Түркістан теміржол вокзалы 2020 жылдан бастап Түркістан қалалық әкімдігінің балансына кіреді. Содан бері біраз жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2022 жылдан басталған жөндеу, жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі бойынша ішкі электр сымдарын, ақаулықтарын жөндеу кезеңі аяқталды. Енді екінші кезеңді бастайды деп күтіп отырмыз. Негізінен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметкерлері вокзалдағы халыққа қызмет түрлерімен айналысады. Біз орындалып жатқан жұмыстардың ақаулықтары туралы әкімдікті хабарландырып, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірге уақытында шара қолданып келеміз. Қазіргі таңда ғимараттың ішінде әрлеу жұмыстары жасалып, кафелдер ауыстырылып, желдеткіш орнатылды. Жиһаздары жеткізілді. Сыртында оюлы тастарды төсеу жалғасуда. Алдағы уақытта екінші кезең бойынша есік, терезесін алмастырып, реставрациялық жұмыстар жалғасады. Біз болашақта қала әкімдігі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін ғана «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның балансына алу жайын ойластыратын боламыз. Менің ойымша 2018 жылы Түркістан облыс мәртебесін алған кезде барлық ғимараттар қала әкімдігінің балансына өткені белгілі. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Себебі, қаланың барлық ғимараттары мен әлеуметтік нысандар Бас жоспар бойынша түзіледі.
P.S: Қала мәдениеті қақпадан басталады десек, Түркістан қаласындағы теміржол вокзалының қазіргі күйі қала тұрғындарының көңілінен шықпай отыр. Осыған байланысты Түркістан газетінің редакциясы киелі шаһардың бас қақпасын жаңғырту мәселесін сапалы жүргізілуін тұрақты қадағалауда ұстайды.
Ескендір ЕРТАЙ.