МАҢЫЗДЫ МӘДЕНИ-ТУРИСТІК ІС-ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ

952 көрілім

Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанғалы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, биыл облыс орталығында 100-ден аса рухани-мәдени жобалар өткізу жоспарланған. Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жиын өтті.

Оған жауапты басқарма өкілдері мен тиісті мекеме басшылары қатысып, сәуір-мамыр айларында өтетін іс-шаралар легі талқыланды. Ұйымдастыру жұмыстарына қатысты ұсыныс-пікірлер ортаға тасталып, қалаға келушілер үшін арнайы экскурсия ұйымдастыру барысында жаңа нысандарды қосу жайы айтылды.

– Түркістан бүгінде тек облыс орталығы ғана емес, тұтас түркі әлемінің назарындағы туристік қалаға айналып үлгерді. Қасиетті шаһарға еліміздің әр өңірінен бөлек, шетелдік туристер де келіп жатыр. Біздің ұлттық құндылығымыз олардың қызығушылығын тудырады. Ұлттық салт-дәстүр мен ән-жырымыз қаланың рухани-мәдени орталығында насихатталып жатуы керек. Сонымен қатар, қолөнерімізді көрсету үшін туристік кешеннен арнайы орталық ашуды тапсырамын. Өңірде өтетін іс-шаралардың бәрі мазмұнды әрі мағыналы болуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Тағы бір айта кетерлігі, былтыр қолға алынған ерекше жоба биыл да жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, биыл да Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күніне орай өткізілетін «Рухани мекенде неке қию» туристік іс-шарасы ұйымдастырылмақ. Бүгінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалін өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» республикалық семинары, ШЫҰ елдерінің қатысуымен «Алтын Орда және оның мұрасы» атты халықаралық конференциясы және жоспарлы шаралар өткізіледі. Ал мамыр айында түрлі мерекелік жиындар атап өтіледі.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы