АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

333 көрілім

Жуырда кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 35 жыл толуына орай Түркістан қаласындағы Әйтеке би атындағы №26 жалпы білім беретін орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық жетекшісі, аға лейтенант Орынбасар Туртаевтің ұйымдастыруымен оқушылардың ауған соғысы ардагерлерімен кездесуі өтті.

Басқосудың басты мақсаты қаламыздың жастарының жүрегіне патриоттық сезімді ұялатып, отаны мен отбасына сүйіспеншілікті арттыру болды. Жиынның басы ұлттық аспаптардың күмбір үнінен шыққан тамаша күйлермен басталды. Сондай-ақ, кешке келген қонақтар аталған мектептің әр сыныбына кіріп, оқушыларға ақылы мен баталарын берді. Аталмыш жиынның басын мектеп директоры Сұлтан Құрақбаев бастап, ауған соғыс ардагерлеріне сөз тізгінін ұсынды. Сахна төрінде соғыс ардагерлері атынан сөз сөйлеген Нұрболат Бейсенов жас балаларға ақылын айтып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, күні кеше қаламыздың ортасында орналасқан «Жеңіс» саябағында ауған соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, қала тұрғындарының алдында есімдері ұлықталды. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 15 ақпаны – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерін біржола тастап шыққанына 35 жыл толып отыр. Ауған даласындағы сұм соғысқа 22 мың отандасымыз қатысып, майданда 761 жауынгер қаза тауып, 21-і хабар-ошарсыз кеткен еді. Ал туған елге аман қайтқан азаматтардың шамамен үштен бірі мүгедек болып оралды. Түркістан қаласы бойынша 250-ге жуық жауынгер майдан даласына аттанып, 10 сарбаз шейіт болып, 1 жауынгер із-түссіз жоғалып кеткен. Отқа оранған он жылдың өшпес қасіреті тарих парақтарына қайғылы күндер ретінде таңбаланды. Кеңес одағының солақай саясатының кесірінен қаншама отбасының зардап шеккені, қаншама қыршын жастың жат жерде қалғаны, қаншама жанның хабарсыз кеткені жайлы әлі де айтылар аңыз бен ақиқат жетерлік. Қатігез соғыстың еліміз үшін орны толмас қайғы-қасірет келтіргені, уақыт өтсе де ерлік ескірмей, оларға тағзым ету болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс екені баршаға аян. Майданда қаза тапқан жауынгерлер мен боздақтардың ерлігі әлі күнге дейін ел жадынан өшкен емес.

Қазіргі таңда ауған соғысының ардагерлері шаһардағы саяси, рухани, әлеуметтік, мәдени іс-шараларға белсене атсалысып, қаланың дамуына бастамалар көтеріп, қала әкімдігімен, басқа да құрылым, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасап келеді. Қала тұрғындары да оларға үлкен құрмет көрсетіп, отты күндер тарихын жасөспірімдерге насихаттау мақсатында оқу орындары мен білім ордаларында кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Келер ұрпақтың өмірі бейбіт те тыныш, жарқын да жасампаз болуын тілейтін белуардан қан кешкен ағаларымыздың ерлігі мен тәлімі әрдайым үлгі.

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы