Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар өзгерістер күшіне енді. Кәсіпкерлер салық декларациясын тапсырып, қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріле бастады. Халық арасында осы өзгерістер ұзақ талқыланып, дұрыс түсінбей жатқандардың саны аз емес. Осы мақсатта, редакция ұжымы салықтағы өзгерістер туралы егжей-тегжейлі түсіндіру үшін Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен байланысқа шығып, көкейде жүрген біраз сауалдарға жауап алды. Назарларыңызға мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Нұрболат Жахаевпен сұхбатты ұсынамыз.
– Қазақстандықтар жалпыға бірдей декларациялауға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеді. 2021 жылы басталған міндеттеменің үшінші кезеңі басталады. Алдымен, жалпыға бірдей декларациялау туралы түсіндіріңізші.
– Бәрімізге белгілі, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілген болатын. Жалпыға бірдей декларацияның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Осыған сәйкес, 2021 жылы декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырған болатын. Екінші кезеңде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары тапсырды. Ал биыл үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары, мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б. тапсыратын болады.
-Демек, биыл 2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі бастау алады. Бұл ел экономикасына, жалпы бизнеске қалай әсер етеді?
-Үшінші кезең бастау алғанын сезіну қиын болған жоқ. Мәселен бұл кезеңде дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары да декларация тапсыруға міндетті. Тиісінше, 2023 жылдың желтоқсан айында Түркістан қаласында желтоқсан айында 7 мыңнан астам кәсіпкер тіркеуден босатылды. Мұндай ауқым бұрын-соңды болмаған. Қала бойынша жеке кәсіпкерлігін жабуға тырысқандар саны күрт өсті. Олардың көбісі не мақсатта ашқанын білмейді. Тіпті кейбірі өзінің атынан жеке кәсіпкерлік нысаны ашылғанын біз хабарласып айтқанда біліп жатты. Демек осы уақытқа дейін адамдар жеке кәсіпкерлік заңдарын, оның міндеті мен жауапкершілігін сезінген жоқ. Жеңіл ақшаға не болмаса бір реттік гранттарға бола мақсатты түрде ЖК тіркеп, пайдаланып келген. Ең қиынға соғатыны, жалған бухгалтерлердің көбейіп кеткені. Себебі олар көрсеткен қызметті мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері тегін істейді. Халық бізге әбден тығырыққа тіреліп, бояуы сіңгенде келеді. Содан түсінбеушілік туындап жатады. 2024 жылғы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі жеке кәсіпкерлік нысандарды тазалап, жиыстырып берді деп ойлаймын.
– Биыл декларациядан бөлек, мобильді аударымдардың тексерілетіні белгілі. Осыған байланысты, такси жүргізушілеріне 1% салық режимі қойылғанынан хабардармыз. Осы 1% салық режимі тағы кімдерге берілген? Бір реттік қызмет ұсынатын кәсіпкерлер де пайдалана ала ма? Мәселен, шаштараз, көлік жуу орталықтары деген секілді. Оларға да мобильді аударым режимімен 1% салық қарастырылған ба?
– Жоқ. Бұл тек такси қызметіне лайықталған салық режимі. Өзге кәсіпкерлер бұл жүйені пайдалана алмайды. Өзге салық төлеушілер патент негізінде салық төлейді. Мәселен шаштараз немесе көлік жуу орталығы такси қызметі секілді бір реттік қызмет көрсетпейді. Көлік жуу орталықтары мен шаштараз қызметі жұмысшылар жалдайды. Яғни олардың қызметі ауқымды. Сондықтан олар міндетті түрде патент негізінде жұмыс істейтін. Патент жүйесі – қызметкер жалдамай, жалғыз өзі жұмыс істейтін кәсіпкерге арналған. Оның да салық мөлшері 1 пайызды құрайды. Тек айырмашылығы, мобильді аударымға негізделмеген. Яғни төлемдерді қолма-қол ақшамен және төлем карталарымен қабылдау онлайн-касса арқылы жүзеге асырады. Патенттің ерекшелігі — барлық салықтар мен төлемдерді алдын-ала төлеу керегінде. Патент мерзімі бір айдан бастап, жылдың соңына дейін созылады, бірақ 31 желтоқсанда аяқталуға тиіс. Мерзім неғұрлым ұзақ болса, салық мөлшері соғұрлым үлкейе түседі.
– Жоғарыда жалған бухгалтерлер көбейіп кетті деп қалдыңыз. Қазіргі таңда, декретке миллионмен шығу жолдары көп талқыланады. Түркістан қаласында осы бағыт бойынша алаяқтыққа барып, қандайда бір салық режимін бұзғандар бар ма? Жалпы жеке кәсіпкерлікпен декретке миллионмен шығу заңды ма?
– Бірнеше жерден декреттік төлем алу заңды. Бастысы, әр жұмыс істеген жеріңізде жұмыс беруші әлеуметтік төлемдерді уақытылы және дұрыс төлеп тұрса болғаны. Сондай-ақ негізгі жұмыстан бөлек кәсібіңізді заңдастырып, ИП ашып, әлеуметтік төлемдер жасап, ол жақтан да декреттік төлем алудың заңға қайшылығы жоқ. Тек ескеретін бір жайт – кей мемлекеттік қызметкерлердің өз атына ИП ашуына рұқсат жоқ. Ал егер кәсібіңіз болмаса, тек декреттік төлем үшін ЖК ашудың қажеті жоқ. Тексерістен ұсталып қалып, жауапкершілікке тартылатындар да бар.
– Мобильді аударымдарға байланысты тексеру болатынынан хабардармыз. 2024 жылдың бірінші айын өткіздік. Түркістан қаласы бойынша қадам адам 100-ден аса аударым жасап күдікке ілінді, осы туралы біле аламыз ба?
– Жоқ, біз оны екінші жарты жылдықта да нақты айта алмаймыз. Себебі әр ай сайын мобильді аударымдарға бақылау жасап, қорытынды бермейміз. Оның барлығы жылдың соңында белгілі болады. Яғни қатарынан үш ай 100-ден аса аударым орындалса күдікті, ал арасында бір ай 50, 90 аударым болып қалса ол есепке алынбайды. Дегенмен, қанша күдікті бар, қанша адам айыппұл төлегенін тек жылдың соңында біле аласыздар. Сондықтан бұл заңнаманы құлаққа ілмей, әлі де немқұрайлы қарап жүрген жандар ертең қалай күдікке ілінгенін білмей, жылдың соңында өкініп қалмауы үшін заңға сәйкес әрекет етуі тиіс.
– Түркістандық салық төлеушілерге айтарыңыз бар ма, нені ескеріп, неге мән берген дұрыс?
– Ең алдымен, такси жүргізушілері мобильді аударымдар бойынша 1% салық режиміне өтіп алғаны дұрыс. Оларға бұл өте тиімді ұсыныс деп ойлаймын. Әзірге дейін бірде-бір такси жүргізушісі осы мәселе бойынша бізге жүгінген жоқ. Яғни көпшілік әлі де бейқам отыр. Екіншіден ИП ашқанда мақсатты түрде ойланып, салықтың қандай түрлері бар екенін ескеріп, арнайы маманнан кеңес алуға шақырамын. Үшіншіден, әрине салықтан жалтармау. Сізде қандайда бір мәселе туындады ма бірден мемлекеттік кірістер басқармасындағы мамандарға келіп, кеңес алыңыз. Бізде барлығы тегін, әрдайым көмектесуге, сауалдарға жауап беруге дайынбыз. Ал өзге де сұрақтар туындаса 1414 бірыңғай байланыс нөміріне жүгіне аласыз. Тым қарапайым ескерту болуы мүмкін, алайда, оның жауапкершілігі үлкен. Түркістандық салық төлеушілер осыны түсінсе екен.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Ғалия БИСЕЙІТ.