ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

418 көрілім

Жуырда «Ұлы Дала Елі» орталығының қолдауымен Түркістан қалалық «Өнер» мектебінің ұйымдастырған «Текті сөздің төресі – терме» атты Түркістан мақамдарына арналған жыр дүлдүлдері бас қосқан өнер фестивалі өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтаған кештің шымылдығын «Өнер» мектебінің директоры Тұрар Тілеулиев ашып, өнерпаздарды таныстырып, аталмыш шара мақсатына кеңірек тоқталып өтті. Дүлдүлдер бас қосқан рухани кешке облыстық мәслихаттың депутаты, айтыстың арыстаны Бекарыс Шойбеков пен өңірімізге белгілі композитор, ғалым Сауранбек Елеуов қатысты. Халық мұрасын дәріптеуге, ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған бұл өнер фестивалі жыр-термелер арқылы жыршылық, термешілік өнерге жаңаша үн қосуға және әдеби тілді дамытуға, тіл мәдениетін жетілдіруге жаңаша серпін беретінін жеткізді.

– Бұл «Өнер» мектебі шағын ғана болғанымен Алатаудай міндет арқалап келе жатқанына 10 жылдан асып қалды. Өскелең ұрпаққа ұлттық бағытта рухани тәлім-тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сіңіретін бірегей мектеп. Терме мен айтыстан, жалпы дәстүрлі өнерден тәлім алған оқушылардың қанаттарын қатай-тып, армандарын ұштайтын оқу ордасы. Осы орайда, бір өзекті мәселені көтеріп отырсыздар, бұл құптарлық өнегелі іс. Яғни, біздің өңірдің Түркістан мақам-дары әлі де зерттеуді қажет етеді деп бі-лемін. Біздің өлкеден шыққан жыршылар мен термешілерді тауып, осылай елге на-сихаттау мақсатында солардың мақамы-мен жастарға орындатуымыз керек. Ұлт-тық өнерді ұлықтаған мұндай кештердің ұрпаққа берері мол екені айдан анық. Осы бастамаға мұрындық болған өнер жанашырларына, өнер сүйер көпшілікке алғыс айтамын, – деді Бекарыс Шойбеков.

Асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әнмен жеткізетін термелік өнер тыңдаушыны адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелейтіні анық. Содан болса керек, жыраулар қолына домбырасын алып жырлай жөнелгенде жиналған көпшілік тапжылмай отырып ұйып тыңдаған. Рухани кеште жас термешілер елге белгілі Майлықожа, Тынышбай Рахымов, Тәшман Шекеров, Қасқыр Серікбаев сынды жыр саңылақтарының мақамдарымен жыр-термелер орындап, кеш қонақтарын ерекше тебіреніске бөледі. Қалалық «Өнер» мектебінің шәкірттері есте жоқ ерте заманнан жалғасқан жыраулық сарынды сақтап, халық жырының туын желбіреткен жыршылар қисса-дастандар, жыр-термелерді шырқады. Мемлекеттік мұрат пен елдік мүдде жырланған байқауда жас жыршы-термешілер бір-бірінен оза толғап, тарихи сананың тамыры тереңде жатқанын дәріптеді.

Айта кетейік, терме – халық ауыз әдебиетіндегі жарқын үлгілерінің бірі. Терме негізінен, ғибраттылық мәні басым нақыл сөз үлгісінде құрылып, өнегелі һәм нұсқалы сөздердің тізбегіндей болып келеді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жедел қарқынмен дами бастаған бұл өнер – қазақ халқымен қатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық шығармашылығында да бар.

Айдана ЕРЖАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы