Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев айтты.
Ернар Нұралыұлының сөзінше, өңір бойынша 2,5 пайызбен несие алу үшін бүгінге дейін 636 жас құжат тапсырған. Оның 434-і комиссияға ұсынылып, 243 үміткердің бизнес-идеялары қаралған. Нәтижесінде, 142 жастың жобасы мақұлданып, 62 жасқа қаражат аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр, 80 жасқа кәсібін жүргізу үшін қаражат берілді. Ал қалған 101 үміткерге несие беру талаптарына сай келмеуіне байланысты оң қорытынды берілмеген.
– Несиелер «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы беріледі. Өңір бойынша Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Ордабасы аудандарының жастары мемлекеттік бағдарламаға өтінім беру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ал Созақ, Мақтаарал, Бәйдібек, Келес, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында белсенділік төмен. Сондай-ақ, Жетісай, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы жұмыстар орта деңгейде, – деді Ернар Нұралыұлы.
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Кәсібін жаңа бастаған жастарға өз ісін дөңгелетуге, өндірісті жолға қоюға және дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант бөлініп келеді. Осы орайда Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев жас кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жас кәсіпкерлердің бірі – Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тұрғыны Айдын Санақова. Ол өз кәсібін 5 жыл бұрын үй жағдайында бастаған. Кейін өнімдері сұранысқа ие болып, мемлекеттік грантты жеңіп алады. Нәтижесінде «Ақ дастархан» атты кондитерлік өнім орталығын ашты. Қазіргі таңда 10 отбасын жұмыспен қамтып отыр.
Тағы бір жас кәсіпкер – Алдияр Жабағы. Бұл салада 5 жылдық тәжірибесі бар. 2022 жылы «Бастау Бизнес» қайтарымсыз грантын ұтып алып, Бәйдібек ауданы Шаян ауылында «Еркенұр» шаштаразында өз кәсібін бастаған. Жас кәсіпкерлер алдағы уақытта мемлекеттен берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, өз кәсіптерін үлкейтуді жоспарлауда.
Айта кетейік, жастарға арналған жалпы он екі мемлекеттік бағдарлама бар. Оның ішінде кәсіпкерлік бағыт бойынша 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Ұлттық жобасы» шеңберінде жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2.5% несие, «Бастау Бизнес» қайтарымсыз грант жобалары бар.
Сонымен қатар тігін мамандығы бойынша тегін бейіндік оқуын аяқтаған түркістандық 30 қыз-келіншекке сертификат табысталды. «Мен кәсіпкер» құралы шеңберінде курсқа қатысушылар тігін технологиясын, модельдеу, киім пішу, тігу дағдыларын үйренді. Кәсіпкерлерге сертификатты облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әзірет Ыдырыс ұсынды.
Бір айлық курсты сәтті тәмамдаған қатысушылар кәсіпкерлер палатасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына» тіркелген. Жалпы курсқа 18 жастан асқан кәсіпкер әйелдер және кәсіпкерлік бастамасы бар нәзікжандылар қатыса алады.
Жыл басынан бері «Мен кәсіпкер» бағдарламасы аясында 10 қыз-келіншекке SММ курсы оқытылса, 13 қарашадан бастап тағы 10 азаматша біліктілігін арттыру үшін тегін бейіндік оқу қатысушысы атанды. Бұл кәсіпкерлер үшін өз бизнесін жарнамалауға айрықша мүмкіндік. Сондай-ақ бұған дейін кондитерлік курста 30, визажисттерге арналған курста 20 кәсіпкер оқытылды. Оқу салаға қарай 10 күн мен 1 ай мерзім аралығында жалғасады.
Жуырда «Кәсіпке бағыт» бағдарламасы бойынша Шардара ауданында балық шаруашылығына қызығатын азаматтар үшін тегін оқыту курсы ұйымдастырылады. Сайрам ауданында мал шаруашылығы бағыты бойынша жеке кәсіпкерлерге тегін курс оқытылуда. Біліктілікті арттыруға арналған оқу ер азаматтар үшін тиімді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 213 163 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2,1 млн. тұрғыны бар өңірде күннен күнге кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жандар қатары көбейіп келеді. 27-28 қазан күндері Астана қаласында өткен дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына 180 компания өкілдері қатысса, оның 9-ы түркістандық кәсіпкерлер. Өңірдің үздік кәсіпкерлері өз кәсібін кеңейту арқылы еліміздің өркендеуіне үлес қосып отыр.
Ал Түркістан облысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының Несиелеу бойынша директорының орынбасары Әлібек Имашевтің айтуынша, несие мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін, басқа бағыттар үшін – 5 жылға дейін беріледі.
– Несие алушылардың жасы 21-ден 35-ке дейін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, жоба шеңберінде кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Жоба қабылданып, несие алатын кезде кепілгердің сенімхаты мен өзі міндетті түрде болуы тиіс. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша Түркістан облысында тіркеліп, ал кепілге қоятын мүлкі басқа өңірде орналасуына рұқсат беріледі. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер немесе арнаулы техника қабылданады. Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет, – деді Әлібек Қойшыбайұлы.
Жастарға арналған 2,5 пайыздық шағын несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталған болатын. Жоспар бойынша, Түркістан облысында 594 жас мемлекеттік бағдарламаға қол жеткізуі тиіс. Түркістан облысының әкімдігі мен аталған жауапты басқарма бағдарламаны іске асыруға 2,9 млрд. теңге қаражат бөлінгенін мәлімдеген еді.
Еске сала кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-мен бірлесіп Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы кездесулер мен насихаттау жұмыстары жылдың соңына дейін жалғаспақ.