Ордабасы ауданындағы «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында дәстүрлі түрде өткізілетін шаралар балаларға мерекелік көтеріңкі көңіл-күймен қатар, болашаққа сенімдерін оятып, қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Денсаулығына байланысты үй жағдайындағы балаларға арналған мерекелік шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков қатысып, балаларға жылы лебіздерін білдірді.
«Құрметті балалар, Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгін осы шарада өздеріңізбен бас қосып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жөн санадық. Келер жылы баршаңыз көздеген мақсаттарыңызға жетіп, армандарыңыз орындалсын. Білімде, спорт пен мәдениетте үлкен жетістіктерге жетіп, көз қуаныштарымыз бола беріңіздер», – деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Іс-шарада қатысқан 30 жасөспірім аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген жаңа жылдық бағдарлама мен қойылымдарды тамашалады. Әрі үй жағдайындағы бүлдіршіндерге аудан басшысы мен халық қалаулылары жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді. Мерекелік жиынға қатысушы ата-аналар ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.
Айта кетерлігі, тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға «Шапағат» оңалту орталығында әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.
Осы орайда «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жалпы тарихына тоқтала кетсек, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылы, Н.Оразбаев 6 үй мекен жайында орналасқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2022 жылдың 22 шілдесінен бастап ашылып, 4 бағытта арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мекеме құрамындағы «Тең қоғам» және «Ардагерлер орталығы» ұжымдары ауданда есепте тұратын 5478 мүгедектігі бар азамат пен 11 мыңға жуық зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетумен айналысады.
– Мүгедектігі бар адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау, өзіне-өзі қызмет ету, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту мақсатында бар 6 тренажерлар 2023 жылы 73 азаматқа қызметтер көрсетілді.
– Сонымен қатар тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 31 балаға әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп дағдарысқа ұшыраған 56 жәбірленушілерге әлеуметтік психологиялық қызметтер көрсетілуде.
– Ауыл округтерінен 2023 жылы «Шапағат» орталығына 25 азаматты күнделікті кестеге сәйкес тасымалдау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілді.
Сондай-ақ 2023 жылы аудан көлеміндегі мүгедектігі бар азаматтарды орталыққа тасмаодау жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы 2 инватакси алынды. Осыған орай ауыл округтері бойынша кесте бекітіліп, кестеге сәйкес алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Орталықтың негізгі міндеті әрі жауапты саласы қарттар мен мүгедек азаматтардың игілігі үшін пайдалануға берілген заман талабына сай жабдықталған ғимараттың аудан тұрғындарына көмегі зор. Мекемеде мүгедектерді тасымалдау үшін инватакси қызметі іске қосылған. Мұнан бөлек, аудандық орталық ауруханамен бірлесе отырып, орталық қызметіне жүгінген азаматтарға түрлі медициналық көмек көрсетілмек.
«Тең қоғам» орталығы жартылай стационарлық жағдайдағы психоневрологиялық ауытқулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер мен 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында екі ауысым бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық емес сауықтыру шараларын жүргізіп, психологиялық көмек көрсету арқылы тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға бейімдейді. Сондай-ақ, аталған орталық 18 жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеке оңалту бағдарламасына сәйкес есту аппараттары, қоларба, жөргектер мен төсеніштер және тағы басқа 55 техникалық оңалту құралдарын алуға, таңдауға көмек көрсетіп, жұмысқа орналасуына, құжаттарын ресімдеуге жәрдемдеседі және құқықтық, психологиялық көмектер ұсынады.
«Ардагерлер орталығында» егде жастағы зейнеткерлер мен аға буынның өмір салтын жақсартып, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанулары үшін белсенді мәдени, шығармашылық, спорттық шаралар ұйымдастырылады. Әр 15 күн сайын екі ауысымда 20 адамнан айына 40 азаматқа әлеуметтік және медициналық сауықтыру қызметтері көрсетіледі.
Аудан көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп дағдарысқа ұшыраған жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік психологиялық қызметтер көрсетіледі.
– Ардагерлермен мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мақсатында спорттық құрал жабдықтармен яғни 5 тренажерлар, 1 массаж аппараты, кітапхана, бильярд, теннис, шахмат, шашки тоғызқұмалақ, тұз шахтасы бар 2023 жылы 357 азаматқа қызметтер көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік мереке қарсаңында Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы – Темірлан ауылындағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа инватакси пайдалануға берілді. Аудан әкімі Азат Оралбаев Темірландағы «Шапағат» оңалту орталығына арнайы барып, аталған мекемеге мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдауға арналған жаңа көліктердің кілттерін табыс етті.
– Біз бұған дейін «инватакси» қызметі бойынша көлікті жалға алып келген болатынбыз. Енді осындағы қызмет алушы тұрғындарымыздың қозғалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа екі көлікті пайдалануға беріп отырмыз. Жаңа көлік осындағы азаматтардың игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Аталған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдауға арналған 2 инватакси автокөлігі мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы алынған. Қазіргі таңда аталған орталық конкурс жеңімпазы «Аяулы алақан» мүгедектер қоғамдық қорымен келісім-шарт жасалды. Енді қоғамдық қор аудан көлеміндегі мүгедектігі бар 295 азамат пен олардың 210 жеке көмекшісіне қызмет көрсететін болады.
Айта кетейік, оңалту орталығы мүгедектігі бар адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау, өзіне-өзі қызмет ету, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту мақсатында 70 азаматқа, сонымен қатар тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 27 балаға әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді. Алдағы уақытта бұл инватакси енді аудан көлеміндегі 295 мүгедектігі бар азаматтар мен 210 олардың жеке көмекшілеріне қызмет көрсететін болады.