ТҮРКІСТАН: ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ЖЕҢІП АЛҒАН ЖОБАЛАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

231 көрілім

«Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциация РҚБ мен Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы КММ ұйымдастыруымен «ZHAS PROJECT» грант жеңімпаздарының жобалар жәрмеңкесі өтті. Шара – үздік 20 жобамен және олардың өнімдерімен танысу мақсатында ұйымдастырылған. Бүгінде грант иегерлері қажетті жабдықтарын алып, кәсіптерін бастаған.

Шараға «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы РҚБ президенті Ақмарал Бекмұрзаева, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшының орынбасары Керімбек Мырзабаев, Түркістан облысы бойынша «ZHAS PROJECT» жобасының менторы Сая Сағынғалиева мен облыстық Жастар орталығы КММ-ң басшысы Ернар Бектаев қатысты.

Айта кетсек, «ZHAS PROJECT» жобасына өңірдегі аудан-қалалардан 143 өтінім түсіп, оның ішінен ережеге сай келген 61 жоба техникалық іріктеуден өткен. Одан бөлек, келесі кезеңге жолдама алған жастар үш күндік онлайн семинар-тренингтен өтті. Қорытынды комиссия отырысы барысында 30 жас өз жобаларын қорғап, 20-сы 1 миллион теңге грантқа ие болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін  Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту және жастардың өзін-өзі қамтамасыз етуіне ерекше назар аударатыны белгілі. Осы ретте бірқатар жобалар қолға алынып, олардың орыналуы күн тәртібіне қойылған. Соның бірі – «Zhas Project» жобасы.

 Көп күттірмей оңтайлы нәтиже берген аталмыш жоба биыл да қайта қарқын ала түспек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар Қызметі» алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан мәлімдеді.

Спикердің айтуынша,  шағын гранттар конкурсына өтінімдерді қабылдау 9-22 қазан аралығында жүргізіледі.
Аталған жобаға қатысуға 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз ретінде тіркелген жеке тұлғалар өтініш бере алады. Идеясы тың деп танылған жоба иегеріне кемінде 6 ай жұмыс істеуге 1 млн теңгеге дейін грант табыс етіледі. Сондай-ақ жоба белгілі бір  кәсіппен айналысуға ғана мүмкіндік беріп қоймай, жұмыс тауып беру арқылы да әлеуметтік мәселеленің шешілуіне септігін тигізеді. Осы ретте 2023-2024 жылдары аралығында жобаны жыл сайын еліміздің 20 өңірінде жүзеге асыру көзделіп отыр.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап бастау алған «Zhas Project» жобасы 6 өңірде пилоттық түрде жүзеге асырылып, 250 грант берілген. Ал  ағымдағы жылы еліміздің барлық өңіріндегі жастар тартылады деп жоспарланған.  Соған сай берілетін  грант саны да 280-ге артқан.

Ал жастарға жүктелетін міндет – кәсіптік идея қалыптастырып, оны бизнес жоба ретінде ұсыну. Грантқа қол жеткізген соң тұтынушы тартуы қажет болады.

«Негізгі басымдылық – аз қамтылған ауыл жастарын тартуға беріледі. Осы ретте сапалы және тиімді іске асыру үшін әр өңірде арнайы жобалық кеңселер ашылып, байланыс орталықтары құрылды. Жобаның түпкі міндеті – аталған гранттар жастардың өз бетінше дамуына және болашақта кәсібін тұрақты дамытуға негіз болады», – деді Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан.

«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарынан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей бастама. Атап айтар болсақ, жастарды өз қоғамының әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға септігін тигізеді.  Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның тапсырысы бойынша жүзеге асырылып отырған бұл жоба Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы аясында Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүйелі түрде жүзеге асырылғаны белгілі.  

Дегенмен, грантқа қол жеткізген жастар тарапынан  қаражаттың жүйесіз жұмсалуына жол берушілер табылуы мүмкін деген сауалдың да көкейде туындары анық.  Осы ретте қаржыны пайдалану үшін  кәсіп көзін қалай  ашып, грантты тиімді игеру керектігі жөнінде бағыт-бағдар да  берілмек.  

«Егер қаржыны мақсатсыз жұмсаушылық орын алған жағдайда Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының келісімшарттары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаражатты қайтару немесе басқа азаматқа беру жұмыстарын жүргізетін боламыз».–  дейді Наурызбек Серікұлы.

«Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жұмыссыз жастардың үздік әлеуметтік жобаларын сынға салатын гранттық конкурсқа қазірге дейін 5508 жас қатысып, 1616 бірлескен жоба жеңімпаз болған. Яғни, осыншама жұмыссыз жас өз кәсібін бастап, бүгінде еңбегінің жемісін жеп отыр. «Zhas Project»-тің ең тиімді тұсы сол, әр жобаға миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат және әр қатысушыға алты ай бойы 40-60 мың теңгеден шәкіртақы беріледі.

Аталған жобаға 2017 жылы 2000 жас қатысып, 589 әлеуметтік жоба іріктеуден өткен. Былтыр қатысушылардың саны 3508-ке жетіп, 1027 әлеуметтік жоба ақшалай грант ұтып алған. Биыл қатысушылардың санын 3 мыңға, әлеуметтік жобаның санын 1100-ге жеткізуді көздеген ұйымдастырушылар 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында zhasproject.kz сайты арқылы өтінім қабылдайтындарын хабарлады.

«Жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылы Қарағанды, Алматы, Түркістан және Павлодар облыстарынан басталған еді. Өткен жылы жоба Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылды. Биыл Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын және Астана мен Алматы қалаларын қамтитын боламыз. Мақсатымыз – жастардың қоғамдағы орнын табуына көмектесу, белсенділігін арттыру, оларды пайдалы қызметтерге тарту арқылы жұмыссыз жастардың санын азайту. Гранттық бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Басымдық жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын және жұмыс істейтін табысы төмен адамдарға беріледі. Бір әлеуметтік жобаны 3-5 адам бірігіп дайындауына болады. Үш кезеңнен тұратын іріктеуден сүрінбей өткендер 1 миллион теңгеге ие болады да, алты ай бойы өз жобаларын жүзеге асырады. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орнын бітірген әр қатысушыға ай сайын 60 мың, басқаларына 40 мыңнан шәкіртақы төленеді. Жеңімпаздар 1 миллион теңгеге керекті құрал-жабдықтар сатып алады да, өз жобасы бойынша халыққа жарты жыл тегін қызмет көрсетеді. Алты айдан кейін қатысушылар құрал-жабдықтарды тегін өз иелігіне алып, кәсібін жалғастыра береді», дейді Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев.

Жастар корпусын дамыту жобасы басқару тобының жетекшісі Гүлмира Ескендірова жоба аясында қаржылық қолдаудан бөлек, «Менторлық қолдау» атты жастарды оқыту бағдарламасы да бар екенін айтады. «Менторлар алты ай бойы жастарға жобаларын қалай жүзеге асыру, құжат жұмыстарын қалай жүргізу керектігін үйретеді. Яғни қатысушылар жобаларды басқару бойынша тренингтерден өтеді. Конкурс талабы бойынша өтінімдер жергілікті халыққа көмегін тигізетін әлеуметтік жоба болуы шарт. Бізде тігін шеберханасын, тіл курстарын, спорт залдары мен жылыжайлар ашқан, мал шаруашылығымен айналысқан жастар әлі күнге кәсібін табысты жалғастырып отыр. Қатысушылардың арасында мертігіп, ұзақ жыл төсек тартып жатқан Нұрболат Қарабасов есімді азаматтың мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобасы болды. Ақтөбелік бір азамат (атын айта алмаймын) істі болғаны үшін еш жерге жұмысқа орналаса алмаған. Былтыр жобаға қатысқан ол бүгінде аяқ киім өндіретін цех ашып, басқаларды да жұмыспен қамтып отыр», дейді Г.Ескендірова

9 жыл төсекке таңылған Нұрболат Қарабасов мүмкіндігі шектеулі Алмас Мұхажанов, Айнұр Әміралинова есімді достарымен бірге «Zhas Project»-ке 2017 жылы қатысады. Бүгінде жұбайымен бірге кәсібін жүргізіп отырған ол айлық табысын 300 мың теңгеге дейін жеткізген. «Жобаға өзімнің көптен қолым жетпей жүрген, шетелде қолданыста бар қоларбаға арналған электрлі жетекті ұсындым. Ұтып алған грантқа Қытайдан 4 құрылғы алдық. Жай қоларбамен күніне 5-6 шақырым жүрсек, электрлі жетек орнатқан соң сағатына 22 шақырым жылдамдықпен, ешкімнің көмегінсіз 30-35 шақырым жолды өтуге болады. Алты айға созылған жоба кезінде құрылғы 33 адамға жалға беріліп, 2000 шақырымға жуық жол жүрілді. Қазір  электрлі жетектердің саны 40-қа жетті. Талдықорған қаласы мен Сарыағаш ауданында орталығымыз жұмыс істейді. Сұраныс әр өңірден бар. Құрылғы қымбат болғандықтан сатып алуға әркімнің қалтасы көтермейді. Сондықтан айына 12 мың теңгеге жалға береміз. Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан болса, 30-40 мыңы қоларбада отырады екен. Қалаларда енді жақсарып келе жатқанымен аймақтарда қоларбада отырған адамдарға әлі мүсіркеп қарайды. Менің мақсатым – біз де қоғамның бір мүшесі екенімізді дәлелдеу болды. «Zhas Project» арқылы қаржылай қолдау көріп қана қоймай, кәсіпкерлікті жүргізудің қыр-сырын білдім», дейді жас кәсіпкер Нұрболат Қарабасов. 

«Жетісу 360» жобасымен Елбасы көзіне түскен Мейірхат Толқынов та Zhas Project жеңімпазы. Жобаға қатысқанға дейін шағын фото-видео студиясы бар ол бүгінде Алматы  облыстық Ішкі саясат басқармасының Техникалық бөлімінде жұмыс істейді. «Менің жобам 360 градустық цифрлы түсіру, яғни «3D тур» деп аталады. Жаңа бастаманы қолға алуда қаржылық жағынан кедергілер болған. Грантты ұтқан соң қажетті техникаларды алдым.  Оны әлі қолданып жүрмін. Жобаларыма қызыққан облыстық ішкі саясат басқармасы тұрақты жұмысқа алды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы