Сарыағаш аудандық орталық аурухана базасында нейро-ортопедиялық сырқаты бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы ашылды. «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен ашылған орталық бір мезетте 3 жасқа дейінгі 600 баланы оңалтумен айналысады.
Ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев және «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының Бас директоры Альфия Адиева қатысты.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңір үшін әлеуметтік маңызы зор орталықтың ашылуына қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» қорына алғысын білдірді.
– Облысымыз елімізде халық ең тығыз орналасқан аймақ. Ауданымызға ерекше балаларға арнап оңалту орталығын тарту етіп, қаржылай қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына облыс жұртшылығы атынан алғыс білдіреміз. Бұл оңалту орталығы балалардың денсаулығын жақсартуға оң ықпалын тигізері анық, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Орталық қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Жұмыс тәсілі – әрбір сәби үшін оңалтудың жеке бағдарламасы жасалады. Сондай-ақ, көпбейінді мамандар тобы – невропатологтар, педиатрлар, терапевтер, логопедтер ем-дом жасайды. Бұдан бөлек, церебралды сал ауруы, шала туу, даун синдромы, дамуында туа біткен ақаулары, бұлшық ет дистрофиясы сынды өзге де сырқаттары бар балалар оңалтудан өтеді. Орталықта механотерапия және емдік-дене шынықтыру залы, сенсорлық бөлме, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмелері бар. Айта кетерлігі, есту және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдықтармен қамтылған. Аталған аппараттар дамудың алғашқы кезеңдерінде кінәраттарды анықтауға және оңалту шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда инклюзияны дамытып, ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға жаңа мүмкіндіктер жасап жатқан «Қамқорлық» бастамасына «Қазақстан халқына» Қоры қолдау көрсетеді. Мұны Қор төрағасы Болат Жәмішев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің (ОКҚ) брифингінде мәлімдеді.
«Қамқорлық» бастамасы аясында ел бойынша «Қамқорлық Қоры» қорының демеуімен балаларды оңалту орталықтары мен инклюзияны қолдау кабинеті ашылуда.
«Қазақстан халқына» қоры еліміздің 13 қаласында жаңа ерте араласу орталығын жарақтандыруға 870 млн теңге бөледі.
– Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру жобасында біз серіктес рөлін атқарамыз. «Samruk-Kazyna Trust»-пен бірге жобаны теңдей қаржыландырамыз: 13 қаладағы орталықты жарақтандыруға 870 млн теңге бөлеміз. Бұл ерекше күтімді қажет ететін балаларға, негізінен церебральды сал ауруының күрделі салдардын жоюға және жүре алуға, қатарластарынан қатты қалып қоймауы үшін қарапайым міндеттерді орындауға көмектесетін орталықтар, – деді Болат Жәмішев ОКҚ брифингінде.
Қор төрағасы елімізде оңалту орталығына деген қажеттіліктің көп екенін атады. Сол себепті оларды көптеп құру және қолдау қажет.
– Мұндай орталықтарды «Қамқорлық қоры» сияқты ұйымсыз құру мүмкін болмас еді – бұл біздің серіктесіміз, – деді Жәмішев.
Еліміз егемендік алғалы бері отандық медицина саласындағы жетістіктерді мемлекеттің қамқорлығынан бөле қарауға болмайтыны баршамызға түсінікті болса керек. Тәуелсіздіктен бері қарайғы 30 жылдағы Қазақстан медицинасының жетістіктері ең алдымен емдеу мекемелерінің көптеп ашылуымен көзге түсетінін ескерген жөн. Бұл саланы зерттеген мамандардың деректеріне жүгінер болсақ, еліміз егемендік алғалы бері мемлекет бойынша 900-ге түрлі санаттағы емдеу мекемелері бой көтеріпті. 1990-жылдардағы «тоқыру жылдары» болып тарихқа айналған кездері отандық медицина саласы да тоқыруға ұшыраған еді. Арада бірнеше жыл өтіп, Қазақстан экономикасында оң өзгерістер байқала бастаған 1997-1998 жылдардан бастап, бұл салаға да «жан кіре» бастаған екен. Сонан бергі уақытта мемлекеттік деңгейде қабылданған түрлі бағдарламалар еліміздің емдеу, денсаулық сақтау саласына айтарлықтай серпін берді. Бұларды да саусақпен санап тұрып айтуға болады. Яғни алғаш рет қабылданған «Халық денсаулығы мемлекеттік бағдарламасы», «Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Саламатты Қазақстан» онан кейін қабылданған «Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» болып жалғасып келе жатыр. Соңғы қабылданған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы өз нәтижесін бере бастады. Аталмыш бағдарлама аясында бұл салаға мемлекет қазынасынан кезең-кезеңімен қомақты қаржы бөлініп әрбі саланы дамыту көзделіп отыр.
Егемендіктің 30 жылында Қазақстан Кардио-хирургиялық ота жасауда үлкен жетістіктерге жетті. Қазір елімізге жүрегін емдетуге келетін шетелдіктердің көбейіп келе жатқандығы соның бір айғағы болса керек. Ал трансплантология саласындағы қарқынды дамуды да мамандар жақсы бағалап отыр.
Солардың қатарында қаламызда өнімді жұмыстар атқарып жатқан «Қамқорлық» орталығын айта кеткен жөн. «Қамқорлық» орталықтарын ашу бастамасы негізінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасы еді. Осы игі істі соңғы кезде Денсаулық сақтау министрлігі соңғы қабылданған «Дені сау ұлт» Ұлттық жобасының «Аурулар кезіндегі медициналық көмек және медициналық оңалту міндеті» деп аталатын бағытына сай дамытып жатыр. Бас қаламыздағы «Қамқорлық» ерте араласу орталығы 3 айдан бастап 3 жасқа дейінгі балаларда кездесетін психоневрологиялық ауруларды емдеумен айналысып жатыр. Қазір бұл орталықта қозғалыс дағдыларын дамытатын жаңа технологиялар пайдаланылады, сонымен қатар оңалтудың арнайы техникалық құралдары, тренажерлар, аппараттар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер қолданылады. Есту қабілетінің бұзылуын ерте кезеңдерде анықтау үшін «тіркеуге арналған аудиометриялық модуль» орнатылған. Невропатологтар мен реабилитологтардан бөлек, дефектолог, логопед, сурдолог, эрготерапевт және емдік дене шынықтыру нұсқаушылары секілді мамандар да жұмыс істейді.
Сенімді дереккөздердің хабарлауынша, қазіргі таңда еліміз бойынша ерекше қажеттілігі бар 94 мың бала бар екен. Бір қуанарлығы осындай қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету ісімен айналысатын қоғамдық қорлар өз қаражаттарымен науқастарға тегін көмек көрсетуді жүзеге асырып жатыр.
Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда «Дені сау ұлт» Ұлттық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды кезең-кезеңімен 60%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр екен. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде балаларға арналған 36 оңалту орталығы жұмыс істеп жатыр.
Мұндай игі бастамаларға мемлекеттің қолауынан бөлек түрлі қоғамдық қорлар да атсалысып жатыр. Солардың қатарында жетім, мүмкіндіктері шектеулі және науқас балалардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және оларды дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру. Қор өз қызметін балалардың медициналық мекемелері, балалар үйлері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттары арқылы жүзеге асыруды мақсат ететін «Дара» қоры бұдан өзге балалардың денсаулығын жақсартуды мақсат ететін «Милосердие» ерікті қоғамы, «Здоровье детям» қоғамдық қоры, «Ашық Әлем» қоғамдық қоры, «Ақ жол-М» қоғамдық қоры, «AINAR» қоғамдық қоры қатарлыларды атауға болады. Сонымен қоса аз қамтылған отбасылардың және балалар үйлерінің нейро-ортопедиялық аурулары бар балаларды қолжетімді және сапалы оңалту үшін жағдай жасауды мақсат ететін «Қасиетті Жол» қайырымдылық қоры қатарлы қорлар қаржылай көмектер көрсетумен шұғылданып отыр.
