Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың биылғы алғашқы отырысы өтті. Жиында 20-дан астам жобаның жүзеге асырылу барысы, қазіргі жай-күйі сарапталып, өзекті мәселелері талқыланды. Бүгінде облыста «Саутс ойл» компаниясы өңдеу өнеркәсібі және энегретика саласында 5 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бұл туралы компания өкілі С. Абдуллаев баяндады. Ордабасы ауданындағы мұнай өңдеу зауыты құрылысының бірінші кезеңі аяқталған. Екінші кезеңі келесі жылы аяқталып, 650 жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Жұмыс жалғасуда.
Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіру зауытын салу бойынша «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ-ның, Сайрам ауданындағы генерацияның маневрлік режимімен бу-газ қондырғысын салу бойынша «ПГУ Туркестан» ЖШС-нің өкілдері айтып берді. Қос жоба жоба да аса маңызды.
Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС-нің құрама жем зауыты, мал сою комбинаты және жануарлардың қалдықтардын терең өңдеу, замануи мал базары жобалары, сондай-ақ Арыс қаласында «Turkestan agro.kz» ЖШС-нің 4500 га алқапқа жаңбырлату жүйесін енгізу және 25 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы құрылысы жобалары бойынша компанияның негізін қалаушысы С.Ертаев баяндады. Мал шаруашылығының өркениетті саудасы – саланың табысты дамуының негізі. Барлық нарық қатысушыларына тең шарттарда дискриминациясыз қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Нарықтың әрбір қатысушысы, сатушы мен сатып алушы өзіне керегін алады. Іздеу, тасымалдау және қауіпсіздік мәселелеріне кететін уақытын үнемдейді. Мал биржасы малдың әр түріне бағаның нақты көрсеткішін қалыптастырады, мемлекетке саладан түсетін кірісті болжау үшін нарықтық қозғалыстар мен тенденцияларды түсінуге, банктер тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге, ал фермерлерге кез келген уақытта және кез келген климаттық өзгерістер жағдайында, мысалы құрғақшылық кезінде малды сою қажетінсіз сатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов австралиялық мамандармен кездесіп, жергілікті шаруалардың басын қосып өңірде мал шаруашылығы саласына қатысты ауқымды жобаны талқылады. Айта кетейік, Сайрам – ауыл шаруашылығы өркендеген іргелі аудандардың бірі. Биыл ауданда елімізде бұрын-соңды болмаған «Мал биржасы» жобасы бастау алмақ. Бұл жоба «Nurym Group» компаниясы тарапынан австралиялық үлгіде жасалады. Жаңа жобада мал базарының құрылымын түзуде сатушылар мен малдардың, сауда жасаушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылмақ. Онда саудаға әкелінген малды ыңғайластыруда заманауи технологиялар қолданылады. Сонымен қатар, малдарға арналған арнайы орындарда олардың жем-шөбі мен суының уақтылы берілуіне жағдай жасалған. Ең бастысы, мал биржасында тазалықтың талапқа сай болуы қатаң қадағаланады.
Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттамасы авсралиялық мамандармен бірге әзірленуде. Жоба Алматы-Самара тас жолының бойында салынады.
Естеріңізге сала кетейік, Аустралияның мал шаруашылығын жүргізудегі озық әдістерін зерттеу үшін отандық делегация аталған елге сапар шекті. Оның құрамына аграрлық бизнес, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Түркістан, Қостанай, Алматы және Жетісу әкімдіктерінің басшылығы кірді. Аустралия – жаһандық экспорттаушы: қой еті экспортының үлесі бойынша – бірінші орында, ал сиыр етінің экспорты бойынша – екінші орында. Оның 100-ге жуық өнім жеткізу нарығы бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Отандық мамандар аустралиялық фермерлер мал шаруашылығы саласында осындай экономикалық табысқа қалай қол жеткізгенін анықтады. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды. Осы орайда айта кетейік жуырда Аустралияға сапар барысында вице-премьер Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық фермерлер мен өңір басшылары бесінші континенттің ірі және заманауи мал биржаларының біріне барды. Аустралиядағы RLX (Regional Livestock Exchange) мал базарының жалпы ауданы 4 гектарды құрайды, оның 1,5 гектары жабық базар. Бір уақытта мұнда 8 мың басқа дейін мал сыяды. Мұнда әр сейсенбі және екінші бейсенбі сайын сауда өтеді. Мұнда жыл сайын 140 мыңға жуық ірі қара мал сатылады. Сатуға әкелінген барлық мал басы электронды биркалар арқылы сәйкестендіріліп, бақыланады. Ірі қара мал аукционға бір күн қалғанда әкелініп, таза салмағын сақтау үшін кешкі сағат 21.00-ден бастап азық берілмейді. Ал сатылған соң мал жаңа иесіне немесе союға тасымалданады. Сауда күніндегі сату көлемі 99,5% құрайды, яғни сатылмаған ірі қара мал қалмайды дерлік. Мұнда қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда. Мал базарының құрылымы сауда-саттықтың барлық кезеңінде малдың бірқалыпты қозғалысын қамтамасыз етеді. Шатыр аптап ыстықтан сақтайды, таза су тұрақты түрде беріледі, ал металл баспалдақтардың жұмсақ қаптамасы малды түсіріп, көтеру кезінде тұяқтарының зақымдалуынан сақтайды. Бұдан бөлек, барлық қалдық және сарқынды су жиналып, қайта өңделеді. Кездесуге келген MLA (Meat and Livestock Australia) өкілдерінің айтуынша, Аустралияда көптеген жеке және муниципалдық мал биржалары қарөынды дамыған. Муниципалдықтар 150 жылдан бері келе жатса, жеке меншіктегілер бар болғаны 15 жыл бұрын жұмысын бастаған. Жүйе жұмысы мынадай: әр сатылған малдан MLA-ға салық түрінде 5 аустралиялық доллар түседі, бұл төлемдер заңмен белгіленген. Ал MLA өз тарапынан жануарларды сәйкестендіру және қадағалау үшін бірыңғай электронды жүйенің жұмысын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жергілікті фермерлердің экспорттық өнімдерін зерттеу, маркетинг және жарнамалау жұмыстарын жүргізеді. «Елімізде мал шаруашылығын бақылайтын жақсы жүйелердің болғаны біз үшін өте маңызды. Біз өнімнің биоқауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, жануарларды жақсылап күтіп-баптауға басымдық береміз», — деді MLA өкілі.
Thompson Longhorn (RLX жобасын жасаған компания) бас директоры Байрон Вулфтің айтуынша, бұл Оңтүстік Аустралиядағы ең ірі мал биржасы, аптасына бұл алаңда 2 мың бас мал сатылады.
«Бүгін бейсенбі, қызу сауда жүріп жатыр. Біз сатылымға ұсынылған малдың түр-түрін көріп отырмыз. Бір бас мал бағасы 750-800 аустралиялық доллар аралығында. Мұндай базарлар мал шаруашылығы үшін өте маңызды, біз трейдерлер мен өндірушілерге ең жақсы бағаға сауда-саттық жасауына көмектесеміз», — деп атап өтті ол.
Мәселен, 35 мың басты бағатын фермаға инвестиция көлемі шамамен $25-30 млн-ды құрайды, қайтарымы бір-екі жылда болады, содан кейін барып қана фермер таза пайда ала бастайды. Аустралиялық фермерлердің айтуынша, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы салынғаннан кейін қуатты одан әрі кеңейту үшін қосымша инвестициялар қажет емес. Жануарды мал бордақылау алаңына әкелген кезде құлағындағы бирка арқылы оны есепке алу процесі, параметрлері мен тарихы автоматты түрде оқылады. Мал сатылатын ел стандарттарына сәйкес әр түрлі бордақылау бағдарламалары бойынша бөлінеді. Бұл фермада 4 бордақылау бағдарламасы бар: ЕО елдері үшін, 150, 200 және 350 күнге. 25 тұрақты жұмысшы жұмылдырылған. Аустралиядағы фермаларда мал күн сайын 1,5-2 кг салмақ қосады. Өндірістің арзандауы аустралиялық фермерлердің негізгі бөлігінде жайылымның кезектесу әдісіне, бордақылаудың үш кезеңіне, қалдықтарды толық өңдеуге байланысты болып отыр. Әр кезеңдегі шығындарды азайту және биржада жақсы ұйымдастырылған мал саудасы салынған инвестициядан мүмкіндігінше тез пайда алуға мүмкіндік береді. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Бердалиннің сөзінше, Қазақстанда мал шаруашылығындағы делдалдық схемаларды қысқарту мәселесін шешу қажет екенін басты назарға алды.
«Қазақстанда мұндай мал биржалары жоқ, делдалдар шаруалардан малды сатып алып, сосын базарға шығарады. Аустралияда біз мал шаруашылығының мүлде басқа мәдениетін көрдік, оның үстіне ет өндірудің құны бірнеше есе төмен. Отандық мал шаруашылығын дамытудағы басты мәселелердің бірі – көптеген делдалдық схемалардың болуы, салдарынан мал өсіруші қалаған бағасын ала алмай отыр. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде мал шаруашылығын дамытудың жоспарын жасап жатырмыз, бұл тәжірибе бізге пайдалы болады», — деп мәлімдеді Аманғали Бердалин. Сондай-ақ сапар барысында ел делегациясы Аустралиядағы ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бірі – «Eders» компаниясының басшылығымен кездесті.
Компания аустралиялық фермерлерге қызмет көрсетудің кең спектрін ұсынады – агрономиялық консалтинг, мал шаруашылығы бойынша кеңес беру, көміртегі шаруашылығы, ауыл шаруашылығындағы цифрлық технологиялар, геномика, мал, астық және жүн сатып алу және сату жөніндегі агенттік қызметтер, сақтандыру, ауылдық жылжымайтын мүлік туралы қолдау көрсетеді.
Elders жыл сайын шамамен 1,3 – 1,7 миллион ірі қара мал сатады. Бұл сол елдегі сатылым жалпы айналымының шамамен 12%-ын құрайды. Сондай-ақ жылына 10 млн қой сатады, бұл нарықтың шамамен 20%-ын құрайды.
Қызыл ет пен дәнді дақылдар – Аустралиядағы ауыл шаруашылығының ең тиімді бағыттары. Жыл сайын дәнді дақылдар сату шамамен 13 млрд долларға бағаланады. Аустралияда 22 мыңға жуық компания өсімдік шаруашылығымен айналысады, егіс алқабы – шамамен 20 млн гектар, негізінен бидай, арпа, рапс, сұлы, жасымық, бұршақ өсіріледі. Астық өнімдерінің 65%-ы экспортқа шығарылады. 2023 жылы бидай жинау – шамамен 25 млн тоннаны, арпа 10 млн тоннаны құрады.
Аустралияның экспорттық нарығы өте үлкен және ішкі нарықты жақсы қамтамасыз етеді, дейді Elders. Орташа алғанда, елдегі 1 адамға 1 тонна астық өсіріледі. Қазақстан – аустралиялықтардың пікірінше, әлемдегі бидай өнімділігі жоғары елдердің бірі. Компанияның қазақстандық серіктестермен фермаларды нөлден бастап құру бойынша тәжірибесі бар.
«Қазақстанда қызыл ет индустриясын жаңарту бағдарламасы жүріп жатқан кезде біз «Солтүстік Агро» компаниясымен жұмыс істедік. Қарабалықта (Қостанай облысы) екі компания іске қосылды: «Солтүстік-Агро» және «Терра». Солтүстік Агроға біз Канада, АҚШ және Аустралиядан 4,5 мыңға жуық Ангус сиырларын әкелдік. Сондай-ақ 6 мың гектарға жуық шаруа қожалығына егіс алқаптарын ұйымдастырып, жазда мал өсіруге арналып қоршалды. Қыста мал шаруашылығын қамтамасыз ететін өндірістік бордақылау алаңы және барлық қажетті инфрақұрылым салынды. Барлығы нөлден бастап жасалды. Жақсы бордақылаудың арқасында қыста мал қатып қалмады. Біз малды дұрыс азықтандырамыз – бұл біздің әдісіміз. Аустралияда ыстық температурамен байланысты мәселе көп, ал Қазақстанда – температура күрт өзгереді. Менің ойымша, сіздердің елдеріңізде бәрі сіздер қалағандай болуы мүмкін. Сіздерде жер, инвестициялау мүмкіндігі бар, сіздер орталықта орналасқансыздар, көптеген елді тамақтандыруға болады. Ең бастысы – сауданы жолға қою», деп атап өтті Elders кеңесшісі және агроменеджер Брюс Крик.
Аустралиялық мал өсірушілердің тәжірибесін қазақстандық өндірушілер де енгізуге ниетті.
«Аустралиялықтар да қазақтар сияқты ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысқанымен, десе де, олар бізден көш ілгері кеткен. Біз Қазақстанда да осындай мал базарларын ашуды жоспарлап отырмыз. Сауда-саттықты бақылай отырып, жүйенің сатып алушылар үшін де, сатушылар үшін де өте қарапайым екенін түсіндім. Мысалы сатушы 100 бас әкеледі, базар иелерінің өзі бәрін қабылдап, таразыға салып, сатып алған соң жеткізіп те береді. Жалпы Аустралияда ауыл шаруашылығы – континенттің маңызды экономикалық салаларының бірі болып саналады. Біздің үйренеріміз көп, бұл үшін Қазақстанның барлық әлеуеті бар. Біз қазір де Өзбекстан, БАӘ, Қытай нарығына ет экспорттаймыз. Экспорт көлемін арттыру жоспарымызда бар», — деді «Қайып ата» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев осы сапарда сөйлеген сөзінде.
Инвестордың айтуынша, бұл жобалар арқылы жұмыс орындары көбейеді. Аустралиялық тәсілмен салынатын заманауи мал базарында саудагерлерге де, келушілерге де қолайлы жағдай жасалмақ. ЖСҚ және рұқсат құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аустралиялық компаниялардан коммерциялық жеңілдіктер күтілуде. Алматы-Самара тас жолының бойында 40 га мал базарын салу үшін жер учаскелері анықталды.
«Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдері әрбір жобаны сүйемелдеп, соңына дейін жетуін бақылауда ұстасын. Әр жоба бойынша Жол картасы әзірленіп, әкімдік өз міндетін, инвесторлар өз міндетін уақтылы орындаулары тиіс. Созбалаңға салуға болмайды. Бізге өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвестициялық штабта айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізілсін», – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырма берді.
Инвестициялық штаб отырысында Кентау қаласындағы «Кентау байыту фабрикасын» қайта жаңарту және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу өндірісін іске қосу бойынша «KazOilEnergy» ЖШС директоры А.Қалабаевтың, Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын салу бойынша «Казкрахмал» ЖШС өкілінің ұсыныстары тыңдалды.
Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырушы инвесторлар да мәселелері мен өтініштерін айтты. Ол назарға алынып, жер мен электр мәселесі шешілетін болды. Сауран ауданындағы тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салу бойынша украиналық «UBC BG» ЖШС өкілі айтып берді. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.
