ТҮРКІСТАН: КӘСІБІН НӘСІП ЕТКЕН ШЕБЕР БҰЙЫМДАРЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

295 көрілім

Жетісай қаласында ата кәсіпті нәсіп еткен, темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған Базарбай Бейсенов есімді ерекше шебер тұрады.

Он саусағынан өнер тамған ұстаның қолынан шыққан бұйымдар бүгінде сұранысқа ие. Ешқандай жарнаманың көмегінсіз-ақ үйіне іздеп келіп, тапсырыс беріп жатады. Көктемде мемлекеттен 1 млн 225 мың қайтарымсыз грант алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Мемлекеттің қолдауымен берілген қаржыға ұста шеберханасын қажетті құрал-саймандермен толықтырған.

Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөзі дәл осы Базарбай Бейсеновке қарата айтылғандай. Өйткені, қолынан келмейтін ісі жоқ. Үйлерге жылыту құбырларын кіргізіп, темірден түрлі бұйымдар жасайды. Кейбір азаматтар секілді денсаулығын сылтау етіп, мемлекетке масыл болып отырған күні болған емес. Керісінше, қасына адам алып, тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал, ағаш өнерімен бала күнінен айналысады екен. Ескірген сандықтарды жаңалап, тұтынушының талғамына сай сапалы тақтайға ою-өрнек бедерлеп береді. «Мұндай сандықтар ұзақ уақыт реңін жоғалтпайды» дейді шебердің өзі.

Өз ісіне тыңғылықты, жауапкершілігі мол шебердің қолынан шыққан бұйымдардың бағасы да қалтаға қонымды болғандықтан тұтынушының көңілінен шығып жатады.

Ата-баба кәсібін жаңғыртып жүрген оның бұл кәсібіне перзенттері де қызығушылықпен қарайды. Енді олар да әке жолын жалғап, алдағы уақытта отбасылық бизнесті дамытуға мүдделі.

Біз аса мән бермейтін неше түрлі темір заттардан тың дүние жасап шығару талант иесін танытып қана қоймай, ерекше еңбегін елге паш ету арқылы кәсіп көзіне айналдыруға да болатынын аңғартты. Қисайып жатқан қара темірден түнімен көз ілмей түрлі бейнені елестетіп, оны жасап шығару – шебердің ғана қолынан келеді. Темірді отқа балқытып, неше түрлі өрнектеп кәдеге асыру – ұстаның ғана ұтқыр ойының жемісі. Міне, бүгін сөз еткелі отырған шеберіміз, жеке кәсіпкер – Абдурахманов Хуршид.

Темір тоқып, табыс табудың жолын жас шебер осыдан 8 жыл бұрын бастайды. Алғашында алыстан көз тартып, әсемдігімен көз баурайтын сарқыраманың, фонтанның дизайнын қызығушылықпен әрі ықыласпен жасау арқылы жәймендеп тапсырыс жинай бастайды. Бүгінде оның қиялынан жарып шыққан туындылар қаламыздың барлық тойханаларының, үй аулаларының сәнін кіргізуде. Бар болғаны компрессордың, дәнекерлеу құрылғысы мен шарқайрақтың (болгарканың) көмегімен және әрине ең бастысы өзінің таудай талабымен таңғажайып туындыларымен талайды тамсандырып, тапсырыстар тіпті Қызылорда, Алматы асуда. Ал бетоннан құйылған мүсіндері, яғни жан-жануарлардың, құстардың бейнелері балаларды барынша қызықтырып, ертегі әлеміне жетелейтіндей. Материалдар, жарық диодтар Шымкенттен, Бішкектен алдырылады. Өнімнің бағасы да көлеміне қарай көңілге қонымды. Бүгінде шеберханада 5 адам еңбек етуде. Жас шебер жұмысшылардың жалақылары өнімнен түсетін табыс көлеміне байланысты дейді. Ол алдағы шаруасын кеңейтуді де жоспарлап отыр. «Өйткені, металл өнімдерін жасайтын өндіріс орындары аз. Ал мұнда өндірілген темірден жасалған өнімдердің бағасы да тиімді болады» дейді. Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының жетінші бағытында «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет» деген. Ал еңбек ресурстарын дамытуда кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары кәсіптің көзін тапқанға айтарлықтай көмек екенін түсініп, кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін дамытуды және қаламыздағы Кәсіпкерлік мектебінде өнерімен бөлісіп өзгелерге үйретуді жоспарлауда.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы