ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ЖЫЛЫЖАЙ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНУДА

246 көрілім

Түркістан облысы еліміздегі жылыжайлар көлемі бойынша алдыңғы қатардағы өңір. Осы орайда аймақтағы жылыжайлардың қысқы мерзімге дайындығы пысықталуда. Жуырда ғана көмір отынымен қамтамасыз ету үшін «Turkistan resource» ЖШС құрылып, көмірді өндірушіден тікелей тасымалдау келісім шарты жасалды. Келісімге сәйкес, 2024 жылдан бастап «Шұбаркөл көмір» АҚ-нан жылыжай шаруашылықтарына тікелей 150 мың тонна көмір отыны жеткізілетін болады.

Айта кетейік, облыста 1640 гектар жылыжай бар, оның ішінде 634 гектары – көмірмен жылытылады. Олардың бір жылдағы қажеттілігі – 275 мың тонна, қазіргі таңда 95 мың тонна сатып алынған. Сонымен қатар, облыс әкімдігі тарапынан жылыжай шаруашылықтарының мәселелерін Үкімет деңгейінде көтерудің нәтижесінде шаруашылықтарды қолдаудың жаңа тетіктеріне қол жеткізіп, жылыжайлардың жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Нәтижесінде, жылыжайларды жылыту шығындарының 20 пайызы субсидияланатын болды. Оның ішінде, фермерлік жылыжайлардың гектарына – 4,8 млн. теңге, өндірістік жылыжайларға – 8,1 млн. теңге бөлінеді. Бұл мақсатта биыл 500 млн. теңге қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, облыста фермерлік жылыжайларды «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттік стандарттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге жылыжай шаруашылықтары тарапынан 732 өтінім тапсырылып, 531 фермерлік жылыжай сертификатталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және азық-түлік саласында импортты алмастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Жыл өткен сайын облысымыздағы жылыжайлардың көлемі артуда. Бүгінде республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысыныңүлесінде. Бүгінде жеке кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба» шеңберінде мемлекеттік грант алып, өңірлерде кәсібін бастағандар саны күн сайын артып келеді. Соның бірі түлкібастық Әмірхан Айтеков. Ол мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, жылыжайда құлпынай өсіруді қолға алған.

«Қазір кәсіптің көзін тапқандар ауылдық жерлерде өте көп. Мен де өз кәсібімді дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, құлпынай өсіріп жатырмын. Жылыжайда құлпынайдан бөлек, пияз, сарымсақ және түрлі аскөктерді де егеміз. Қазіргі таңда құлпынайларды әр екі ай сайын жинап алып, аудандағы дүкендерге өткіземіз»,- дейді кәсіпкер.

Жылыжай (ағылшынша – greenhouse) – жеміс-жидектер мен көкөністерді жылдың салқын мезгілдерінде өсіруге арналған арнайы нысан. Көшетханаға қарағанда құралымы, жылыту жүйесі күрделірек келеді. Жылыжайда жыл мезгіліне қарамастан, тәулік бойына бір қалыпты температура мен ылғалдық сақталады. Ең бастысы жылыту мен желдету жүйесі дұрыс жұмыс істеуі қажет. Мұндай жағдайды жылыту мен желдетуді дұрыс ұйымдастырғанда ғана жасауға болады. Жылыжай күн сәулесімен, биологиялық (биологиялық отынның жылуы есебінен) және техникалық жолмен (ыстық су, бу, электр және т.б.) жылытылады. Ол табиғи жолмен де (желгек немесе фрамуга арқылы) немесе қолдан да желдетіліп тұруы мүмкін. Қандай мақсатқа арналғанына, пайдалану мерзіміне, жылыту түріне, қолданылған құрылыс материалына байланысты жылыжайдың құралымы түрліше болуы ықтимал. Жылыжайды бір еңісті, екі еңісті, блокты деп бөледі. Көбінесе екі еңісті жылыжайлар салынады, оның жарық түсетін жазықтығы шығысқа және батысқа қарап тұруы тиіс. Жылыжай пайдалану мерзіміне, қолданылған құрылыс материалына, мақсатына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Жылыжайға жабын ретінде әйнек немесе полиэтилен пайдаланылады. Дақылдар жылыжайда топыраққа отырғызылады немесе стеллаждарды пайдалану арқылы өсіріледі.

Жасыратыны жоқ, өзіміздің шаруалар халықты көкөніспен, жеміс-жидекпен толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан көкөніс пен жеміс-жидекті көрші Өзбек пен Қытай елдерінен тасымалдауға мәжбірміз. Жыл сайынғы бағаның мың құбылуы да осының салдары. Сондықтан сыртан тасымалданатын көкөніс пен жеміс-жидекке деген тәуелділікті жою үшін елімізде жылыжай шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алуымыз қажет.

Министрліктің мәліметінше жылыжай шаруашылығы жыл сайын дамып келеді. Статистика дұрыс-ақ. Алайда жылыжай шаруашылығы еліміздің барлық өңірінде дамып жатыр деуге келмейді. Өкініштісі сол… Өйткені жауапты министрліктің мәліметіне қарар болсақ, жылыжай шаруашылығы тек Оңтүстік Қазақстанда жақсы дамығынан көруге болады. Сандарды сөйлетер болсақ, Түркістан облысында 3 366 жылыжай бар екен. Ол  жылыжайлардың жалпы көлемі 1467,4 гектарды құрап отыр. Бұл еліміздегі барлық жылыжайдың 71 пайызы деген сөз.

Алайда, жылыжай шаруашылығы жақсы дамыған Түркістан облысында да жағдай мәз емес екен. Сала мамандарының айтуынша, жылыжайларды жылытуға, жарықтандыруға жұмсалатын шығындардың үлесі өнімнің өзіндік құнының 45 пайызын құрап отырған көрінеді. Ал мұның өнім бағасына тікелей әсер ететін фактор екені түсінікті. Оған қоса, табиғат жағдайына байланысты жергілікті шаруашылық иелері көрші елдерге қарағанда қуат көздерін ұзағырақ пайдаланады екен. Ол аз десеңіз көрші елдермен салыстырғанда, біздің елде электр энергиясының, көмірдің, табиғи газдың бағасы біршама жоғары көрінеді. Сол себепті де біздің шаруалар көрші елдің өндірушілерімен бәсекелесе алмайды. Өйткені көрші елдерде өнімнің өзіндік құны біздегіден әлдеқайда төмен. Соның салдарынан жергілікті жалыжай шаруашылығы иелері олай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының күйін кешіп отыр. Өйткені өнімді арзан сатса, шаш етектен шығынға батады, ал қымбат сатса, шеттен келген өніммен бәсекелесе алмай, өнімі өтпей қалады.

Сондықтан жылыжай шаруашылығы мамандары жылыжайға қажетті қуат көздерін 50%-ға дейін субсидиялауды сұрап отыр. Сондай-ақ, жергілікті шаруаларды қолдау мақсатында көрші елдерден келетін өнімдерге салынатын салық көлемін ұлғайту қажет деп есептейді. Сонымен қоса шаруашылық иелеріне несие төлеу мерзімін ұзартуды, коммуналдық төлемдерге төленетін тарифті қайта қарауды ұсынып отыр.

Әмірхан Айтековтің айтуына қарағанда жылыжай кәсібімен айналысып, жақсы өмір сүруге барлық мүмкіндік бар. «Тек ерінбей еңбек етсең болғаны», – дейді кәсіпкер. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, ерінбей еңбек етіп, мемлекет берген қаржыны мақсатты пайдаланса, жылыжай шаруашылығын жылы жақта да, суық жақта да дамытуға болады екен.

Негізі жылыжай шаруашылығымен айналысам деушілерге мемлекет тарапынан көмек беріледі. Мәселен жылыжай тұрғызуға жұмсалған шығынның 30 пайызын, көкөністерді сақтауға жұмсалатын шығынының 20 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қоса жылыжай шаруашылығын қолдау мақсатында өсіру шығынына ретінде 500 мыңнан 5,5 млн теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі. Одан бөлек тыңайтқыштарға, гербицидтерге, әр түрлі аурулармен күресетін биогенттерге де мемлекеттен субсидия бөлінеді.

Мамандардың айтуынша, жылыжайда өскен ауыл шаруашылығы дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтар болсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді. Ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың маңыздылығы еш жойылмайды.    

Осы ретте айта кету керек, әлем бойынша жылыжай салу жөнінен Қытай алдыңғы орында тұр. Бұл елдің жылыжай алқабы шамамен 1,5 млн. гектарды құрайды. Бұл салада  АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Ресей сынды мемлекеттер де жетекші мемлекеттер болып табылады.

Жылына бірнеше мәрте өнім беретін жылыжай шаруашылығы қай жағынан алсақ та  өте тиімді. Шағын жылыжай бір отбасыны ғана емес, кішігірім бір ауылды да асырауға қауқарлы. Тек істің көзін таба білсеңіз болғаны.

Сонымен қатар, облысымыздағы Жетісай ауданындағы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Атақоныс елді мекенінің тұрғыны Рабия Халилова 4 жылдан бері үйіргелік жерінің 16 сотоғында жылыжай ісін қолға алып, қияр мен қызанақ егуді кәсіп еткен. Жылына 10 млн теңгеге дейін табыс тауып, 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ауылдағы аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық жасаудан қалыс қалмайтын кәсіпкер бүгінде наубайхана мен көлік жуу орталығының құрылысын жүргізуде.

4 перзенттің анасы, 9 немеренің әжесі атанған Рабия Халилованың суды үнемдеумен қатар мол өнім алу мақсатында тамшылатып суғару әдісін енгізген жұмысымен танысуға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов арнайы барды.

Кездесу барысында аудан басшысы ауданда ішкі азық-түлік нарығының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін сақтау, жаңа экспорттық тауарларды іздеуге арнайы жобалардың жүзеге асырылуын, өңірге инвестиция тарту, көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларын барынша күшейту, жаңа озық технологияларды енгізу, өндірісті қазіргі заманғы жабдықтармен және өнімділігі жоғары техникамен әртараптандыру есебінен дамыған агроөнеркәсіптік кешен құру жайында ілкімді істердің атқарылып жатқанын, жылыжай шаруашылығын жүргізушілерге мемлекет тарапынан субсидия төленетінін айтып түсіндірді.Айта кетейік, бүгінде аудандағы жылыжайлардың көлемі 20 гектарға, бір жерден екі-үш өнім алу 1261 гектарға, ал, тамшылатып суғару әдісі 451 гектар алқапқа енгізілген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы