Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген салиқалы сұхбатын үлкен қанағаттанушылық көңіл күйде толық оқып шықтым. Президенттің экономикалық саяси тұрғыдағы атқарылып жатқан жұмыстары тұрғысындағы ұстанымдары мен келер күннің еншісіндегі бағыттары айқын екенін аңғару қиын емес.
– 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.
Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды. Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады,-деп қадап айтты.
Небәрі үш жылда ғана атқарылған осындай тұрмыстық мәселелер жаңадан жасақталған билік өкілдері мен үлкенді-кішілі деңгейдегі сайланған депутаттардың қарапайым халықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мықтап назар аударғандығын көрсетеді. Оның сыртында мұғалімдер мен дәрігерлердің айлық жалақысының көтерілуі олардың сапалық деңгейінің өсуіне және қойылатын талаптардың күшеюіне әкелді. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасының басталуы барлық өңірлердегі үш ауысымдық жүйенің жойылуына, оқушылардың өзін қызықтырған түрлі үйірмелеріне баруына мүмкіндік ашады. «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жүзеге асуы тұрмысы төмен отбасылардың үмітін алға жетелейді. Елдің қатты күтіп отырған тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отырған мәселе – ол ондаған жылдардан бері жеке үй салып алуға мүмкіндігі бар отбасыларына инфрақұрылымы жасалмады деген желеумен жердің берілмей келуі. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылуы малды ауылдардың ортақ жайылымына қол жеткізуіне мүмкіндік әперді. Ендігі жерде сырттан болмаса өз ішімізден инвесторлар тарту арқылы тұрғын үй салып алуға арналған жерлерге инфрақұрылым жасауды жүзеге асырса, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылары-мыздың үйлі-жайлы болуына көп мүмкіндік ашылған болар еді.
Себебі, Түркістан облыс орталығы мәртебесін алған бес жылда өңірдің экономикасы еселеп көтеріліп қана қоймай, киелі қалаға және облыс аумағына қоныстанушылар қатары жылдан жылға артуда. Сондықтан, киелі шаһар мен қала аумағына жақын ауылдық округтердің әкімдері мен мәслихат депутаттары бас жоспарды жедел жасап, жас отбасылардың үй салып алуына қолайлы мекендерді қарастыруы ауадай қажет.
Түркістанның басқа өңірлерден үлкен артықшылығы мұнда қандай да құрылыс жұмыстарын жыл он екі ай бойы, қажет болса тәулік бойы тоқтатпай жүргізуге болады. Оның сыртында ақсақалдар мен жастар, кәсіпкерлер ақылдаса келіп, тұрмысы төмен отбасыларына ежелгі «Асар» әдісімен де үй салып беруге болады. Мұндай тәжірибе бізде бар. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының бастамашылығымен бұған дейін де үйлері өртеніп кеткен тұрғындарға ел болып, үй тұрғызып, материалдық жағдайын бірден көтеріп берген оқиғалар болды. Алдағы уақытта да жасымыз бар, жасамысымыз бар Мемлекет басшысының Жолдауындағы және «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатындағы саяси-экономикалық шараларды жүзеге асыруға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, барынша белсенді түрде үлес қосуға шақырамын.
Әсіресе, сұхбаттағы «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек», – деген жолдардан жаңа Қазақстанның дамуы, өсіп-өркендеуі үшін тура жол, түзу бағытты дөп басып таңдағандығымызды айқын көреміз.
Өзім төрағалық етіп отырған «Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы» қоғамдық ұйымының бүгінгі таңда атқарып отырған жұмысы да сан ұлттың өкілі мекендеген киелі өңірдің ауызбірлігі мен ынтымағын арттыру, татулығын сақтау.
Бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті тірлік кешкенде ғана өсіп- өніп, өркендемекпіз. Кешегі күні Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың қаладағы оннан астам үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл байлық ел үшін» деген тақырыпта өткізген кездесуінде де осы көкейтесті мәселе кеңінен сөз болды. Сол басқосуда да біздің ақсақалдар алқасының әлсіз топтар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көрсетіп жатқан көмегін, тіпті қоғамдық ұйымдардың ықпалымен қаншама отбасының тегін баспанамен қамтамасыз етілгенін, Түркістанымызды «гүл қалаға» ғана емес, арақ-шараптан ада, таза қалаға айналдыру жөніндегі бастамамыздың да жүзеге асырылып, көптеген өңірлерде қолдау тауып отырғанын айтқан едім.