Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры Д.Қамзабекұлымен болған сұхбаты жарық көрді.
Президент Жаңа Қазақстан бағыты бойынша әділ және бәсекелі экономика жүйесін қолға алынғандығын, экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарын күн тәртібіне қойғандығын жеткізді. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер өте көп екендігін, оны шешудің жолдарын қарастырып жатқандығын атап өтті. Нәтижесінде, Қазақстанның түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер», денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп жатқандығынан ел хабардар. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты жаңа заң жобалары қабылданғандығын тілге тиек етті. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Расында соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға қатысты еліміздің әр өңірінде жайсыз мәселелер орын алды. 2023 жылы Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында бес жасар қызды көршісі зорлап өлтіргені, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылында мектеп оқушысын ауылдың екі азаматы азаптап өлтіргені қоғамда үлкен резонанс туғызды. Мемлекет басшысы істі ежей-тегжейлі тексеруге қатысты тікелей құқық қорғау органдарына тапсырма жүктеді. Нәтижесінде, дереу іздестіру жұмыстары жүргізіліп, қылмыскерлер табылып, өз жазасын алды. Осындай олқылықтың алдын алу үшін, құқық қорғау, жергілікті басқару органдары тұрақты жұмыс жүргізу қажет деп есептейміз.
Мақалада айтылған мәселердің бірі Ұлттық құрылтай жайында болды. Осы тұрғыдағы әңгімені әріден бастасақ, халқымыздың тарихында Түркістандағы Күлтөбенің басына күнде жиын, халықтық кеңестер өткендігі белгілі. Сонымен қатар, 1726 жылы Ордабасыда құрылтай өткендігін білесіздер. Ол заманда қазақтың үш жүзінің өкілдерінің Бадам өзені бойындағы Ордабасы тауында бас қосқаны тарих беттеріндегі айшықты оқиғалардың бірі. Бұл XVIII ғасырдың басында қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатына душар еткен жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған халықтық құрылтай еді. 1917 жылы Орынбордағы І-ші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылған болатын. Ал, ІІ-ші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланғанын білеміз.
Бабалардан қалған осы саяси үрдісті Мемлекет басшысы 2022 жылы қолға алған болатын. Ұлт ұясы – Ұлытауда бірінші Құрылтайды өткізді. Бұл жиынның өзіндік мәні бар еді. Біріншіден, бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртты. Екіншіден, елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейтін идеологиялық мәселелер талқыланды. Екінші құрылтай 2023 жылы қасиетті Түркістан шаһарында өтіп, онда сегіз түрлі мәселелер күн тәртібіне қойылып талқыланды. Президент Қ.Тоқаев Түркістанды Қожа Ахмет Ясауисіз елестету мүмкін еместігін алға тарта отырып, тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосқан әйгілі ғұламаның мұраларын зерттеу мен қатар дәріптеу қажеттігін баса айтты. Нәтижесінде, киелі шаһардан баба мұрасы мен ілімін түпкілікті зерттеумен айналысатын «Ясауитану» ғылыми зерттеу институтын немесе ғылыми орталығын құруды тапсырды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде 1978 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен құрылған 45 жылдық тарихы бар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беру туралы ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. Нәтижесінде, 2023 жылдың 19 желтоқсан күні Мемлекет Басшысының «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беру туралы Жарлығы шықты. Бұл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне бағынысты музей-қорықтар ішінде алғаш қол жеткен толайым табыс болды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы өзіне жүктеліп отырған үлкен жауапкершілікті абыроймен атқаруға, жаһандық деңгейдегі тәжірибесі озық музейлермен тең дәрежеде жұмыс жасауға бар күш-жігерін салатын болады. Сонымен қатар, 2023 жылы Құрылтай кеңесінде айтылған жағымды жаңалықтың бірі Марал ишанның Кенесары ханға сый ретінде берген Құран кітабы Ресей жерінен табылып, реставрация жасалып жатқандығы мәлімделді. Тарихи жәдігердің бір данасы 2023 жылдың 17 қараша күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесіне салтанатты түрде табысталды. Бұл жаңалықтың астарында үлкен мән жатыр. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қол табы қалған қасиетті Құран кітабының тарихи отанына оралуын ел жақсы ырымға балады.
Президент мақаласына қайта ойыссақ, биыл елімізде бірқатар ауқымды саммиттер мен форумдар өтетіндігін, сонымен бірге, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық ететіндігін жеткізді.
2024 жылы елімізде дүниежүзілік көшпенділер ойыны өткізіледі. Көшпенділер ойыны еліміз үшін айтулы оқиға болатындығы сөзсіз. Ол өз кезегінде тамырлас, туыстас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын одан әрі артуына өзіндік септігін тигізетіндігі анық.
Қазақ әрқашанда өзінің біртуар перзенттерін, дара тұлғаларын дәріптеген, оларды әрдайым ұлықтаған халық. Асыл тұлғаларымыздың жүріп өткен жолдарын кейінгі ұрпаққа таныту, насихаттау мақсатында Президент Қ.Тоқаев биыл мемлекетемізде Қазақ Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл, Қазақ хандығының бастауы – Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл толып отырғандығын атап өтті. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынып, Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстары да аяқталатындығын жеткізді. Демек, тарихтың ақтаңдақ беттері қайтадан жазылып, көпшілік оқырманға жол тартатын күн де алыс емес.
Президент мақаласында айтылған басым бағыттың бірі атом энергиясын жандандыру кезек күттірмейтін мәселе дер едім. Қазіргі таңда еліміз жаһан бойынша уран өндіру көлемі жағынан бірінші орында тұр. Бұл бағытты жандандыру үшін еліміздің аумағынан АЭС салу күн тәртібінде тұрған мәселе. Бастамаға қарсылықтар болып жатқандығын да айта кетуіміз керек. Бірақ Президент халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдерді ел талқысына салып, референдум арқылы ғана қабылдауға болатындығын жеткізді.
Баршамыздың қабырғамызды қайыстырған Қаңтар қырғынына да биыл екі жылдан астам уақыт өтті. Қазақ үшін, мемлекетіміз үшін қаңтар қырғыны тұтқиылдан келген ауыр соққы болғаны анық. Президент мақаласында Қаңтар қырғынына қатысты ел көкейінде жүрген сұрақтарға нақты жауабын берді. Еліміз ауыр күндерден сабақ алды деп ойлаймыз. Бабаларымыздан қалған «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» – деген асыл сөздің астарында елдікке қатысты үлкен мән жатыр. Сондықтан дархан даламызда тек бірлік пен ынтымақтастық салтанат құруы тиіс және бабалар көксеген ұйысу мұратын ұстану әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы деп есептейміз.
Берік БАЙБОЛ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.