АСПАНМЕН АСТАСҚАН АБУ-ДАБИГЕ САПАР

336 көрілім

16 қаңтар күні Түркістаннан Абу-Дабиге алғашқы әуе рейсі ұшқан болатын. «Wizz Air» әуекомпаниясының «Airbus 321» ұшағы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасына 3,5 сағатта жеткізді. Алғашқылардың қатарында біз де бармыз.

Мұнайлы мемлекетке сапарымызда байқаған біраз айырмашылықтар мен ерекшеліктерді тізбелеп тауысу қиын. Десе де көрген-білгенімізді баяндап көрелік. Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірлігінің ұлттық валютасы дирхамды доллардан жоғары қояды. Соған сай кез келген бұрышта ақша айырбастайтын дүңгіршектер орналасқан. Келушілер үшін доллардан гөрі дирхамның үнемді әрі ыңғайлы екені кез келген адамға мәлім.

Алдымен Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабидің инфрақұрылымын сөз етсек. Эмираттардың 95%-ын құрайтын бұл қаланы дамыту жолындағы жоспарлардың жүйелі іске асып жатқанын байқау қиын емес.

Мұндағы негізгі көлік түрі – такси. Қалада автобустар да, шағын автобустар да жоқ. Такси бағасын Түркістандағы бағамен салыстыру мүлдем қиын. Мұндағы туристердің көптігі мен қолайлы жағдайға, сонымен қатар орташа табыстың молдығына байланысты көрсетілетін қызметтер бағасы айтарлықтай қымбат. Көлік қызметіне арналған бірнеше бағдарлама іске қосылған.

Абу-Даби – ультра заманауи қалалық пейзаж бен Шығыстың ежелгі дәстүрлерінің бірегей үйлесімін қатар игерген қала десек қателеспейміз. Қалада келушілер жергілікті мәдениет пен әдет-ғұрыпты жақсырақ түсіну үшін зерттей алатын көптеген тарихи және заманауи орындар бар. Тіпті әлемдік өркениеттің бір ошағына айналу бағытында да ірі мәдени ошақтар бой көтерген. Париж десе өнертанушылар үшін әйгілі Лувр мұражайы еске түссе, 2017 жылы дәл осы Лувр мұражайы Абу-Дабиде де ашылған.

Абу-Даби Луврының коллекциясында әртүрлі дәуірлер мен өркениеттердің экспонаттары, соның ішінде Леонардо да Винчи, Пикассо, Гоген, Мане, Магрит, Беллини картиналары қойылған.

Абу-Даби – әмірліктердегі ең үлкен және ең тығыз қоныстанған. Бұл шаһарды «шығанақтың бау-бақша қаласы» деп атайды екен. Оған себеп әр ағаш пен бұтаның суарылуына негізделген жасанды бақтар мен саябақтар өте көп.

Аз ғана аялдап, төрткүл дүниені таң қалдырған Дубай шаһарына келдік. Бір қызығы, Абу-Даби мен Дубай арасын құрайтын 150 шақырымдық жолдар тақтайдай десек артық емес. Мұндағы 5 жолақты жолдардың сапасы мен такси қызметінің жоғары деңгейіне қарап, үлкен мәдениет пен экономиканы байқайсың. Сонымен 150 шақырымға 300 дирхам көрсетті. Яғни Түркістан-Шымкент қалаларының арақашықтығындай жолды біз шамамен 35мың теңгеге жүріп өттік. Әр адам жекелей 8-9 мың теңгеге Дубайға жетіп алса болады.

Құм орынына салынған қаланың қазіргі туризм саласы өте жоғары дәрежеде екені әлемге хақ. Туризм саласы белгілі бір мемлекеттің табыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлемнің әр жерінен келген туристерге өз елінің минталитетін дәлелдейтін сала десек қателескеніміз емес. Ал туристік бағытта қызмет атқару үшін міндетті түрде ағылшын тілін меңгеруі қажет. Бұл сөзімнің себебі БАӘ-де жүрген кез келген адам екеуара мәміле құру үшін ағылшын тілін жетік меңгерген.

Сондай-ақ, бұл шаһарда расымен туризмнің дамығанын қала тұрғындарының мінезінен де байқауға болады. Көшеде көрінген кез келген адамнан жол сұрасаң, жөнін айтып, аңқылдап тұратынына да көзіміз жетті.

Ендігі басты мәселе шетелге саяхатқа шығатын болса, қонақ үй мәселесіне зейін қояры анық. Ал осы басты тақырыпқа бар күшін салған эмираттардың бірлігінен үлгі алуға болады.

Себебі, туристер көп келетін Дубай шаһарында осынша туристерді бір мезгілде еш қымсынбай қабылдай алатын үйлер туралы аз-кем ақпарат айтайық. Дубай қаласында 2022 жылғы санақ бойынша 610 қонақ үй болған. Ал бүгінде бұл сан 2 есеге өскен. Демек бір жылдың көлемінде Дубай қаласына тағы 600 қонақ үй бой көтерген көрінеді. Бұл туралы 14-і желтоқсанда өткен «сити брифинг» дөңгелек үстел отырысында айтылған. Аталмыш жиынға 1000-ға жуық адам қатысқан. Мұның бәрі қонақүй басшылары және жергілікті билік өкіодері екен. Дәл осы қонақүй ісінде Түркістандағы Керуен сарай кешенінде тәжірибе жинап, 2 жылға жуық уақыт БАӘ-де қызмет етіп жүрген Айбек есімді досымыздың айтуынша, бұл іс-шарада Дубай шаһарының өткен жылдар мен қазіргі уақыттағы туризм саласындағы өзгеріс деректері талданған.

⁃ Біздің Түркістан қаласына да осындай форумдар мен дөңгелек үстелдер керек. Себебі облыс әкімі мен барлық қонақүй басшылары орташа есеппен қанша туристті қабылдағанын және қанша кіріс түскенін байқап отырса, соған сай қызмет көрсету сапасын да жақсартуға болады. Мұнда келгенде мен жұмыс жасаған «Rixos Marina Abu Dhabi» қонақүйі елдегі ең үздік қонақүйлер қатарына жатады. Ал дәл қазір Дубай қаласындағы әлемнің 44 үздік қонақүйінің қатарына кіретін «Atlantis The Royal» отелінде қызметтемін. Үйренетін біршама дүние бар. Соны Қазақстанға, Түркістанға барып жүзеге асыруды ойға алып келемін, – дейді жерлесіміз А.Мамуров.

Біз аялдаған «Атана» қонақүйінде екі адамға 3 күнге 1300 дирхам кетеді. Жобамен бір адамға үш күнге 70-75мың теңге кетеді. Әрине бұл жақта кез келген қызмет түрі Түркістанмен салыстырғанда қымбат. Әсіресе азық-түлік маркеттеріндегі бағалар біздікінен айтарлықтай алшақ. Мысалы, дүкеннен екі сэндвич пен екі кола алсаңыз, шамамен 40 дирхам төлейсіз. Ол дегеніңіз 4-5мың теңгенің жобасы. Сондай-ақ, қала ішіндегі такси бағасы да жоғары. Әлемдегі ең биік ғимарат саналатын биіктігі 828 метрлік Бурдж-Халифаның немесе Дубай Моллдың маңы мен біз қоныстанған «Атана» қонақүйінің арасы 14 шақырымды құрайды. Бұл аралыққа таксисттер 40-60 дирхам аралығында алады екен. Яғни, теңгемен есептегенде 4,500-7000 теңге аралығы.

Кез келген турист үшін ендігі бір мәселе – байланыс. Дубай мен Абу-Дабиде біз көз жеткен бір керемет – уайфай. Тіпті таксиге дейін уайфай орнатылған қаланың қаншалықты туризмге ден қойғанын бағамдай беріңіз. Егер жақындарыңызға хабарласамын десеңіз, арнайы роумингке қосылған Sim-карталарды алсаңыз болады.

Таңқаларлық жайт, Абу-Даби мен Дубай қалаларының кең көшелерінен бағдаршамды кезіктіру қиын. Біз келгелі бірде-бір  бағдаршам байқамадық. Сол секілді жаяу жүргіншілер жолағының аздығына қарап-ақ мұнда адамдар тек көлікпен жүруді әдетке айналдырғанын аңғардық. Көшелердегі көліктер діттеген жерге лезде жеткізуіне тағы бір себеп сапалы жол мен бағдаршамсыз көшелер деп түйдік.

Дубайдағы өзекті мәселелер өз шешімін тапқан десек артық емес. Қаңтардың 17-сі күні +28*с ыстықты көрсететін ауа райы жазға қалай төтеп беретіні ойландыратыны анық. Бірақ Араб Әмірлігі жасанды жағажайлар мен Парсы шығанағының арқасында Дубай мен Абу-Дабиде жанға жайлы ылғалды ауа климаты қалыптасқан. Ол аз десеңіз әрбір көлік пен ғимаратта, тіпті көше бұрыштарында салқындатқыштар орнатылған. Сонымен, сәулетті де сәнді қалаларымен әлем назарын аударған Біріккен Араб Әмірлігіне саяхатымыздың бір баяны осы. Алда тарқатып айтар дүниелер өте көп. Сөзіміздің соңын Дубайды көргендені алғашқы әсерден туған бірауыз өлеңмен аяқтасақ:

Алып шаһар. Араб елі,

Сансыз шамдар, сәні әдемі.

Саған келген әр адамның

Жаңарғандай жан әлемі!..

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Түркістан – Абу-Даби – Дубай – Түркістан.

18.01.2024 жыл.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы