ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

399 көрілім

Қайырымдылық – исі мұсылманның қанына сіңген әдебі. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін іс. Қиналғанға қол ұшын созып, елге жасаған жақсылығымен марқаятын ұлтымыздың асыл қасиетін бойтұмар қылып ұстап жүрген қайырымды жандар күн санап артып келеді.

Жуырда қайырымды жандар рухани шаһарда кезекті игі істің нәтижесінде әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыға баспана сыйлады. Сауапты істерімен түркістандықтардың алғысына бөленіп жүрген «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаровтың бастамасымен бұрын аядай ғана екі бөлмелі үйде тұрған отбасы 4 бөлмелі жаңа шаңыраққа кіріп, қуанышқа бөленді.

Жаңа үйді табыстауға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық Аналар алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева сынды бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қоныс тойға қатысушылар ізгі ниеттерін білдіріп, жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Аз уақыт ішінде құрылысы аяқталған жаңа үй табиғи газ, үй жиһаздары, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ, барша керек-жарақпен жабдықталған. Игі шараға қатысқан «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қоры мүшелері қысқа уақыт ішінде салынған үйге көмек қолын созған жергілікті кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.

– Жақсы іс жасау үшін қалтаңызда миллион қаржы болуы шарт емес. Бастысы жүрегіңізде кішкене мейірім болса жеткілікті. Түркістанда құрылған «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қоры жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым көмек қолын созып келеді. Бүгін қала әкімдігімен, зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп мұқтаж жандарға қуаныш нұрын сыйлады. Алдағы уақытта да қор мүшелері сауабы мол, игі істерін жалғастыра бермек, – дейді «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров.

Игі шарада құттықтау сөз алған Жарылқасын Әзіретбергенов ақ батасын беріп, аталмыш қордың төрағасы Райымжан Қошқаровқа түркістандықтардың атынан алғыс айтып, ел игілігі жолындағы атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаровтың айтуынша, бұл – 40-шы отбасының қуанышы. Үйдің иесі мен жары – ІІ топтағы мүгедектер. Олар ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отыр.

Азамат ӘЛІБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы