Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Өлеңі әнмен үйлескен» атты еске алу кеші өтті. Аталған кеш ақын, драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылған.
Әдеби жиын барысында кеш спикерлері ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның «Құрметті азаматы», «Ажар» сыйлығының лауреаты Роза Нарымбетова, «Turkistan Media Holding» ЖШС мекемесінің атқарушы директоры, журналист Тельман Бейсенов әдебиет пен мәдениет саласына өлшеусіз үлес қосқан сан қырлы тұлға жайлы сөз сөйледі. Ал Түркістаннан шыққан жас ақындар Дәурен Тілеухан, Бауыржан Ерман, Азамат Әлібек кеш қонағы болып, Әбділдә Тәжібаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның өнегелі өмір жолын баяндады. Қайраткерлігі мен жазушылығы ұштасқан қаламгердің өмірі һәм шығармашылығынан тың ақпараттар айтылды.
Айта кетейік, Әбділда Тәжібаев 1909 жылы 4 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Өлеңдері алғаш рет «Сыйлық» атты ұжымдық жинақта 1927 жылы шыққан. Алғашқы жеке жинағы 1932 жылы «Жаңа ырғақтар» деген атпен шықты. Поэзия, драматургия, сын, проза жанрлары саласында еңбек етті. Бірнеше дүркін таңдамалы туындылары, шығармаларының екі томдығы, бес томдығы жарық көрген. Орыс кеңес ақындарының өлең-жырларын қазақшаға аударған. 1974 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушы құрметті атағын алған.
«Түркістан-ақпарат».
