Киелі Түркістан жерінде тағы бір дүбірлі дода басталды. 18, 16, 14 жас аралығындағы жасөспірім балалар арасында шахматтан өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 өңірден 400-ге тарта жас шахматшы қатысып, шаршы тақтада сайысқа түсуде.
Бәйгеге қосылған хас жүйріктей тыпыршып тұрған жас дарындар жарысының шиеленісті өтетіні қатысушылар арасында шахматтың ашылу салтанатында өткізілген ой сайысына құрылған ойын кезінде-ақ байқалып үлгерді.
Шахматтың классика, рапида, блиц түрлерінен бақ сынайтын жас шахматшылар сайысының ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, Қазақстан шахмат федерациясының вице- президенті Марат Сағынтайұлы Есенов, сондай-ақ Түркістан облысының тумасы, белгілі гроссмейстер, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Бекзатқызы Дәулетова қатысып, қатысушыларға игі тілектерін жеткізіп, сәттілік тіледі.
Қазақстандық шахматшылардың өткен жылы қол жеткізген жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті.
Шынында да, қоян жылы ой жарысын пір тұтқан қазақстандық шаршы тақта иелері үшін өте жемісті болды. Шахматшыларымыз әлемдік, халықаралық сайыстарға қатысып, әр түрлі деңгейдегі 116 медальді қанжығасына байлапты. Алғаш рет Ақтауда өткен әлем чемпионатында қыздар командасы екінші орынды иеленді. Шахмат тарихында тұңғыш рет «Шахмат керуені» өткізіліп, оның қорытындысы түркі әлемінің тұмары – туған қаламызда өткізілуінің өзі де атап айтуға тұрарлық тарихи оқиға. Сондай- ақ Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Русланұлы Турловтың ҚР спорт және туризм Министрлігі тағайындаған «Ең үздік федерация президенті» атағына ие болуы да шахматшылардың ортақ қуанышы.
Салтанатты жиында сөз алған «Фридом-Брокер» компаниясының аймақтық филиалының төраға орынбасары Ерлан Мелдеханұлы Абдурасилов жастардың ой-өрісін дамытатын керемет іс-шараның өтуіне өздерінің де көмегі тиіп отырғанына қуанышты екенін жеткізе келіп «ой инвестициясының» иелеріне жеңіс тіледі.
Ел ағалары айтса айтқандай, соңғы жылдары елімізде спорт саласы, соның ішінде шахмат өнері жақсы дамып келеді. Оған мемлекет тарапынан да көп қолдау көмек жасалып отыр. Алысқа ұзамай-ақ, тек Түркістан қаласының өзінде салынып жатқан спорттық ғимараттарды, өткізіліп жатқан ауқымды іс-шараларды айтып өтсек те жеткілікті.
Шахматтан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты он екі күнге созылмақ. Жеңімпаздарға тігілген жалпы құны бес миллион теңгелік жүлде қорын әр санаттағы жүлдегерлер өзара бөлісетін болады.
Роза НАРЫМБЕТОВА.
