Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов бастаған халық қалаулылары А.Салимов, С.Арыстанов, С.Көшенов, Б.Сүлейменов, Е.Хандиллаев, Б.Шойбеков және И.Намазбаева, Ж.Ағабеков «Тurkеstan-Arena» орталық стадионына арнайы барып, жұмысымен танысты.
Депутаттарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев, «Тurkеstan-Arena» стадионының директоры Б. Нұрманов ғимаратта орналасқан мекеме қызметкерлері мен олардың жұмыстарын түсіндірді. Сонымен қатар, депутаттар футбол алаңының қазіргі жағдайымен танысып, мекемедегі спорт залдарды аралады.
«Тurkеstan –Arena» стадионы бокс, гимнастика, йога, ауыр атлетика, тренажер, фитнес залдарымен жабдықталған. Мұнда барлық спорт үйірмелерінде балаларға тегін сабақтар ұйымдастырылған. Фитнес және тренажер залдары ақылы қызмет көрсетеді.
Мәслихат депутаттары мекемені аралау барысында, стадионды күтіп-баптау үшін барлық жағдай қарастырылғанын және қызметкерлер өз саласы бойынша жұмысын тиянақты атқарып жатқандығына көз жеткізді. Алайда, сәулеті келіскен стадион UEFA талаптарына сай болмағандықтан, халықаралық және ұлттық құрама командаларының ойындарын өткізуге мүмкіндік жоқ. Ол үшін стадионның сыйымдылығы 12 мың адамға арналған болуы тиіс. Осы мәселені алға тартқан сала мамандары стадиондағы көрерменге орын санын арттыруға мүмкіндік бар екенін, сол арқылы 5 мың орындық қосу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатр, «Turkestan-Arena» МКҚК-ның ғимаратының спорт залдарында балалармен жасөспірімдерді спорттың бірнеше түрлерімен шұғылдандыру үшін «спорттық инструктор» штаттарын «жаттықтырушы» штатына ауыстыру мәселесі де сөз болды.
Өңір басшысы Д..Сатыбалдының төрағалығымен өткен 2023 жылғы 23 маусымдағы жиынның №82 хаттамалық тапсырмасына сәйкес «Turkestan-Arena» орталық стадионындағы футбол алаңына жерасты жылыту жүйесін жүргізу үшін қажетті шараларды қабылдау қажеттілігіне байланысты алаңға жаңарту жұмыстары басталуда. Осы ретте «Тurkеstan-Аrena» орталық стадионында жерасты жылыту жүйесін орнату бойынша құрылыс жұмыстары келісім-шарт негізінде 2023 жылдың 27 желтоқсан күні аяқталуы тиіс болатын. Алайда құрылысты техникалық қадағалаушы мекеме 22 желтоқсан күні анықталуына және жерасты жылыту жүйесін орнату үшін қажетті материалдар шет елдерден кешігіп келуіне байланысты құрылыс жұмыстарын мерзімінен кешігіп бітіру жоспарлауда.
Айта кетейік, «Тurkеstan-Аrena» орталық стадионында 2022 жылы спорттың бірнеше түрінен облыстық, қалалық іс-шаралар өткізіліп, «Тұран» және «Мақтаарал» футбол клубтары ел біріншілігінде футбол ойындарын өткізген.
