«Базардағы кітапхана» жобасы республика бойынша тұңғыш рет Түркістан облысында қолға алынып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен халық арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапқа қол жетімділікті арттыру мақсатында алғаш рет базар аумағынан, атап айтқанда «Қуаныш базары» ЖШС- інің төрінен түрлі саладағы үш мың кітап қоры бар кітапхана келушілерге есігін айқара ашты.
Азаматтарға ыңғайлы жерде – ақпараттық қызметтерге, сонымен қатар мерзімді басылымдар мен көркем әдебиет шығармаларына, балалар әдебиеттеріне тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсынып, халыққа қолжетімді ету, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Ашық кітапхана» жобасы өткен жылы бастау алған еді. Облыстағы әкімдік ғимараттары мен әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бастаманы көпшілік асқан қызығушылықпен қабылдады.
Енді кеше «Қуаныш» базарында облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы-ның бөлімшесінің салтанатты ашылуы болып, оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы қатысып, игі тілегін білдірді. Сондай- ақ тарихшы, ғалым Досай Кенжетай, облыстық мәслихат депутаттары Инара Намазбаева, Бекарыс Шойбеков, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева кітапхананың лента қию рәсімін жасап, түркістандықтардың қуанышын бөлісті.
– Бұл жағымды жобаның өміршеңдігін уақыт өзі дәлелдеп отыр, – деді бізбен сұхбатында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, – Осы кітапхананың іргетасы қалана бастағанда-ақ көпшілік қайта- қайта сұрап, кітапхананың ашылатын күнін асыға күтті. Келешекте осындай кітапхананы Сарыағаш ауданынан ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Түркістан облысы бойынша 39 базар бар екен. Солардың біразын қамту ойымызда бар, – дейді жаңалыққа жаны құмар жаңашыл басшы.
Айта кетейік, жалпы облыс көлемінде 398 кітапхана, 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Өткен жылы «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы қолға алынып, нәтижесінде облыстың және аудан, қалалардағы әкімдік ғимараттарында, әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылып, кітапқа деген қолжетімділік артты. Атап айтсақ, қазіргі таңда облыс бойынша әкімшілік ғимаратынан 15 және басқа да нысандарда 8 кітапхананың жылжымалы пункті ашылып, оқырман игілігі үшін қызмет етіп жатыр.
Алдын-ала жоспар бойынша, бұл кітапхана бір мезетте сегіз оқырман қабылдай алады екен. Демек, күніне мұнда 70 адамға дейін қызмет көрсетіледі. Нәтижесінде, айына орта есеппен 1500 адамды қамту жоспарлануда. Халық игілігіне қызмет ететін кітапхана жұмысы сәтті болғай!
Роза НАРЫМБЕТОВА.
