ЖАҢА МЕШІТ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА БЕЗЕНДІРІЛЕДІ

426 көрілім

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс нысандарын кезекті рет аралады. Өңір басшысы алдымен «Белсенді демалыс саябағы» нысанының құрылыс барысымен танысты. Жауаптылар мен мердігерлерге жұмысты сапалы атқаруды тапсырды,- деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Әлеуметтік нысан болсын, демалыс орны болсын бәрі халықтың қаражатына салынатындықтан үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеу керек. Жүйелі жұмыс атқарыңыздар. Бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, құрылыс талапқа сай болуы қажет,– деді Дархан Сатыбалды.

Саябақтың жалпы аумағы – 10,5 гектар. Мұнда тропикалық өсімдіктері бар жылыжай да болады. Сонымен бірге, облыс әкімі оңалту орталығының құрылысын қадағалады. Оңалту орталығына тиесілі жер телімінің алаңы – 1,56 гектар. Бұдан бөлек өңір басшысы «Қылует» рухани орталығының құрылыс алаңына барды. Кәсіпкерлердің және жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынып жатқан мешіт шаһардағы маңызды орталықтардың біріне айналмақ.

Құрылысы 2021 жылы басталған жерасты мешіті 2024 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. «Қылует» – Түркістандағы жерасты мешіті, рухани-мәдени орталық. Көлбей орналасқан дөңгелек шатыры кәдімгі ай формасындағы жарықпен көмкеріліп, оған жасанды газон жабылады. Жарқырай көрінген айдың сұлбасы түнде қаланың кіре берісінен арнаулы белгі сияқты көрінеді. Оған қоса облыс әкімі нысанның сәулет үлгісіне қазақтың ою-өрнектерін салуды ұсынды.

Басшылық «Keruan City» ЖШС-нің тапсырысымен салынып жатқан үйлердің құрылыс алаңымен де танысты. Бүгінде 1-ші кезең бойынша 12 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биылғы тамыз айында 5 үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Ал 2-ші кезең бойынша 15 үйдің құрылысы 2025 жылдың сәуір айында аяқталмақ.

Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары 40 пайызға, монолитті жұмыстары 15 пайызға орындалды. Мұнда 130 жұмысшы және арнайы 15 техника жұмылдырылған. Жобалаушы мекеме – «Tauan Project» ЖШС. Жалпы ауданы 65258,74 м2 құрайтын ғимараттың бас мердігері – «Ariba Construction Company» ЖШС.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы