Біз – ұлттық бірыңғай тестілеудің тезінен өткен алғашқы буынбыз. Аға-әпкелеріміз көбіне-көп аттестат алған соң ғана жоғары оқу орнын таңдайтын. Бізде жағдай басқаша өрбіді. Он бірінші сыныпқа қадам басқан алғашқы күндерде тың реформаның хабары жетті. Директор біздің сыныпқа жиі бас сұғатын болды. Кімнің қандай университетті таңдайтыны сол күндерде пысықтала бастады. Ауданға дүркін-дүркін мәлімет жөнелтіліп жататын. Бізден таңдауымыз сұралғанда тұрақты түрде бір ғана университетті атайтынбыз. Таңдауымыз – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болатын. Ішкі түйсігіміз болашағымыздың осы университетпен тығыз байланысты болатынын сездірген сияқты.
Күткен күн де келіп жетті. Тест нәтижесі көңілдегідей болды. Аттестат алып, қасиетті Түркістанға аттандық. Талапкерлік толқынысты күндер басталды. Үкілі үміт ақталып, студент атандық. Өміріміздің жаңа да жарқын белесіне қадам бастық.
Университет әлемі бізді бірден баурап, студенттік өмір үйіріп ала жөнелді. Ол кезең – пікірсайыс дәуірі еді. Мәдениет орталығының қос залында алуан іс-шараның көрігі қызып жататын. Ойталқы мәжілістер мен зияткерлік жиындар көптеп ұйымдастырылатын. Көңілді тапқырлар клубының сауық кештері көңіл демдейтін. Осындай ортадан шет қалу мүмкін емес еді. Ол да бір дәурен екен!
Бірінші курстың орта шенінде университет президентімен кездесу өтті. Бұл – тағдыршешті мәжіліс еді. Университет басшысының бірінші курс студенттерімен жүздесуі емен-жарқын сипатта жүзеге асты. Жастар өздерін еркін сезініп, пікірлерін ашық жеткізді. Жиналыста қордаланған көп мәселе айтылды. Басшымыз барлық сұраққа жауап берді. Қатарында отырған орынбасарларына кей мәселелерді жедел шешуді жүктеді. Ректордың студенттермен ашық диалогқа баруы бізді мейлінше сүйсінтті. Сол күні ректор шәкірттердің жүрегіне жол тапқан еді.
Осы мәжілісте басшымыз университетте студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі құрылатынын мәлімдеді. Талантты шәкірттерді топтастырған бірегей жүйе – студенттік ректорат осылайша дүниеге келген болатын.
Жадымызда жатталған сол күнгі жиналыс бас-аяғы үш сағатқа созылып еді. Жиын соңында университет президентінің маңдай терін сүрткеніне куә болдық. Сол бір көрініс бізге қатты әсер етті.
Бұл – ұлағатты ұстазымыз Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің бекзат болмысына тәнті болудың бастауы болатын. Бүгінгі күні үлкен жүректі азамат, білікті басшы ретінде ерекше қадірлейтін ұстаз тұлғасы сол айтулы күннен бастап көңілімізде асқақтай берген еді. Университет президенті барлық курс студенттерімен кездесу өткізді. Сонда тың жаңалық хабарланып, қызу жұмыс басталып кетті. Наурыз айының соңында студенттік ректорат құрамы толық жасақталды. Біз бірінші курсқа жауапты студенттік проректор ретінде құрылымға мүше болдық.
Университетіміздің негізін қалаушылардың бірі – Құлбек Сәрсенұлы Ергөбектің: «Кенеуі кеткен ортадан кернеулі іс шықпайды», – дейтін салмақты сөзі бар. Бүгіннің биігінен бағамдар болсақ, Серік Жайлауұлы үлкен ұжымның кенеуін кетірмей, кернеулі іске бастады. Қолға алынған бірегей бастаманың бірі – студенттік ректорат болатын.
Студенттік ректорат аясына жалынды жастар жиналды. Жаңа жүйе жастардың тәжірибе толыстырып, шеберлік шыңдауына жол ашты. Жастардың арасында ынтымақ нығайып, достық күшейді. Өзін-өзі басқару жүйесінің жұмысы бір арнаға түсті де, Бекзат Саттарханов атындағы «НАМЫС» жастар қоғамдық бірлестігіне ұласты.
Бекзат Саттарханов тұлғасы туралы сөз бөлек. Сейілхан Саттарханов ағамыздың сөзімен айтқанда: «Бекзат – қазақ жастарының патриоттық рухының эталоны!» Ендігі кезекте сол эталон жалынды жастардың темірқазығына айналды.
Осы кезеңде университетіміздің тәрбие және оқу-әдістеме ісі жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған Талжан Пердешұлы Раимбердиев жарқын жобаға ерен еңбек сіңірді. Студенттік ректорат пен бірлестік жұмысының жандануы – Талжан Пердешұлымен тығыз байланысты.
Басшылық жастардың университет пен қаладан бастап, халықаралық деңгейдегі басқосуларға дейін белсенді қатысуына ерекше мән берді. Бұл бастама – өре өрістетуге айрықша әсер етті. Сондықтан да республикалық жиындарда Түркістан жастарының бәсі биік болатын. «Қазақстан жастар конгресі», «Қазақстан студенттерінің альянсы» сынды ұйымдардың құрылтайлары ол жылдары ресми тілде өтетін. Оңтүстік өңірінің жастары олқылықты орынды сынап, ана тіліміздің табалдырықтан төрге озуына өзіндік үлес қосты.
Байтақ еліміз 2005 жылы сындарлы кезеңді бастан кешті. Демократиялық даму жолымыздағы маңызды бекет – Президенттік сайлау өтті. Саяси науқанның бел ортасында жалынды жастар жүрді. Тіптен, саяси доданың Түркістанға тән тарихы бар.
Серік Жайлауұлының асқан мәмілегерлігі осы кезеңде айрықша көзге түсті. Ол кісі Түркістан қалалық штабты басқарып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдау ісін үйлестірді. Штабқа қай кезде барсаңыз да келелі кеңес құрып жататын. Серік аға зиялы қауымның ақылына жүгініп, ақсақалдар алқасына сүйенді. Жастарға сенім артып, ілкімді іске жұмылдырды.
Серік Жайлауұлы бастаған аға буын жастарға шын мағынасында жетекші бола білді. Жастық жалын, жайдары көңілді, алғаусыз бейілді елдік мәселеге бағыттады. Серік аға ұлттық тәлім-тәрбиенің құндылықтарын терең білетін. Ұлт ұстазының ұлағатына үңіліп, ұлтым дейтін ұланды тәрбиелеуге барын салды. Бұл жолда барынша қамқор болды. Кіріскен ісінің маңызына мән беретін. Сипай қамшылап өте шықпастан мазмұнына үңілетін. Жұмысына жан бітіретін. Толымды еңбек нәтижесінің бір парасы сайлау күні анық көрінді.
Сайлау сағаты соққанда алғашқылардың қатарында дауыс бердік. Көптеген сайлау учаскелерінде бірлестіктің бақылаушылары жұмыс істеді. Біздер учаскелерді аралап, бақылаушыларымыздың жағдайын білдік. Бір орайда штабқа бас сұқтық. Серік аға жылы қарсы алды. Ол кісі: «Батырлар, қалайсыңдар?» – деп амандасар еді. Жайдары отырыстың бір сәтінде: «Жігіттер, университетке барыңдаршы. Мәдениет орталығында студенттер кезек күтіп тұр екен. Тоңып қалмасыншы», – деді. Соңғы сөзді басшылық қалыптан тыс, әкелік мейіріммен елжірей айтып еді.
Күн қабағы қатулы, желтоқсан желі суық болатын. Мәдениет орталығына келген кездегі көрініс күні бүгінге дейін жадымызда. Орталық алдындағы алаң жастарға лық толыпты. Дауыс беру үшін ұзын-сонар кезек қалыптасыпты. Соған қарамастан жастар көңілді еді. Жарқын күлкі, жарасымды қалжың естіліп жатты. Кейіннен қаншама сайлау науқанына қатыстық. Дегенмен, сол күнгідей жастар белсенділігін көре алмадық. Себебі, біздің ертеңгі күнге, ел болашағына деген сенімімізге селкеу түсірмеген жанашыр жетекшіміз бар еді. Серік ағаның жылы жымиысы мен мейірбан үні, қамқор көңілі жолбасшымыз болатын.
Сол жолғы тәжірибеміз арқылы біз бейбітшіліктің бағасын білдік. Ұлт болып ұйысудың, ел болып бейбіт тірлік кешудің қадірін бағамдадық. Қасіретті қаңтар оқиғасында да бұл пікіріміз тереңдей түсті.
Бізден талапкер кезіміз қайта оралса таңдауымыз қандай болатыны бірнеше рет сұралды. Біз ойланбастан: «Түркістаным мен университетімді қайтадан таңдар едім», – деп жауап бердік. Жүрек сөзіміздің басты себебі – Серік Жайлауұлы басшы болған алтын дәуірде білім мен тәрбие алғанымыз еді. Бұл – біздің шәкірттік бақытымыз! Бұл – Серік Жайлауұлының ұстаздық бақыты!
Мырзахан БАЙБОЛОВ.
