«Әділет» партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының ақпараттық-насихат тобы Арыс қаласындағы жұмыс сапарында «Kazakh Real Stroy» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті.
Қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына күн сайын үлес қосып жүрген еңбек адамдарына партияның 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, ашық пікір алмасу өтті.
Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасындағы «Таза Қазақстан» бағытының негізгі ұстанымдары таныстырылды. Онда табиғатты қорғау мен экологиялық қауіпсіздік ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғаны айтылды. Осы мәселе жөнінде пікірін білдірген облыстық партия филиалының және өңірлік сайлауалды штабтың төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев тазалық мәселесі жалғыз коммуналдық қызметтің міндеті емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

«Таң атпай көшеге шығып, қаланың тазалығы үшін еңбек етіп жүрген жандар – қоғамның көрінбейтін қаһармандары. Таза қала кездейсоқ пайда болмайды, оның артында қаншама адамның маңдай тері, адал еңбегі, тәртібі мен жауапкершілігі бар. Табиғи ресурстарға жанашырлықпен қарау, айналаны таза ұстау, қоршаған ортаны аялау – жаңа Конституцияның тұғыры болып бекітілді. Біз «Таза Қазақстанды» сенбіліктермен ғана өлшемеуіміз керек. Ол – әр азаматтың өмірлік ұстанымы, мемлекеттің даму мәдениеті. Табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз, ал еңбек адамын құрметтеу – әділетті қоғамның басты өлшемі», – деді Нұрлан Толыбаев.
Еңбек адамдарының алдында сөз алған Құрылтай депутаттығына кандидат Дәурен Битемиров су мен ауа, жер бізге ата-бабадан аманат болып жеткен қазына екенін айтып, оны келер ұрпаққа таза күйінде табыстаудың маңызына тоқталды.

Осы жөнінде өз пікірін білдірген облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, «Әділет» партиясы экономика мен экологияны бір-бірімен үйлестіріп, заманауи технологиялар, қалдықтарды қайта өңдеу, ресурсты үнемдеу және экологиялық жауапкершілік арқылы Қазақстанның жаңа даму моделін ұсынып отырғанын жеткізді.
Партия өзінің сайлауалды бағдарламасында қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды кезең-кезеңімен азайтуға, қалдықтарды басқару жүйесін цифрландыруға, оларды сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттыруға, су мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, ауа сапасын бақылауды күшейтуге және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты бастамаларды ұсынады. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» идеясын қоғамдық қозғалыс деңгейіне көтеріп, табиғатқа жанашырлықты күнделікті өмірдің ажырамас қағидатына айналдыру көзделгені атап өтілді.
Пікір алмасу барысында еңбек ұжымы тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау инфрақұрылымын кеңейту, арнайы техникалар паркін жаңарту, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігін күшейту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қала аумақтарын көгалдандыру және тұрғындардың тазалық мәдениетін арттыру бағытында ұсыныстарын жеткізді. Штаб мүшелері көтерілген бастамалардың барлығы жүйеленіп, партияның алдағы жұмысы мен бағдарламалық міндеттерін іске асыру барысында ескерілетінін атап өтті.
Кездесу соңында «Қазақ Реал Строй» ЖШС-нің еңбек ұжымы қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және елдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларды қолдайтындарын білдіріп, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасына қолдау танытты.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров
